Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері сапалы және мерзімінде орындалуы тиіс
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің отырысы өтіп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралмас бұрын аудан басшысы кадрлық өзгерістерді таныстырып өтті. Сырдария ауданы әкімінің 2024 жылдың 17 маусымдағы №111 өкімімен Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Ешниязов Нұржан Ерділдаұлы және 2024 жылғы 31 мамырдағы №100 өкіммен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымына Қалдыбаева Анар Сраждинқызы тағайындалды. Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрі бірінші орынбасарының 2024 жылғы 31 мамырдағы №63 бұйрығымен Сырдария аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне Прназаров Жомарт Рахмедуллаұлы тағайындалды. Берік Әбдіғаппарұлы жаңадан тағайындалған басшыларға ауданда дамытудағы жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.
Әкімдік отырысында бірінші мәселе – ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және бюджеттің игерілуі туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Ахетов хабарлама жасады. Бөлім басшысы 2024 жылдың 5 айындағы көрсеткіштерге тоқталды.
2024 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы қорытындысы бойынша ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 39,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткіш 61,7 пайызға ұлғайған. Өңдеу өнеркәсібі 6,2 млрд. теңгеге, яғни 24,5 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі көлемі 3,1 млрд. теңгеге, яғни, 0,8 пайызға артқан. Бес айда аудан экономикасына 24,5 млрд. теңге негізгі капиталға инвестиция тартылып, көрсеткіш 25,5 пайызға, 7727 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, көрсеткіш 19,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 4,8 млрд. теңгені құрап, көрсеткіш 66,6 пайызға және бөлшек сауда көлемі 1224,6 млн. теңгені құрап, көрсеткіш 2,3 пайызға өскен.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екенін, бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керектігін атап көрсетті. Сондықтан ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері үнемі сапалы және мерзімінде орындалуы қажет. Нысаналы индикаторлардың толық орындалуына жауапкершілікпен қарап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Күн тәртібіндегі төрт түлікті түгендеу, олардың арасында қауіпті аурулар таралуының алдын алу туралы екінші мәселе бойынша аудандық ветеринариялық станса басшысы Нұрлыбек Дәулетбаев баяндады. Ал үшінші мәселе – аудан бойынша орман және жануарлар дүниесін қорғау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры Болатбек Ұлтанбекұлы хабарлады.
Аудан әкімі сала басшыларына бұрын тіркелмеген ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуде нақты жұмыстар атқаруды және ауыл шаруашылығы мен үй жануарлары арасында қауіпті аурулардың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, жануарларларды қорғау, жаз айларында орман қоры жерлерінде өртті болдырмауға қатысты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан бөлек, әкімдік отырысында аудан басшысы суға шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстап, рейд шараларын күшейтуді тапсырды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі