Бесарық – «Үлгілі елді мекен»

Марапаттау іс-шарасында аймақ басшысы «Бірге: Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірде жүйелі ұйымдастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ тазалық сақтау, қоғам тазалығына бей-жай қарамай жалпыхалықтық сенбіліктерге атсалысу – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Бірге: Таза Қазақстан» экологиялық акциясына биыл облыстың 11 мыңнан астам тұрғыны ерікті түрде қатысып, туған жердің тазалығына үлес қосты. Осы ретте ауыл-аймақты көркейтуге, көгалдандыруға белсенді қатысатын елді мекендерді ынталандыруды қолға алдық. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттап, «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастырдық. Биылғы бірінші жартыжылдықта өткен конкурсқа аймақ халқы белсенді қатысып, жеңімпаз 6 елді мекенге күнделікті тұрмысқа ең қажетті деген заманауи үлгідегі 14 арнайы техника берілді. Қызылордалықтардың белсенділігін ескере келе конкурсты күзде екінші мәрте ұйымдастырдық. Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы аудан орталықтары мен ауылдар арасында дәстүрлі түрде жалғасады. Бұл бастаманы аға буын өкілдері қолдап, оң бағасын беруде. Аудандарға тапсырылған техникалар мен автокөліктер тұрғындардың қызметіне жарайды деп сенемін, – деді құттықтау сөзінде аймақ басшысы.
«Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша І орын иеленген Бесарық ауылының марапаты аудан әкімі Б.Сәрменбаев пен Бесарық ауылы әкімінің міндетін атқарушы Ғ.Қаюповқа тапсырылды. Марапаттау іс-шарасынан кейін аудан әкімі жыл бойы жүргізілген жұмысты елеп, ескеріп, марапатқа лайықты деп тапқан облыс басшысына, комиссия мүшелеріне ризашылығын білдірді.

Ақтөре Ибрагимұлы