Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшпенділер ойынында Қазақстан құрамасы жеңімпаз

Көшпенділер ойынында Қазақстан құрамасы жеңімпаз

«Көшпенділер олимпиадасы» деген атауы бар Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кеше өз мәресіне жетті. Ұлттық ойынды насихаттауды мақсат еткен жарыста спортшылар спорттың 21 түрінен бақ сынады.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарының жабылу салтанаты Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің ұйым­дас­тыруы­мен «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде өтті. Қыркүйек айының 8-і күні бастау алған спорт сайысына 89 елден келген 2500-ге жуық спортшы атсалысты. Алғаш рет Қырғызстанда өткен дәстүрлі ұлттық ойындар сайысы биыл Астана қаласында жалау көтерді. Бұл – әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдерінің басын қосқан көшпенділер дәстүрі мен спортының ұлық мейрамы.

Жалпы есеп бойынша нәтиже көңіл қуантады. Себебі Қазақстан 43 алтын, 32 күміс және 37 қола медальмен көш бастады. Одан кейінгі орындарды 19 алтын медальмен Қырғызстан, 12 алтын еншілеген Ресей, 11 алтынды қоржынға салған Өзбекстан жалғастырады. Ал «Үздік бестікті» Түркия мемлекеті қоры­тындылайды. Келесі көшпенділер ойындары Қырғызстан елінде өтетіні белгілі болды.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарысы. Сайыс­тар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына не­гіз­­делген. Көшпенділер олимпиадасы атан­ған ойындар адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этно­мәдени қозғалысты дамытуға бағыт­тал­ған. Бір ерекшелігі – жыл өткен са­йын аталған көшпенділер ойындарының ауқымы кеңіп, Еуразия кеңістігі ғана емес, басқа да көптеген елдерді қамтып отыр. Дүниежүзілік ойындарды өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді.

Көшпенділер ойыны – ұлттық спорт түрлерін жандандыруға бағытталған әлем­дегі ең ірі жарыс. Дәстүрлі ойынның кезекті жарысы біздің елімізде өткізілуінің өзі үлкен мәртебе. Жалпы айтқанда, бұл ойындардың күз айына жоспарлануы бе­кер­ден-бекер емес. Оның да өзіндік мәні мен мағынасы бар. Жазғы жайлаудан қысқы қонысқа көшудің аяқталуын білдіретін мереке осы қыркүйек айына сәйкеседі. Ертеректе көшпенділердің қыс­тауға көшуі дүбірлі додаға, салт-дәстүр мен ойындарға ұласатын болған. Осындай үлкен мәнді үстеген көшпенділер ойынының әрбір деталі ұлттық нақышты айшықтайды. Мысалы, тоғыз­құмалақ ойын­дарының тоғызыншы айдың 9-ы күні, сағат 09:09-да басталуы да тегіннен-тегін емес.

«Қазанат» орталық ипподромында өткізілген көкпар турнирі – көш­пен­ділер­дің соңғы ойыны болды. Іле-шала спорт­шылардың қатысуымен ресми жа­былу салтанаты өтті. Үлкен мерекеге негізделген дүбірлі дода эстраданың жарық жұлдыздарының концертімен жалғасты.

Айта кетейік, спортшылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату, құс салу, ат үстіндегі сайыстардан бақ сынады. Дүбірлі додаға аудан спортшылары, арнайы ұйымдастырылған көрмеге белгілі кәсіпкерлер мен қолөнершілеріміз қатысып, өз туындыларын әлем елдерінен келген қонақтарға ұсынғанын да мақ­танышпен айтып өту орынды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Арман МУХАТОВ
14 қыркүйек 2024 ж. 247 0