Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚЫНЫҢЫЗ ЖАТ АҒЫМҒА БЕТ БҰРМАСЫН...

ЖАҚЫНЫҢЫЗ ЖАТ АҒЫМҒА БЕТ БҰРМАСЫН...


Еліміздің ата заңында ар-ождан бостандығы туралы, дінге және діни нанымға байланысты кемсітуге болмайтындығы, сондай-ақ қандай дін болмасын, азаматтардың ерекшеліктеріне қарамастан тең құқылы екендігі жазылған. Дегенмен, соңғы жылдары қалыптасқан еліміздегі діни ахуал заңдық жағынан болсын, діни сауаттылық тұрғысынан болсын біраз шаралардың керектігін дәлелдеді деуге болады.
Осы орайда, жастардың құқықтық және діни сауаттылығын жетілдіру, конфессияаралық татулықты нығайту мақсатында дін саласы өкілдері қоғамдағы белсенді жастармен кездесу өткізді. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ Сырдария ауданы бойынша маманы А.Нұрзылда мен С.Сейфуллин ауылына қарасты «Міркемел кәлпе» мешітінің иманы Ә.Үсенбай қатысқан шарада «Дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіптілігі, оның жастарға кері ықпалы» төңірегенде аудандық кітапханада студенттерге арнап арналған дәріс оқылды.
- Кез келген ұлттың мәдени ерекшеліктері, ділі, дүниетанымы мен руханияты өзінің дәстүрлі дініне негізделіп қалыптасатыны белгілі. Яғни, дін – жеке тұлға мен тұтас бір қоғамның рухани ахуалына тікелей әсер ететін өте нәзік құбылыс болып табылады. Қате діни түсініктер мен бұрмаланған идеялардың қоғамда таралуы салдарынан адамның тұлғалық азғындануы, отбасының шайқалуы, тіпті айрандай ұйып отырған халықтың бөлшектенуі секілді жағдайларға алып барады. Сондықтан елдегі дін және сенім мәселелерін тиімді реттеудің бірден бір жолы – дәстүрлі діннің қоғамдағы беделін көтеріп, ұлттық құндылықтарды белсенді насихаттау қажет деп білемін, - деді маман өз сөзінде.
Сонымен қатар, қазақ қоғамындағы қыз баланың орны, ата-ананы сыйлау оны құрметтеу тұрғысында қасиетті дінімізде айтылған өсиеттерді имам жастарға жеткізді. Сүбелі сұхбат пен рухани азық алған белсенді топ келген қонақтарға көкейлерінде жүрген сауалдарды қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Қорыта айтқанда, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жат ағымдардан бойды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

Майя СЕЙДІКӘРІМОВА
18 қыркүйек 2018 ж. 755 0