Ұлық мереке – жаңғырудың бастауы
Ұлыстың ұлы күні мерекесі аудан көлемінде кеңінен тойлануда. Мәселен, аудандық «Достық» үйінде ұлттық мерекені үкіметтік емес ұйым мүшелері атап өтті. Қазақ үшін мән-мағынасы зор мерекелік басқосуға аудан әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев пен Димаш Байдушев, Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров және еңбек ардагерлері қатысты.
Өз кезегінде кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаев ардагерлерді ұлық мерекемен құттықтады.
– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі – іргесі сөгілмес бірлік мерекесі. Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы бола білген мереке әрқайсыңыздың отбасыларыңызға құт-береке әкелсін! Өткен жылы ауданымыз үшін табысты болды. Әр жылдан тек жақсылық пен береке күтеміз. Бүгінде егін егу маусымы басталып жатқаны белгілі. Сондықтан диқандардың жұмысына да сәттілік тілейміз, – деді Б.Сәрменбаев.
Келелі кездесудің шырайын аша түскен қыз-келіншектер жиналған қауымға наурыз көже ұсынды. Сонымен бірге еңбек және тыл ардагері Рақымжан Бәйменов ақ батасын берді. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Сәйділда Сәдуақасов та жүрекжарды тілегін жеткізіп, мерекеге арналған өлең оқыды.
– Жыл өткен сайын ұлттық мерекемізді атап өту форматы жаңарып, жаңғырып келеді. Ұлттық салт-дәстүріміз кеңінен дәріптеліп, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрпымызға мән бере бастадық. Бүгін талай жыл сан салада қызмет еткен ардагерлердің басын қосып отырмыз. Сіздердің еңбектеріңіз бен атқарған жұмыстарыңыз орасан зор. Келіп жеткен жаңа жылда әрқашан шат-шадыман көңіл-күйде болайық, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Жиынға қатысқан еңбек ардагерлері өздерінің мерекелік тілектерін жеткізді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ