ӘМСҚ медициналық қызметтер үшін 2024 жылға төлем жасай бастады
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға 897,6 млрд теңгеден астам сома төленгенін хабарлады. Бұған дейін олар 30-70% көлемінде аванс алған.
Қордың хабарлауынша, биыл 1968 жеткізушімен жалпы сомасы 2,5 трлн теңгеге шарт жасалған.
Бүгінгі таңда 2024 жылдың қаңтары үшін 1005 жеткізушіге 30,4 млрд теңгеге төлем жасалды. Бұл ретте бірінші кезекте төлем гемодиализ орталықтарының, перзентхана бөлімшелерінің, жоғары технологиялық медициналық көмектің, жедел жәрдемнің, қан орталықтарының, консультациялық-диагностикалық көмектің және туберкулез және психикалық денсаулық бағыттарының қызметтері үшін жүзеге асырылды», - деп атап өтті ӘМСҚ Басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.
Осылайша, бүгінгі таңда медициналық ұйымдардың 51%-ы жылдың бірінші айы үшін төлем алды.
5 маусымға дейін медициналық көмектің қалған бағыттары бойынша төлем жүзеге асырылады деп күтілуде. Қор өкілі атап өткендей, ақпан айы үшін төлемдер маусым айының басынан бастап жүргізіле бастайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қор медициналық ақпараттық жүйелерді жаңарту кезеңінде клиникалардың қаржылық тұрақтылығын қолдау үшін медициналық ұйымдарға берілетін аванс мөлшерін 70%-ға дейін арттыру туралы хабарлаған болатын. Жеткізушілердің барлығымен кездесулер өткізілді. Оларға цифрландыру процесінің ерекшеліктері, қосымша аванстық өтінімдер беру мүмкіндіктері және азаматтарға үздіксіз медициналық көмек көрсету қажеттілігі түсіндірілді.
Медициналық көмек алу кезінде қосымша сұрақтар немесе мәселе туындаған жағдайда өз клиникасындағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну қажет. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесі байланыс арналарының біріне өтініш қалдыра алады:
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• fms.kz ресми сайты
• Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
• 1414 байланыс орталығы
Сондай-ақ Damumed, Halyk, BCC.KZ, Kaspi.kz мобильді қосымшалары МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.