Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс сапасы басты назарда

Құрылыс сапасы басты назарда

«АМАNAT» партиясының аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері кент орталығындағы құрылыс жұмыстарына партиялық бақылау жүргізді. Бақылау жұмысына аудандық мәслихат депутаты Е.Жақып, кент әкімі Е.Бахтияров және Тереңөзек кенті қауымдастық жиынының төрағасы Б.Жақсылықұлы бастаған қоғамдастық жиынының мүшелері қатысты.


Комиссия мүшелері алдымен Қ.Бөдеев көшесіне салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысымен таныс­ты. Құрылыс жұмыстарын «Ақтоған» ЖШС жүр­гізуде. Жоспарға сәйкес мерзімді жұмыстар қараша айында аяқталуы тиіс. Бақылау барысында комиссия мүшелері мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізу қажеттігін, бұл кенттің келешегі мен тұрғындар үшін маңызды екенін айтып өтті.

Одан кейін комиссия мүшелері кентке кіреберістен салынып жатқан «Жастар» аллеясының құрылысымен танысты. Құрылысы жүргізіліп жатқан «Руханият» орталығына қарама-қарсы аймақ алдағы уақытта жастардың демалыс орнына айналмақ. Бүгінде жоспарлы жұмыстар ойдағыдай атқарылып жатқан алаң құрылысын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС жүргізуде. Бұл құрылыс жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Аталған алаң жұмысымен толықтай танысқан комиссия мүшелері бірқатар ұсыныстарын айтып, жұмысты сапалы және уақытылы аяқтау қажеттігін ескертті.


Мұнан соң бақылау комис­сиясының мүшелері «Тағзым» алаңы­на жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын аралады. Айта кетейік, тұрғындар игілігі үшін және ардагерлерге құрметтің үлгісіндей болған «Тағзым» алаңын абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған дейін орталық алаңмен жалғаса орналасқан алаң ішінара жөнделіп, демеушілердің есебінен балалар ойын алаңы салынған болатын. Енді бұл алаң толықтай жөнделуде. Абаттандыру жұмыстарын мердігер мекеме «Пульс» ЖШС атқаруда. Бұл жұмыстарға аудандық бюджеттен 115 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда арнайы тас төсеніштер толық төселген. Ендігі кезекте жа­рық­тандыру және орындықтар қою жұмыстары жүргізіледі.

Партиялық бақылау комис­сия­сы мен Тереңөзек кенті қауымдастық жиынының мүшелері бір­лескен бақылау жұмыстары оңалту бөлімшесі ғимаратында жалғасты. Аталған жұмысқа аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып, Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бақтияров және аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Жұмабаева қатысты. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Пульс» ЖШС жүргізуде. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда ғимараттың сыртына арнайы панель жабыстырылуда.

Партиялық бақылау комис­сиясының мүшелері кентте жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалап, мердігер мекеме өкілдеріне құры­лысты уақытылы және сапалы жүргізу қажеттігін айтты.

«Тт» ақпарат
03 тамыз 2024 ж. 197 0