Шара қабылдайтын кез келді
«Тазалық жұмысын кент әкімдігі жүргізсін», «Арықтарды тазалау – кент әкімдігінің міндеті», «Біз тазалай алмаймыз». Бұл пікірлерді кент аумағындағы бірқатар дүкен иесі айтып, біз ұжым болып жаға ұстадық. Сонда «Талап жоқ па, тәртіп орнатуға болмай ма?!» деген сұрақ ойымызға оралды. Неге дүкен иелері «нан тауып» отырған жерін, яғни дүкенінің айналасын, көше жақ бетін таза ұстамайды?!
Өткен аптада аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтіп, қосымша мәселе ретінде тазалық жұмысы да талқыланды. Сонда аудан басшысы «Түсіндірме жұмысын жүргізіп болған шығарсыздар, шара қабылдаңыздар. Кімнен, неден қорқасыздар?! Заңға сүйеніңіздер» деп талапты төтесінен қойған болатын. Бұлай талап қоятындай реті де бар. Өйткені аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов мекеме қызметкерлері жеке кәсіпкерлердің дүкенінің айналасын қашанғы тазалайтынын, кәсіпкерлердің қашан қоғам тазалығына атсалысатынын сұрап, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің жұмысын сынға алған еді. Бұған бөлім басшысы мен кент әкімі, аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы «жұмысты үйлестіреміз, қатаң шара қабылдаймыз» деп жауап берген еді. Бұған да бір аптаға жуық уақыт өтті...
Иә, шара қабылдайтын кез келді. Жазалаумен ғана тәртіп орнатылмайтыны белгілі. Бірақ тәртіп пен талап болмаса кей кәсіпкерлер тазалық жұмысына жүрдім-бардым қарап, уақытты созып жүре беретін секілді. Осы ретте қалада тәртіп орнағанын, сол тәртіпті ауданда да орнату керектігін айта кетуіміз керек. Мәселен, kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, қалада рейд жұмысы жүйелі ұйымдастырылуда.
«Қызылорда облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топпен белгіленбеген орынға қоқыс қалдығын төгу, құрылыс қалдықтарын тастау және қаланың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізіп, нысан аумағын қалыпты жағдайда ұстамау, арық арналарын ластау, заңсыз қоршау жүргізу, жалпы эстетикалық талаптарды бұзу деректері бойынша рейд жұмыстары жүргізілді. Рейд барысында қала әкімі аппаратының басшысы Мұрат Тасқараев нысан аумағының тазалығы мен сәулеттік келбетін сақтамаған бірқатар тұрғынға ескерту жасап, түсіндірме жұмысын жүргізді. Аталған рейд жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты жалғасын табатын болады» деп жазады ақпараттық агенттік жұмысшы топтың атқарған жұмысын негізге алып.
Жалпы Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 505-бабында қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіруге қатысты көзделген жауапкершілік нақты жазылған. Осы Кодекстің 381-1-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Мұнан бөлек осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер үшін жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға негіз бола алады. Сондықтан кәсіпкерлер тазалық сақтауға бейімделуі қажет. Өйткені заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ