Жаңа жолдаудың жауапкершілігі
Мемлекеттің даму саясаты халықтың мұң-мұқтажын шешумен ұштасып, әсіресе қаржы саясатын дұрыс құрумен маңызды екенін тағы да айқындады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасының өсімін қамтамасыз ететін бірқатар бағыттарға кеңінен тоқталды.
Ең алдымен көпшілік күткен маңызды құжатта Мемлекет басшысының салық саясатын тұрақтандыру мәселесіне арнайы тоқталып, елдегі қаржы-кредит мәселесін басым бағыт ретінде талдады. Алдағы уақытта банк туралы заң қабылдап, осыдан 30 жыл бұрын қабылданған заңды өзгертуге уақыттың келгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз деді. Президент атап өткендей, жеке инвестициялар тарту арқылы елімізде іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналғанын айта кетті. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Ел Президенті тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже беретінін тілге тиек етті.
– Президент атап өткендей салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтуға, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан Жолдауда тапсырылғандай салық саласын тезірек электронды форматқа көшіруді қолдаймын. Сондай-ақ салық мөлшерлемесін де қайта қарау, тағы басқа көптеген мәселелер келер жылы қабылданатын жаңа Салық кодексінде көрініс табады деген сенімдеміз.
Биылғы жылы Жолдау шын мәнінде Жаңа Қазақстанның айшықты бағдарын айқындап берді. Жаңа бастамалардың мәселен, Ұлттық қорға қатысты мәселелер, оның рөліне жеке тоқталуы елдегі қаржы саясатын тиімді пайдалану қажеттігін қамтамасыз етеді. Мәселен Президент «Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек», деп бюджет қаражатын оңды-солды шашпай, тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет екенін атап өтті, – дейді облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов өз пікірінде.
Мемлекет басшысы Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталып, қордың қаражатын мемлекет мүддесі үшін, еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет екенін тілге тиек етті.
«Енді Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында келер жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы біз секілді қара жұмыста ысылған, өмірі мен қызметі ауыл шаруашылығын дамытуға арнаған азаматтарға серпін берді. Әрине елдің дамуы оның экономикасына байланысты. Ал сол экономиканы алға сүйрейтін – қарапайым жұмысшының адал еңбегі. Алдағы жылы жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихатталатын болады. Ауылға шын мәнінде мықты инженер, агроном, техника тілін мықты меңгерген маман қажет. Соңғы технологиямен жабдықталған ауыл шаруашылығын дамыту білімді де, білікті маманның қолында. Сондықтан жас мамандарды ауылға тарту арқылы жұмысшы мамандарды дәріптейтін боламыз. Біздің елде қай уақытта да адал, табанды еңбек еткен адам табысқа жетеді. Бұл бұлжымас қағида. Сондықтан қарапайым жұмысшы қашанда құрметті болуы тиіс. Мемлекет басшысы: «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. «Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», деп, мерей-мәртебемізді асырды, – дейді облыстық мәслихат депутаты Қайрат Нұрсейітов.
Иә, әлемде қанша мамандық болса оның арасында жаман жұмыс жоқ. Яғни кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда айтылатын «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз – кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады деген мағынаны береді. Осыған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне берілген атақтың аясы кеңейетіні, жұмысшы мамандық иесіне де құрмет көрсетіліп, жоғарғы наградаға ұсынылатыны өте құптарлық жағдай.
Мемлекет басшысы Жолдауда мұқтаж адамдарды қолдау, елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жобасы, медицина саласындағы олқылықтар, аудан әкімдерін сайлау, мұғалімдердің мәртебесін көтеру, тағы да басқа көптеген мәселелер төңірегінде ұтымды ой айтты.
Ел Президентінің биылғы Жолдауы әрбір қазақстандыққа үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі Президент атап өткендей, елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ал реформалардың дұрыс іске асуы – әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістерге әкеледі.
Мемлекеттің алдындағы негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан осы бағыттағы маңызды реформалар жалғасып, жүйелі жұмыс тоқтамайтын болады. Ел Президенті көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келетінін айтты. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайтынын тілге тиек етті.
«Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді». Бұл – Мемлекет басшысының сөзі.
Шын мәнінде әрбір қазақстандық үшін ел тыныштығы аса қажет.
Бибісара ЖАНӘЛІ