Қиялды дамытуға арналған бес жаттығу
Итальяндық жазушы және балалар ертегілерінің авторы Джанни Родари «Қиял грамматикасы» кітабында әңгіме ойлап табудың жолын жазады. Ол қиял әлемін құрудың бірнеше тәсілдерін ұсынды. Жазушының сөзінше, оның шығармалары көбінесе бір сөзден басталады. Ойына алғаш келген сөзді таңдап, ассоциативті қатарды дамыта бастайды. Мысалы: мысық – қоржын – бума – отын – шөп – шегіртке – әнші т.б. Сөздермен осылай ойнай отырып, оларды автоматты түрде аудара бастайды. Яғни, астарлы мағына немесе өзара байланыс іздеп, шығарманың атауын айшықтайтын сөз тіркестерін құрады.
Екінші жаттығу
Егер сіздің міндетіңіз тек оқиғаны ойлап табу ғана емес, сонымен қатар ойдан шығарылған, шындыққа жанаспайтын кейіпкерлер, атаулар, әлемдер, қалалар болса осы әдіс көмектеседі. Сөздер жинағын алып, сәйкес емес префикстерді қосыңыз. Мысалы: экс-жылқы, мини түйе, өрмекші адам, тұяқты қыз және т.б.
Үшінші жаттығу
Сценарий құрылымын жасауға көмектесетін тағы бір кең таралған әдіс – жаңалықтарды үйлестіру. Әлеуметтік желілерді ақтарып, әлемде және елде болып жатқан жаңалықтарды шолып шығыңыз. Өзіңізді алаңдатқан, ұнаған хабарлардың бәрін қағазға түртіңіз. Сол жаңалықтардың негізінде оқиға жасауға тырысыңыз. Мәселен, түрлі жаңалықтардың басын қосып, бір оқиғаны түзіп шығыңыз. Мүлде басқаша мәнге ие болған мәтін ойды жинақтауға ықпал етеді.
Төртінші жаттығу
Енді шамалы ғылымға бет бұрайық. Психологтар ғалымдарға арнап, «ергежейлі адамдар» әдісін ойлап тапты. Егер сізге әрекеттің орнын немесе қандайда бір механизмнің түрін егжей-тегжейлі сипаттау керек болса, осы әдісті қолданып көріңіз. Ергежейлі адамдарды елестетіңіз. Оқиға орны, кейіпкерлер де кіп-кішкентай. Сіз бәрін жұмыс үстелінде отырып бақылай аласыз. Осы арқылы қиялдағы сахнаны бүге-шүгесіне дейін көресіз. Не жетіспейтінін бірден байқайсыз. Осы көрініс үшін қандай локация, қандай детальдар, бұйымдар керек екенін есептейсіз. Өнертапқыштар мұны жиі қолданады. Бұл оларға жасалуы тиіс механизмді түсінуге көмектеседі. Мысалы, сәулетшілер салынуы керек ғимараттың алдымен макетін жасап алатыны сияқты. Әйгілі өнертапқыш Никола Тесла да бұл техниканы кеңінен пайдаланған. Ол болашақ өнертабысының құрылымын ұсақ-түйегіне дейін елестетіп, экспериментті қиялында жасап отырған. Сол арқылы уақыт үнемдеген.
Бесінші жаттығу
Армандарыңызды ұмытпаңыз. Өйткені ол шабыттың қайнар көзі. Биікке жетелеуші, еліктіруші фактор. Қай елде тұруды армандайсыз? Қандай көлік мінгіңіз келеді? Күн сайын жаттығу жасаңыз, ең қызықты дүниелерді жазыңыз. Сонда барлығын сценарийде қолдануға болады.
Фото:massaget