Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сауықтыру лагерінің ауласына тал егілді

Сауықтыру лагерінің ауласына тал егілді

«Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық акциясы аясында «Жалын» сауықтыру лагерінде арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, білім саласының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Ұлмекен Жаналиева және білім беру ұйымдарының басшылары мен жас педагогтары қатысты.

Жиналғандарға тазалық айлығының басталғанын, облыс аумағында ауқымды жұмыстар қолға алынған айтқан аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов тазалық пен тәртіп – тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі екенін жеткізді.

– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, тату тірлік пен береке-бірліктің бесігі – Сыр өңірінде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны бастау алғанын жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» деген болатын. Біздің айналамыздағы игіліктер адамдар үшін жасалған дейтін болсақ, тазалық – біз үшін ең басты құндылық. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы. Сондықтан осындай жақсы іс-шараларға белсене атсалысып, қоршаған ортаның тазалығына, жасыл желекке айналуына барынша үлес қосуымыз қажет, – деді Ержан Ертарғынұлы.

Өз кезегінде білім саласының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Ұлмекен Жаналиева тазалық айлығы аясында облыс халқымен бірге сырдариялықтардың да туған жерді түлетуге атсалысып жатқанын айтты. Ал аудандық мәслихаттың депутаты, білім және ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар әріптестерін, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлерді игі бастаманы өз үйінен бастап, жақсы істерге дәнекер болуға шақырды.

Тазалық акциясы аясында «Жалын» сауықтыру лагерінің ауласына 200-ден астам жеміс ағаштары, 70 түп терек, сыр талы, қаратал ағаштарының көшеті отырғызылды.
19 сәуір 2024 ж. 97 0