Жарық бағасында өзгеріс бар
Еліміздің барлық өңірінде жарық бағасы өсіп, тариф қымбаттаған болатын. Электр энергиясының қымбаттауына себеп болған фактордың бірі – басқа энергия таратушыларының санын азайту мәселесі болып тұр. Яғни жеке компаниялардың лицензиялары сотсыз қайтарып алынғандықтан бизнестегі электр энергиясының бағасы кейбір өңірлерде екі есеге өсті. Ал бұл көптеген тауар бағасының өсуіне де әсер етеді.
Жарыққа байланысты Энергетика министрлігі бұйрық жобасын әзірледі. Жоба бойынша жарықпен қамтушы ұйымдар бағаны 8-ден 8,27 теңгеге дейін көтереді. Ал кейіннен кВ/сағ 9,27 теңге болатыны туралы айтылды.
Сарапшылардың мәліметінше, маусым айының соңында электр энергиясының бағасы бір ай ішінде 0,2%-ға көтерілді. Бұл тұрғыда әсіресе Батыс Қазақстан облысы алдыңғы қатарда тұр. Мұнда тариф бірден 7,9%-ға өскен. Қалған өңірлерде маусым айында баға өзгеріссіз қалған. Жалпы алғанда, жыл бойы Қазақстан бойынша электр энергиясының бағасы қымбаттады. Тек Ұлытау облысында баға бұрынғы қалпында қалды. Негізінде елімізде электр энергиясының бағасы жылына 31,7%-ға өседі.
Қазақстан бойынша орташа есеппен, тұрғындарға арналған электр энергиясының бағасы сағатына 100 киловатт үшін бірінші деңгейде 2,1 мың теңге, екінші деңгейде 2,8 мың теңге, үшінші деңгейде 3,5 мың теңге болды. Елімізде жалпы электр энергиясын өндіру көлемі 3,9%-ға өсті.
Көпшілік арасында «АЭС салынса, жарық бағасы қанша уақыттан кейін арзандайды?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Осыған байланысты энергетиктер АЭС бой көтере сала, электр энергиясының құны біртіндеп арзандайды дейді. Тек тарифтің төмендеуін жұрт нысан толыққанды жұмыс істеген күннен бастап он жылдан кейін ғана көреді екен. Станция салуға кеткен миллиардтар да сол кезде өтелетін көрінеді.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото:atr.kz