Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Апталық шолу

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Тереңөзек кенті және елді мекендердің көшелеріне аудандық полиция бөлімінің нұсқамасына сәйкес тиісті жол белгілерін орнатуда. Жалпы аудан бойынша жоспарға сәйкес 250 дана жаңадан жол белгілері орнатылып, ескіргендеріне жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады.

***

«Пробация қызметі есебіндегі» азаматтарға түсіндірме жұмысы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында теолог М.Сейілханов діни сауатының кемшілігінен кейбір жастар түрлі теріс ағымдардың шырмауына түсіп, күңгірт келешекке қадам басуы – қоғамдық мәселеге айналған ащы шындық екенін айтты. «Жастардың діни сауаттылығын жетілдіру арқылы оларды теріс діни ағымдардың арбауынан, ал қоғамды діни алауыздықтан, діни экстремизмнен арашалауға болады» деді ол.

***

Сырдария аудандық сотында «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге сот төрағасы Р.Алдамбергенов, сала мамандары және банк қызметкерлері қатысты.

Сот төрағасы Р.Алдамбергенов мемлекеттік тіл – мемлекетіміздің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемле­кет­тік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі екендігін және тілдің қолданыстағы деңгейін көтеруге, өз еліміздің тілін ұлықтап мәртебесін асыруға шақырды.

***

«Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы «Жанұя жылуы» тұжырымдамасы аясында отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Аталы үй – баталы үй» тақырыбында онлайн челенджін өткізді. Челенджге мәдениет және білім саласының ардагері Сансызбай Сәдуақасов, білім саласының ардагері Батырхан Бимырзаев, орман шаруашылығының ардагері Рыстай Андабаев және Қалжан ахун ауылының ардагері Сейітхан Нұрманов немерелерімен қатысып, бата берді. Қатысушылар арнайы сыйлық, Алғыс хатпен марапатталды.

***

Биылғы жылы сырдариялық 441 бітіруші түлектен 376 ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. Осы күні түлектердің алдыңғы легі білім сынағын тапсырып, жоғары жетістікке жетуде. Атап айтар болсақ, №137 орта мектеп оқушысы Жамила Әбсаттарқызы 131 балл, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Асылай Бектасқызы 131 балл, №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейдің түлектері Зехра Қуаныш 130 балл, Инабат Төребек 128 балл алып, үздіктер көшін бастады.

***

Маусым айының алғашқы күні Тереңөзек кентінің сыртындағы «Жалын» сауықтыру лагері өз жұмысын бастады. 1 маусым мен 12 тамыз аралығында «Жалын» сауықтыру лагері 6 ауысым бойынша жұмыс жасап, 691 баланы демалдыру жоспарланған. 1-ауысымға 110 бала қабылданды. Тынығушылар 8 топқа бөлініп, әр топпен 1 аға тәлімгер, 8 тәрбиеші жұмыс жасайды.

Лагерьде балалардың жазғы уақыттағы демалысын қызықты өткізу мақсатында аудандық мәдениет үйі және оқушылар үйімен бірлесіп түрлі бағытта үйірмелер, спорттық эстафеталық сайыс пен оқыту-сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылатын болады.

«Тт» ақпарат
08 маусым 2024 ж. 153 0