Әке беделі биігінде ме?
Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Сұнқар әлеуметтік қамқорлық орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен мекемелер үйінің мәжіліс залында кездесу өткізілді. «Әке – асқар тау» тақырыбындағы үлгілі әкелермен кездесуге аға және орта, кіші буын өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева отбасындағы әкенің рөлін аттыру жөнінде сөз қозғады.
– Бүгінгі басқосу ер азаматтардың қоғамдағы беделін арттыруға арналады. Отбасында ердің орнын айшықтап, мәртебесін биіктетуіміз керек. Әке мен бала арасындағы байланысты нығайту маңызды. Ардақты жандардың қадір-қасиетін бағалауды жас ұрпаққа ұғындыру күн тәртібінен түспейді, – деді Ұлмекен Шанайқызы.
Мән-мағынасы зор кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы әкенің абыройын асқақтату жолындағы ұлттық құндылықтарды атап өтті.
– Дана халқымыз «Әке – асқар тау» дейді. Сол тау орнында тұр ма, күн өткен сайын тегістеліп бара жатқан жоқ па? Қазір кей отбасылар әкенің қадір-қасиетін мүлдем төмендетіп жіберді. Ұрпағына мол тәрбиесін беретін әкенің абыройына нұқсан келмеуі тиіс. Перзенті сыйлай білген әке – нағыз бақытты адам, – деді Хайролла Әбенұлы.
«Әкесі бар жанның басында алтын тәж болады. Оны тек әкесі жоқтар ғана көреді» деген аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаров философ Омар Жәлелдің рухани әңгімелерін тілге тиек етті. Жақында құрылған «Әкелер мектебінің» төрағасы Мектепхан Елеусінов ұлт өзегінің қайнар көзі рухани байлықтың негізі – әкені биік дәрежеге көтеруде жатқандығын айтты. Өз кезегінде Муса Келдібаев, Амантай Есмағанбетов, Төлеу Сүлейменов, Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасов, Ибрагим Сейілов, Ұмытпас Бәйдәулетов, Шаһарбек Нұрсейітов, Оразбек Медетбаев, Берлан Құлмақов үлгілі әке болудың негізгі қағидаларына тоқталды.
Іс-шара соңында ардақты әкелерге құрмет көрсетіліп, арнайы сыйлық табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ