Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Жазушылардың оғаш қылықтары

Жазушылардың оғаш қылықтары

Қиял – Құдайдың адамға берген үлкен нығметтердің бірі. Бүгінгі өркениетті әлемге қиялдың күшімен, соны іске асыруға деген ерік-жігер мен табандылықтың арқасында жеттік. Бірақ кенеттен пайда болған идеяны жүзеге асыру әркімнің қолынан келе бермейтіні бар. Солардың бірі – қаламгерлер. Жазушы десе сырт көзге компьютердің алдында саусақтары көз ілеспес жылдамдықпен пернетақтадан тоқтаусыз әріп теріп жатқан жанды не болмаса, қаламмен ақ парақты үздіксіз шимайлайтын адам елестейді. Тек бұл кинодағы ғана көрініс. Ал өмірде бәрі басқаша.

Кез келген адам қиялдай алады. Әнші болсын, малшы болсын ойында киноға, романға сұранып тұрған идеялар, дайын сюжеттер болуы мүмкін. Жаңа туындының сюжеті, идеясы, формасы дайын. Қандай кейіпкерлер боларын, немен басталып, қалай тынарын шештіңіз. Енді соны ақ параққа түсіру ғана қалды. Көкейіңізде барлығы сайрап тұрғанымен қалай жазарыңызды білмейсіз. Оқиға орнын сипаттау, кейіпкерлердің жан дүниесін сөзбен өрнектеп жеткізу, диалогтердің қисынын келтіру – қиынның қиыны. Жазғаныңыз көңіліңізден шықпай қайта-қайта өшірумен боласыз. Көп жағдайда ақ параққа сағаттап шұқшиып отырасыз. Ал жазуды бастаған күннің өзінде таңнан кешке дейін тапжылмай жазуға шыдам жетпейді. Енді не істеу керек? Шабытты күтеміз бе? Өкінішке орай, шабыт өткінші жаңбырдай. Әрдайым қасыңнан табыла бермейді. Ал жазушы шеберлікке жету үшін күн сайын жазуы қажет. Көптеген дарын иелері шабытын күтумен уақытын сарп еткен. «Идеяны жүзеге асыру үшін шабыттан гөрі кәсібилік маңызды» дейді мамандар. Шабыттың күші белгілі бір деңгейге дейін ғана алға сүйрейді. Одан соң бітті. Мұны былай түсіндіруге болады. Мысалы, кенеттен шабытыңыз қысып, арқаңыз ұстап, төбелескіңіз келді дейік. Өзіңізге сеніміңіз артқаны сонша мықты бокс­шымен арпалысып кеттіңіз. Ал мұнда шабыт көмектесе ала ма? Әрі кетсе төбелесуге деген құлшынысыңызды арттырады. Соққы алмасқан соң-ақ омақаса құлайсыз. Себебі сізде қажетті дағды жоқ. Жекпе-жек өнерін игеруге уақыт пен күшіңізді арнаған жоқсыз.

Ішімдік шабыт шақыра ма? Жоқ! Бұл да алдамшы сәт. Қажетті біліміңіз болмаса, не ішсеңіз де, шедевр жасай алмайсыз. Бәзбіреулер: «Мұқағали ішіп жүріп-ақ феномен болды!» деп өзеурейді. Бұл өте қате ұғым. Ақиық ақын берісі қазақ әдебиеті, әрісі әлемдік классикамен жасынан сусындап өскен адам. Мұнан бөлек, грамматикалық, стилистикалық сауаты өте жоғары болған. Поэзияның қыр-сырына жете қаныққан. Жазу өнеріне білек сыбана кіріскен қаламгер.

Кәсібилік пен шабыт ұштасқанда ғана шедевр дүниеге келеді. Елу қой сыятын қораға жүз қойды кіргізе алмайтыныңыз сияқты, кәсібилігіңіз төмен болса соған сай ғана шабыт келеді. Ал шабыт қоймасын кеңейту үшін еңбектену қажет.

Идеяларын қағазға түсіру үшін қаламгерлер әртүрлі тәсілдер қолданды. Оғаш қылықтарға да барды. Әркімнің өзінше әдісі болды. Мақсаттарына жету үшін түрлі жолдарды таңдады.

1.ЖАТЫП ЖАЗУ
Кейбір жазушылар төсекте жатып жазуды жөн көрді. Марк Твен, Вуди Аллен, Джордж Оруэлл, Эдит Уортондар үшін төсек пен шабыт егіз ұғымға айналды. Аталған қаламгерлер шалжиып жатқанда зейіндері ашылып, жұмысқа жақсы шоғырланатындарын байқаған. Туындыларының басым бөлігі төсекте жазылған.

2. ТҰРЫП ЖАЗУ
Бұл әдіс жазушылардың образына сай келмейтін тәрізді. Дегенмен, Эрнест Хемингуэй, Чарльз Диккенс, Вирджиния Вулф, Льюис Кэррол, Филип Рот секілді қаламгерлерге тікесінен тік тұрып, сағаттап жазу қолайларына жақты. Бойкүйездік пен жалқаулықтарын осылайша жеңді. Кейіннен ғалымдар бұл әдістің омырт­қаға пайдалы екенін дәлелдеді. Ал Жапонияда кеңсе қызметкерлеріне жұмыстан жалықса, жұмысын тұрып жалғастыруды ұсынады.

3. ТҮСТЕРГЕ БӨЛУ
Әйгілі «Үш ноян» кітабының авторы Александр Дюма жұмыс барысында түстерге ерекше мән берді. Шығармаларының жанрларын түстерге бөліп тастады. Бір уақытта бірнеше стильдегі шығарма жазуға төселген қаламгер ойы шатаспас үшін қызыл түспен мақалаларын белгілесе, көк түспен фантастикалық романдарын, сары түспен поэзиялық шығармаларын белгілеп, бытысып жататын жұмыс үстелін тәртіпке келтірді.

4. «ҚҰМ САҒАТ» ӘДІСІ
Бұл әдістің авторы – Дэн Браун. Жазушы үстелге әдейілеп құм сағат қоятын болған. Құм сусып біткенде орнынан атып тұрып, серпіліс жасап, жүз мәрте отырып-тұруды әдетке айналдырған. Бұл біріншіден денсаулыққа пайдалы әрі тән сергіту болса, екіншіден уақыт шегін анықтау арқылы өзін жазуға мәжбүрлеу. Сусыған құмға қарап: «уақыт зымырап өтіп барады, толғанша пәлен бет жазуым керек» деп қаламгер өзін қайрай түседі.

5. ДИАЛОГТАРДЫ САХНАЛАУ
Кино сценарист Аарон Соркин шығарма жазу барысында диалогтардың шынайылығын тексеру үшін әр кейіпкердің образына кіріп, дауыстап оқитын болған. Айнаның алдына барып, өз-өзімен сөйлеседі. Дауласады, жылы лебіз білдіреді, ұрсады, кешірім сұрайды. Шығармада қанша кейіпкер болса сонша образды бір өзі сомдайды. Бірде Аарон өкініштен өзегі өртенген кейіпкерін ойнап жатып, беріліп кеткені сонша, бетін айнаға ұрып, тұмсығын сындырып алады.
Жалпы «диалогті сахналау» кеңінен тараған әдістер­дің бірі. Сатирик жазушы Оспанхан Әубәкіров те осы әдісті қолданған. Жұбайының айтуынша, ағамыз түнде бөлмесін ішінен жауып алып, диалогтарды сахналап, өзі жазған әзіліне өзі риза болып, таң атқанша қарқылдап күліп шығады екен.

6. ЖАЛАҢАШ ЖАЗУ
Иә, тым ерсі естіледі. «Қай есерсоқ бүйтіп жүр?» десеңіз, бұл әйгілі – Виктор Гюго. Жұмыс кестесі тығыз болған сәтте жазушы үй қызметшісіне тысқа арналған барлық киімдерін тығып тастауды өтінген. Себебі, жазудан қажығанда сыртқа серуендеуге шығуды әдетке айналдырған ол өзін осылай шектеген. Құймақұлақ қызметшісі айтқанын екі етпей орындаған. Тіпті қыс кезінде іш киіммен ғана отырып жаураған Гюго қызметшісінен жаман жұтық қалың киім беруді өтінгенде, қызметшісі қалың көрпе ғана берген екен.

7. КОФЕГЕ ҚҰМАРЛЫҚ
Бұл әдіс те жұртшылыққа таныс, кеңінен таралған әдістердің бірі. Әдетте ақын-жазушылар, сценаристтер мен журналистердің кофеге құмар келетінін жақсы білеміз. Көпшілігі кофені ұйқы ашып, сергу үшін қолданса Оноре де Бальзактің шабытының қайнар көзі кофе болса керек. Ішкенде де жай ішпеген. «Салынып ішкен». Күніне 50 шыны аяқ кофе сімірген. Тіпті «Адам комедиясын» жазып бітіргенше мүлдем ұйықтамаған деседі. Бальзактан кейінгі кофеқұмар – Вольтер. Күніне 40 шыны аяқ кофе ішкен. Мұхтар Мағауинді де осы топқа жатқызуға болады. Жазушы 50 шыны аяқ кофе ішпесе де, жазу барысында сүт қатқан шайды көп тұтынады екен.

8. КОСТЮМНІҢ СИҚЫРЫ
Қоғам қайраткері, тілші-ғалым Нұртас Оңдасынов үйін жұмыс орнына сәтті айналдыра білді. Таңғы сегізде шайын ішіп алған соң, костюмін киіп, туфлиін жылтыратып майлап, бөлмесіне кіріп кетеді екен. Содан түскі асқа дейін сөздік жазады да ауқаттанып алған соң, жұбайымен екі сағат серуенге шығады. Сосын бөлмесіне қайта кіріп, кешке дейін отырады. Осындай тәртіппен үйде отыз жыл жұмыс істеген екен.
Түрік жазушысы Орхан Памук те костюмге ерекше мән береді. Таңертең үйден костюм киіп шығып, жарты сағат серуендеп үйіне қайта оралып, жұбайымен ресми түрде амандасып, бөлмесіне кіріп, жазуға отырады екен.

Фото:massaget

05 қазан 2024 ж. 48 0