Зейнет демалысына шығарып салды
Аудандық газет редакциясының ұжымы мекеменің қызметкері Орынкүл Жұманазарованы құрметті зейнет демалысына шығарып салды. Арнайы жиын ұйымдастырылып, отыз жылдан астам уақыт ұжымның ортақ абыройы жолында еселі еңбек еткен білікті маманға лайықты құрмет көрсетілді.
Жиналыста аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы мекемеде ұзақ жыл еңбек еткен Орынкүл Бердіқожақызының адамгершілік қасиетін, жауапкершілігін және әр тапсырманы тиянақты орындайтын тинақтылығын жоғары бағалады.
– Орынкүл Бердіқожақызы аудандық газет редакциясында 1993 жылдан бастап еңбек етіп келді. Кез келген істің көзін білетін, қай жұмысты қолға алса да ұтымды, дұрыс болатынын әріден болжап, бағамдап тұратын білікті маманның еңбегін жоғары бағалаймыз. «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры Марат Жайылханұлының және ұжымның атынан құттықтап, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен Орынкүл Бердіқожақызына зор денсаулық тілеймін. Жұмыста жауапты маман, отбасында асыл жар, аяулы ана, ардақты әже атанған жан ұл-қыздарының қызығын көріп, немерелерінің қуанышына тоймай жүре берсін, – деген бас редактор қамзол мен ақ орамал жауып, ұжымның сый-сыяпатын табыстады.
Басқосуда Аружан Мұханбетқали, Бибісара Жанәлі, Нұргүл Сарқыншақова, Әйкерім Сәрсенова ізгі тілегін айтып, тілектестігін білдірді. Сондай-ақ зейнет демалысына шығып жатқан О.Жұманазарова әріптестеріне шынайы ризашылығын білдірді.
«Тт» ақпарат