Бесарық ауылының даму барысымен танысты
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовпен бірге ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, Бесарық ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аймақ басшысы бастаған топты күтіп алып, ауданның және ауылдық округтің тыныс-тіршілігі мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Еске салсақ, өткен жылдың қорытындысымен Бесарық ауылы «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы атанған еді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталып, жеңімпаз 12 елді мекенге күнделікті тұрмысқа ең қажетті деген заманауи үлгідегі арнайы техникалар берілді. Соған сәйкес ауылда абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде. Елді мекендегі игі іске «Абай-Дәулет» серіктестігі де атсалысып, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосуда.
Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Машбекұлы алдымен ауылдағы мәдениет үйінің құрылысын көрді.
– Бұрынғы ғимарат 1979 жылы салынған. Қайта жаңғыртуға аудандық бюджеттен 25 млн. теңге қаражат қаралды. Көрермендер залының төбесі, сахналық төсеніші, пердесі, орындығы жаңартылып, музыкалық аппаратура, ЛЭД экран алынады. Жаңа үлгідегі жарық шамдар орнатылып, көрермендер залы толық жөндеуден өтеді. Сонымен қатар мәдениет үйінде орналасқан кітапхана қайта жабдықталады. Жөндеу жұмыстары «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен жүргізілуде. Қазір мекемеде 6 үйірме, 1 шығармашылық ұжым жұмыс істейді, оған 114 мүше тартылған, – деп есеп берді аудан басшысы.
Облыс әкімі ауылдағы басқа да құрылыстармен танысты. Осы ретте ауылдағы №147 орта мектептің 2020 жылы күрделі жөндеуден өткізілгенін айта кетейік. Білім ордасында былтырғы оқу жылында 23 оқушы бітіріп, 3-еуі «Алтын белгі» алса, 1 оқушы ҰБТ-дан 112 балл жинаған. Ал «Бөбек» балабақшасы 2007 жылы ашылған. Мұндағы 5 топта 120 бала тәрбиеленуде. «Бесарық» ЖШС демеушілігімен ғимарат сыртына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Облыс әкіміне сондай-ақ ауылдық емхананың жай-күйі таныстырылды. Дәрігерлік амбулатория 1570 тұрғынға амбулаториялық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетеді. Онда ем-шара, химизатор, егу және дәрігерлер бөлмелері бар. Жедел жәрдем автокөлігімен қамтылған. Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы ауылдың орталық алаңына барды. Демалыс аймағына «Абай Дәулет» ЖШС 65 млн теңге қаражат бөлген. Алаң ортасына субұрқақ, «Ана бақыты» мүсіні орнатылған. Алдағы уақытта мұндағы орталық көшелер жаңартылып, жол салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ ауылдағы мекеме ұжымдары мен ерікті жастар елді мекен тазалығын қалыптастыруға белсене атсалысуда.
Аймақ басшысы серіктестіктің күріш алқабына барып, дақылды баптаған еңбеккерлердің жұмыс барысын көрді. Еске салсақ, биыл облыста негізгі дақыл күріш 83,1 мың гектарға егіліп, суға бас_тырылды.
Қазір ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері егістікті күтіп-баптауда. Егінжай ерлерімен пікірлескен облыс әкімі дала диқандарының жұмысына сәттілік тілеп, ауыл шаруашылығы саласын қолдау мен кәсіпкерлікті әртараптандыру басым бағыт екенін айтты.
Жұмыс сапары қорытындысында аймақ басшысы аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, ауылда салынатын әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасын мұқият қадағалауды және тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын күнделікті бақылауды міндеттеді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ