Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария «Озат аудан» атанды

Сырдария «Озат аудан» атанды

Аймақта егін жинау науқаны аяқталып, «Алтын күз» салтанатты іс-шарасы өткізілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ала жаздай еңбек еткен шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалап, дала еңбеккерлерін марапаттады. Салтанатты жиынға қала, аудан әкімдері, сала ардагерлері, еңбек озаттары, басқарма басшылары және шаруашылық өкілдері қатысты.

Сыр өңірі ауыл шаруашылығы саласында жыл сайын толағай табыстарға қол жеткізіліп келеді. Биылғы жылы өңірде 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде Сырдың ақ күріші 85,6 мың гектарды құрайды.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қол­даудың арқасында биылғы жылы диқан қауымына су қажетті деңгейде жет­кізілді. Шаруашылықтар егін жи­нау жұмыстарына қажетті ауыл шар­уа­­шылығы техникаларымен, жанар-­жағармаймен, минералды тың­айт­­қыштармен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ егін жинау науқанына жалпы 4400 ауыл шаруашылығы техникалары қатысқан. Жаңадан 250 техника агропаркке қосылып, 5%-ға жаңаланған.

– Сыр өңірінің диқандары күзге толағай табыспен жетті деп айтуға толық негіз бар. Облыс күрішшілері 500 мың тоннаға жуық өнімді қамбаға құйып, күріштің әр гектарынан 58 центнерден өнім алды. Бүгінгі күні күріштен басқа дәнді дақылдардан – 18,5 мың тонна, майлы дақылдар – 4,9 мың тонна, картоп, көкөніс, бақшадан – 352,7 мың тонна, мал азықтық дақылдары – 327 мың тонна өнім жиналды. Аймақта егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы да қатар дамып келеді. Есепті кезеңде мал басын былтырғы жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда МІҚ – 36,6%-ға, қой мен ешкі – 22,3%-ға, жылқы 0,1%-ға түйе – 4,3%-ға, құс – 7,7%-ға өскен.

Сонымен қатар аймақтың экспорт­тық әлеуетін арттыру және өткізу нарық­тарын кеңейту бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге облыстан 20 млн долларды құрайтын 36,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталды. Инвестжобалардың жол картасына сәйкес, аймақта алдағы жылдары 64 млрд теңгені құрайтын 34 жоба іске аспақ. Бүгінде 7 инвестициялық жоба өз нәтижесін беруде.

Президент тапсырмасы аясында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беретін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге бөлініп, 575 жобаны қаржыландыру жоспарлануда, – деді облыс басшысы.

Мерекелік іс-шара аясында облыс әкімі ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан үздіктерді ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен марапаттады. Сондай-ақ «Абзал және К» ТС, «Таң ЛТД» ЖШС, «Ақжар» ШҚ, «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен шаруа қожалықтарындағы озат еңбеккерлерге автокөліктер табысталды.

Салтанатты жиын барысында ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша Сырдария ауданы көш бастап, «Озат аудан» атанды. Марапат аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа табыс­талды. Биылғы жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласына 1,4 млрд теңге инвестиция тартылып, облыс көрсеткішіндегі үлесі 29,8 пайызды құрады.

Бұл күні Ибрагим Әбибуллаевқа «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» ресми берілді. Айта кету керек, ауданымыздың тумасы еңбек жолын механик қызметінен бастап, Жамбыл атындағы кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Сонымен бірге Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының әкімі, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы ретінде облыстың дамуына айрықша үлес қосты. Ибрагим Сражадинұлы Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының және Америка Құрама Штаттарының Аризона штаты, Туссон қаласының құрметті азаматы. Ол «Құрмет» орденімен және түрлі мерекелік медальдармен де марапатталған.

Салтанатты жиында «Ақжарма және К» фермерлік қожалығында механизатор болып еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Бисен Шайым Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Сәйкесінше «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс бригадирі Төлепберген Қалиев пен «Абзал және К» толық серіктестігінің сапа бөлімінің басшысы Несіпбала Сиқымова «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал облыс әкімінің Алғыс хаты «Сыр құсы» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Жасұлан Тұрлыбековке, «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күріш өсірушісі Ербол Серікбайұлына және «Жарбол» шаруа қожалығының комбайншысы Дүйсенбек Әбдібековке бұйырды.

Жыл қорытындысымен өңірдің агро­өнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге жеткен ауыл шаруашылығы саласының еңбек озаттары да марапат биігінен көрінді. Атап айтқанда, «Озат жоңышқа өсіруші» номинациясы бойынша Гайнулла Абдикадиров марапатталды. Ол «Шаған Жер» серіктестігінің жоңышқа өсірушісі. Еңбек майталманы 200 гектар жоңышқа дақылының әр гектарынан 100 центнерден жоңышқа шөбін дайындаған. «Озат агроном» номинациясы бойынша «Ақжарма және К» фермер қожалығының агрономы Ғалымжан Ізтілеуов марапатталды. Ол шаруашылық бойынша 2200 гектарға егілген дақылдан жоғары өнім жинауға қол жеткізген. Биыл «Озат бригадир» номинациясын да сырдариялықтар иеленді. Нақтырақ айтқанда, «Абай Дәулет» серіктестігінің бригадирі Рүстем Байниязов 120 гектардың әр гектарынан 75 центнерден өнім жинап, озат атанды. «Озат егін шаруашылығы» номинациясы бойынша жүлделі І орынмен «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі марапатталды. Дархан Ералиев басқаратын шаруашылық егілген 2520 гектар күріштен 21000 тоннадан астам өнім жинап, орта өнімі әр гектарынан 83,4 центнерді құраған.

Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар өндіріс озаттарына демеушілер тарапынан автокөліктер табысталды. «Абзал және К» толық серіктестігінің демеушілігімен өндіріс озаттары Серік Асқарбаев, Үсен Байымбетов, Талғат Жүнісов, Серік Башаров, Қайрат Найзатаевтар «Черри» жеңіл автокөлігін тізгіндеді. «Абай Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен Тимур Жомартұлы, Ерлан Айтмағанбетов, Ләззат Қордабаеваларға «Шевроле» көлігі берілді.

Іс-шара соңында адал еңбектің үлгісін көрсеткен диқан қауымына аймақ басшысы Сыр жұртшылығының атынан алғысын жеткізді. Өнер жұлдыздары ән мен жырдан шашу шашты.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
12 қазан 2024 ж. 126 0