Діни сауаттылық – заман талабы
Қазіргі қоғамда жастардың діни сауаттылығы күрделі мәселенің біріне айналды. Жастар арасында рухани сананы оятудағы діни сауаттылықтың маңызы мен алар орны ерекше. Қазақ халқында «дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген аталы сөз бар. Бүгінде діни сауатсыздық әсіресе жастар арасында белең алуда.
Оның себебі де жоқ емес. Қазіргі кезде не көп, уағыз айтушылар көп. Қанша имам болса, сонша түрлі уағыз айтылады. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» демекші, қазіргі жастар имамдардың айтқанын істейміз деп біразы шатасып жүргені жасырын емес. Сонымен қатар соңғы уақытта жастар арасында дінге деген қызығушылықтың күрт артуы мен жаппай бет бұруы туралы қоғамда түрлі ой-пікірлер қалыптасуда.
Діни сауаттың кемшілігінен қазіргі таңда кейбір жастардың әртүрлі теріс ағымдардың шырмауына түсіп, күңгірт келешекке шалыс қадам басуы – қоғамдағы үлкен мәселеге айналғаны ащы шындық. Бүгінде баланың нағыз ел азаматы болып қалыптасуы үшін баланың жастайынан діни сауатын ашып, имандылыққа баулудың маңызы жоғары. Отбасында ата-анасынан, мектеп қабырғасындағы ұстаздарынан алғаш діни білім алған бала өсе келе теріс ағымның жетегінде кетпей, арам пиғылдылардың құрығына түспейтін болады. Сол себепті тәрбиенің тал бесіктен екенін ескере келе, діни сауаттандыруға атүсті қарауға әсте болмайды. Бүгінгі қоғамның теріс діни ағымдарға айтарлықтай төтеп бере алмай жатқан себептерінің бірі – осы олқылықтың салдары мен ата-ана тарапынан балаға берілетін тәрбиенің салғырттығы болып табылады.
– Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі мен діни сауаттылығын нығайту маңызды рөл атқарады. Радикалдық ағымдардың салт-дәстүрімізбен қазақтың рухани құндылықтарын теріске шығаруының басты себебі асыра діншілдік екенін айтып өткім келеді. Осы тұста теолог маман ретінде аудан мектептерін, білім ошақтарын аралап, оқушыларды дәстүрлі емес ағымдардың ықпалынан сақтау, патриоттық сезім қалыптастыру, туған жеріне адал қызмет ету, сапалы білім алуға, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, қылмыстылықтың алдын алуға шақыру жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, діни сауаттылығын арттыруға өз тарапымыздан маман ретінде дұрыс бағыт-бағдар көрсетеміз. Сонымен қатар, кездесу барысында өмірдің түрлі сынақтарын жеңе білу, жақсы жолдасты жаныңа серік ету, бос уақытты тиімді пайдалану сынды тақырыптарды ұштастыра отыра жастармен бірге талқылаймыз, – дейді аудандық қоғамдық даму бөлімінің теолог маманы М.Сейілханов.
Соңғы уақытта жастардың, оның ішінде қыздардың арасында діннің бір бөлігі саналатын орамал, яғни хиджаб тағу жиі кездесуде. Қазір екінің бірі орамал тағып, оранып жүр. «Тіпті бұл сәнге айналып бара ма?» деген де пікір қалыптасады. Алайда тағуын тағып, аздаған уақыт өткен соң шешіп тастайтындары да көп кездесіп жүргені өтірік емес. Бұл мәселе қоғамда көпшіліктің арасында үлкен резонанс тудыруда. Расында хиджаб тағып, кейіннен шешіп тастау ойыншыққа айналған ба? Негізінде орамал тағу – үлкен жауапкершілік. Оған артылар жүк те, жауапкершілік те жоғары. Көпке топырақ шашпаймыз әрине, дегенмен орамалдың қадірін кетіріп жүргендер қаншама?!
Тағы бір айтатын маңызды дүние ол – қоғамда, көпшілік жерде, әсіресе әлеуметтік желілерде айтылып жүрген уағыздардың дұрысы мен бұрысы. Әлеуметтік желіні аша қалсақ, уағыз айтылып жатқан бейнероликтер көптеп кездесетіні жасырын емес. «Аңқау елге арамза молда» демекші, кейбір уағызшылардың айтқан сөздерінің «пайдасынан зияны көп пе?» деген ойға қаламыз. Тіпті шектен шығып кететіндерін де көріп жүрміз. Бұл әрине жастардың санасын улайтыны анық. Дін туралы біліміміз толыққанды болмаса да, кей уағызшылардың түпкі ойы мен оның халыққа деген зиянын біле, көре тұра үндемей қалу болмас. Білімі жетік, дін жолында түзу хабары бар жандардың уағыз айтқаны жөн. Уағыздың да уағызы, уағызшының да уағызшысы бар. Барлығын талғамай жұтып, «тамағымызға көлденең тұрып қалмауын» ескерсек деймін.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото:kazislam.kz