Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлік-логистика: саланың әлеуеті қалай артуда

Көлік-логистика: саланың әлеуеті қалай артуда

Дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына мемлекеттің даму бағытын айқындайтын кезекті Жолдауын жария етеді. Осы арқылы алдағы жылға жоспарлар құрылып, іске асырудың құқықтық тетіктері бекітілмек. Бұл тұста өткен Жолдауды естен шығармаған абзал, әсіресе «жүктелген тапсырмалар орындалды ма?» деген сауал туындайды. Былтыр Президент жалпы көлік-логистика саласына, елдің транзиттік әлеуетіне басымдық бергені есте. Расымен де Қазақстан географиялық ерекшелігін пайдаланып, кәрі құрлық пен Қытайға, көрші елдер нарығына көпір болып отыр. Осыған қатысты Kazinform тілшісінің талдауын ұсынамыз.

Орта дәліз басымдық алды
Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстан жол жұмыстары бойынша ауқымды істер атқарылып жатқаны байқалады. Жол-құрылыс жұмыстарының рекордтық көлемі, авиациядағы жолаушылар ағынының айтарлықтай өсуі, теміржол көлігінің жақсаруы мен теңіз инфрақұрылымының дамуы осы қатарда. Енді бұл тақырыпты жекелей саралап көрсек.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауда транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқаратынын айтты. Кейінгі 1-2 жылдықтың көлемінде Қазақстанның халықаралық саясаттағы келісімдері, басымдықтарының бәрі дәл осы транзитке құрылып жатқанын аңғару қиын емес. Елімізде теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл құжат Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құруды көздейді. Сондай-ақ Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмысы қолға алынбақ. Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрған шақта оңтайлы балама жолға айналып, экспорт мәселесінде маңызға ие болғаны рас. Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі жыл сайын қарқынды өсуде. Мәселен, 2022 жылы 1,7 млн тонна жүк жөнелтілсе, 2023 жылы 2,76 млн тоннаға жетті. Ал биыл алғашқы 7 айдың өзінде былтырғы 12 айдағы көрсеткішке жетуге шақ қалдық – 2,56 млн тонна. Бұл қарқынмен 2024 жылдың көрсеткіші 5 млн тоннаға жетуге тиіс.
Жақында Құрық порты акваториясының түбін тереңдету жұмыстары басталғаны мәлім болды. Мамандар порт түбін 1,5-2 метрге тереңдетпек. Бұл жұмыстар терминалдың өткізу қабілетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Негізі Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тоннаны құрайды. Сондай-ақ, портта 250 жүк көлігін сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Дәл осындай жұмыстар Ақтау портында да жүргізіледі. Порт түбін тереңдету Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту аясында қабылданған кешенді шараның бірі.

Жалпы, қазір сарапшылар Транскаспий халықаралық көлік жолы әлеуетін 2030 жылға дейін жылына 10 миллион тонна жүк және 300 мың контейнер деңгейінде бағалауда. Болжамнан асырып жүк жөнелтуге болатынын белсенді өсім айшықтап беріп тұр. Көбі бұл бағыт негізінен аймақтық дәліз болып қала беретінін болжап отыр. Әйтсе де көлем өсе берген сайын бағыттың маңызы да арта берерін ескерген жөн.

Алыс-беріс көлемі жолдарға байланысты
Экспорт пен импорт жайы сөз болғанда көбіне елеусіз көрінетін автомобиль жолдары мен темір жолдың маңызы орасан. Әрине, бұдан билік хабарсыз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізуді тапсырған. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуға мүдделі.

Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен жүктерді экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 3,8 млн тоннаны құрады. Қытаймен келісім ратификацияланды, қазақстандық тасымалдаушылар үшін жаңа бағыттар ашылуда. Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға жүктер тестілеу режимінде автокөлікпен транзиттік тасымалдаулар ұйымдастырылды. Сондай-ақ халықаралық қатынаста автомобиль тасымалы саласындағы рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Яғни, жүйе адами фактордан толық арылып, автоматтандырылды.

2024 жылдың алғашқы 6 айында Қазақстан жол құрылысында рекорд орнатты. Жол-құрылыс жұмыстары 12 мың шақырым қамтыған екен. Оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желілік жолдар. Еліміздегі жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық жолдардың еншісінде. Еліміз қажет болғанда бір жылдың ішінде кемі 20 мың шақырым жолды жөндеуден өткізе алатынына дәйек бар.

Келесі тақырып – темір жол. Мемлекет басшысы бұған дейін ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажеттілігі барын ескерткен. «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырды.

Былтыр темір жол арқылы көрші елдерге жөнелткен Қазақстанның экспорты 50 млн тоннаға жуық болыпты. Соның ішінде, Қытайға – 12,7 млн тонна (35 пайыз өсім), Өзбекстанға – 10 млн тонна (29 пайыз өсім), Ресейге 34,6 млн тонна (3,3 пайыз өсім) жүк тасымалдаған.

Биыл да темір жол арқылы тасымалданатын экспорттық шикізат жүктерінің көлемі 7%-ға артып, шамамен 10 млн тоннаға жеткен. Көлік министрлігі кезең-кезеңімен 140 жаңа жолаушылар вагонын жеткізбек және «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал» сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырмақ. Жалпы, теміржол желісіндегі ауқымды жөндеу жұмыстары 1,4 мың шақырымды қамтиды.

Кей мәселелерді инвесторлар арқылы шешуге болады
Қазір Қазақстан үшін көлік-логистика саласын қарқынды дамыту стратегиялық міндетке айналып отыр. Жүктелген тапсырма бойынша алдағы үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс.

Тақырыпты талқылау кезінде мәселелердің барын жоққа шығармағанымыз абзал. Орталық Азияда логистикалық сала қарқынды дамып жатқандай әсер қалдырғанымен, проблемалар жетерлік. Көптеген жоба ондаған жылдар бұрын қосымша маршрут құру мақсатымен жасалған. Мысалы, көпке дейін Қазақстан Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдаудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылған жоқ. Жағдай өзгеріп, алпауыт елдердің саяси қарым-қатынасы құбылған тұста барып бізге мүмкіндік туды.

Біріншіден, Қытай АҚШ-пен қарым-қатынасы біртіндеп нашарлап, экспорт-импорт бағыттарын әртараптандыруға шешім қабылдады. Оның жүк айналымының едәуір бөлігі теңіз үлесіне тиеді. Бәсекелестерінің теңіз блокадасы қаупінің артуы Бейжіңде алаңдаушылық туғызуда. Қалыптасқан жағдай балама жолдарды құрлықтан іздеуге мәжбүр етті.

Екіншіден, Батыс елдерімен саудаға тосқауыл қойылғандықтан, Ресей шығыс бағыттарды қарастыруда. Мұндай нарықтарға Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Үндістан елдері жатады. Бұл процесс әсіресе 2022 жылдан кейін байқала бастады. Осылайша, Қытай мен Ресейдің көліктік-логистикалық екпіндегі ауысуы еліміздегі үрдістермен сәтті сәйкес келді. Енді бұл факторларды пайдаға жаратудан басқа жол жоқ. Мәселелер көп дегенімізбен, Қазақстан көлік-логистикалық жобаларға шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік алып отыр. Инфрақұрылымдарды инвесторлар есебінен жетілдіріп алуға сәт келді.

31 тамыз 2024 ж. 342 0