Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орталық Азияға қатысты орнықты ой

Орталық Азияға қатысты орнықты ой

Жұмыс күніміз ел газеті «Егеменді» оқудан, ел жаңа­лық­тарымен танысудан басталады. Өзіндік оқырманы қалыптасқан беделді басылымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» тақырыбындағы кең көлемді мақаласы жарияланыпты. Мақаланы толық оқып, табиғи ресурсы мен адам капиталы мол, мәдени-тарихи мұрасы бай Орталық Азия аймағындағы елдердің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуын ілгерілету жөніндегі Президент бастамаларымен және ұсыныстарымен тереңірек танысып шықтық.

Президентіміз Орталық Азия кеңістігі сан алуан империяның құрылғанына, ыдырағанына, саяси және экономикалық модельдердің табиғи жолмен дамығанына куә болып, өзіне тән бірегейлігін сақтап қалғанына ерекше тоқталған. Бұл аймақты мекендеген халықтардың ежелден түрлі өркениетпен тіл табысып, қарым-қатынас орната білгеніне назар аударып, соның арқасында Ұлы Жібек жолының және тұтастай алғанда үлкен Еуразияның тарихында шешуші рөл атқарғанын атап өткен. Расында да көптеген сынақ пен қиындықты бастан өткерген Орталық Азия республикаларына қатысты «қалыптаспаған мемлекеттердің» қатарына немесе failed states деп аталатын топқа қосылады деген пессимистік болжам расталмағанын біз тарихтан білеміз. Оның үстіне аймақтағы елдер өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеп, халықаралық қауымдастықтағы лайықты орнын алды. Сәйкесінше Қазақстан да бірлік пен ынтымақтың, өзара саяси диалогтардың нәтижесінде аумақтық тұтастығын, еркіндігі мен егемендігін нығайтты. Мұның бәрі Президент мақаласының «I. Даму мақсаттарының ортақтығы» тақырыбында жазылған орнықты ойларында кеңінен жа­зылған. Ал «II. Дамудың жаңа кезеңіндегі аймақтың рөлі» мен «III. Өзара ықпалдастықтың жаңа форматы» тақырыбында жазылған пайымды пікірлерде Орталық Азия мемлекеттері мен халықтарының өркениетаралық диалог орнату, бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау ісін табысты жалғастырып келе жатқаны айтылған.
Мұнан бөлек Мемлекет басшысы «Орталық Азияны Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде ғана емес, халықаралық қатынастар саласында жаһандық деңгейдегі жаңа орталыққа айналуға қабілетті жеке ойыншы ретінде танытатын уақыт келгеніне сенімдімін» деп атап өткен. Осы ретте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-Атада, Душанбеде бес консультативтік кездесуі болғанын айтпай өту мүмкін емес. Бұл кездесулердің нәтижесінде өңірлік ықпалдастық барынша тереңдеп, кеңейе түсті. Тіпті бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, интеграциялық үдерістер дәйекті, жүйелі және ең бастысы, үздіксіз сипатқа ие болды.

Мақаланың «IV. Өңірлік ықпалдастықтың келешегі туралы жалпы пайым» атты бөлімін шағын ғылыми еңбек деп бағамдауға болады. Себебі, Президент Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық әлеуетін жан-жақты зерделей келе, ұзақ мерзімге арналған өркендеу мен дамудың маңызды алғышарттарын кеңінен талдаған. Әрине, Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі – тепе-теңдікті сақтауға ұмтылу екені белгілі. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан әлем қоғамдастығының жауапты мүшесі ретінде халықаралық құқық қағидаттарын қатаң сақтау, егемендікті құрметтеу және шекараның тұтастығына қол сұқпау қажет деп санайды» деп нақты айтып өткен. Келесі мәселе экономикалық әлеуетін одан әрі арттыру, ықпалдастықты тереңдету болып табылады. Сондықтан «Елдеріміздің жалпы аумағы – 3 882 000 шаршы шақырым, халқының саны 80 миллионнан асады, ал ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жуықтайды. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнайдың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – біздің аймақтың еншісінде. Орталық Азия көмір өндіру­ден әлем­де 10-шы, электр энергиясын өн­­діруден 19-орында тұр. Біз­дің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл жағдай елдеріміздің сыртқы факторларға лайықты төтеп беруін қамтамасыз етіп, сауда-өндіріс саласындағы циклдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бірлескен экономикалық жобаларды тиімді іске асыру осы үдеріске оң ықпал ете алады» деген Президентіміздің сөзінің жаны бар.


Мақалада Орталық Азияның жер жүзіндегі ең маңызды көлік-логистика және транзит хабтардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар екені, су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ортақ ұстанымдарды әзірлеу қажеттігі, жоғары білім берудің жаңа заманғы моделін қалыптастырудың маңызы туралы да жазылған. Ең маңыздысы, бауыр­лас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын үйлестіру негізінде Орта Азия халықтарына тән өркениеттік бірегейлікті қалыптастыру ісін маңызды миссияға айналдыру жөнінде байырқалы бастама көтеріліп, ұтымды ұсыныс айтылған. Түптеп келгенде, өңірлік ынтымақтастық шынайы ахуал үшін ғана емес, өмірлік қажеттілік үшін қажет екенін ескеруіміз керек. Сонда ғана Мемлекет басшысы айтып өткен «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» қағидаты сапалы әрі уақытылы жүзеге асып, интеграциялық үдерістер өз нәтижесін береді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
Фото: egemen.kz
17 тамыз 2024 ж. 149 0