Асқар тау. Биік шың

Маусым айының үшінші жексенбісімен тұспа-тұс келетін халықаралық Әкелер күні мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйінде ауқымды іс-шара өтті. Мәні мен маңызы, сәні мен салтанаты үйлесім тапқан жиынға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов бастаған депутаттар қатысты.
«Әке – асқар тау, биік шың» деген тақырыпты арқау еткен іс-шара прологпен, «Балауса» халықтық би ансамблінің кіші топ бишілерінің мың бұралған биімен бастау алды. Аудан әкімі іс-шараны ашып беріп, барша әкелер қауымын мерекемен құттықтады.
– Әке – отбасының асыраушысы, басты тірегі, қамқоршысы. Бұл күн – асқар тау әкелерді ардақтайтын, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын мереке. Қазақ мәдениетінде әке отбасы құрылымында құрметке және беделді орынға ие. Ол отбасын асырауға, олардың мүддесін қорғауға және олардың амандығын қамтамасыз етуге жауапты. «Әкеге құрмет – балаға міндет» дегендей, дана халқымызда әкеге құрмет көрсетудің өнегелі үлгісі қалыптасқан. Ата-бабаларымыз балаларға жастайынан әкені ардақтау даналықтың, жол көрсетудің жарқын белгісі екенін ұғындыра білген, – деген Берік Әбдіғаппарұлы киелі Сыр өңірінен ауданға белгілі, дарынды тұлғалардың көптеп шыққанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов, Әбіраш Жәмішев пен сатира сардары Қалтай Мұхамеджанов бастаған ақын-жазушылардың, өнер қайраткерлерінің, сондай-ақ күріштен тау тұрғызған дала диқандары Қасым Бөдеев, Ибадулла Ақниязов, Дүйсенбай Керейтбаев секілді әкелеріміз аудан дамуын қалыптастырса, бүгінгі ер-азаматтар ардақты тұлғалардың ізгі жолын жалғап, қадірлі ер-азаматтар әкелік міндетті абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтті.
Мерекелік басқосу марапаттау салтанатымен жалғасты. Мереке қарсаңында медицина саласының ардагері Рүстем Садықұлы, көлік саласының ардагері Шарафадин Камалов, жеке кәсіпкер Әмірхан Пашеков, №174 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қанат Көзейбай арнайы алғысқа ие болып, мерейі тасыды. Сонымен қатар еселі еңбегімен құрметке бөленген көпбалалы әкелер Жантөре Құрманқожаев, Руслан Имашов, Әділбек Нақыпов, Жанат Құлмырза, Асылбек Дүйсенбай, Бұқарбай Ахметов, ардагер-ұстаз Жақсылық Әбілдаұлы марапат төрінен көрінді. Әкелер күні құрметіне ұйымдастырылған іс-шара аудан өнерпаздарының мерекелік ән шашуымен қорытындыланды.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудан халқының 49 пайызын ер-азаматтар құрайды. Олар мемлекеттік қызметте, құрылыс, білім, денсаулық сақтау секілді әр алуан салада, егістік басында еңбек етіп, отбасының берекесін келтіруде. Қай уақытта да әкеге, елдің мерейін асыратын азаматтарға деген құрмет толастамайды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ