Таза болса табиғат, аман болар адамзат
Табиғат пен адам – егіз ұғым. Бұл сөз тіркесін бала кезімізде ұстаздарымыз бен ата-анамыз құлағымызға сіңіріп өсірді. Шын мәнінде адамзаттың табиғатсыз күні жоқ екенін санамызға құйсақ та, осы күні тіршілік көзіне жасап жатқан қиянатымыз ұшан-теңіз.
Қарапайым мысал, күнделікті тұрмыста қолданатын ұсақ-түйек затты пайдаланып қоқысқа тастай саламыз. Ал оның арғы жағдайы ешкімді ойландырмайды. Көшенің бойында шашылып жататын қоқыстың тең жартысы полиэтилен қалта мен судан босаған пластик құты. Айналып келгенде тұрғындардың мәдениетін көрсететін көріністен қоршаған ортаның ластанып жатқанына алаңдамасқа болмайды.
Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде, депутаттар тарапынан көтеріліп келеді. Мәселен, бір топ депуттар ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновке депуттаттық сауал жолдап, онда маңайымызды таза ұстау, қоршаған ортаны күтіп-баптау, табиғатты аялау өте маңызды екенін айтып, бірнеше ұсыныс айтқан.
Депутаттық сауал жазылған хатта автокөлік жолымен келе жатқан жүргізушілер мен жолаушылар терезеден бос бөтелке, қоқыс қалдықтарын, темекі тұқылын лақтыратыны, әлі де азаматтарымыздың арнайы қоқыс тастайтын орынға салу мәдениеті қалыптаспай отырғанын жазған. Сонымен қатар дамыған елдердегідей тазалық мәдениетін қалыптастыратын шараларды қолға алу керектігін айтқан.
«Оның шешімі – жалпы жұртты қоршаған ортаны тазалауға жаппай жұмылдыру, күнделікті тазалықты өмір салтымызға айналдыру қажет. Мысалы, аптаның әр бейсенбісін «Таза бейсенбі» атты шынайы халықтық шараға айналдырайық» деген. Бұл ретте халық қалаулылары адамдарды мәжбүрлеп емес, керісінше өз ықыласымен тұрған жеріне жанашырлықпен атсалысуына жағдай жасауға үндейді. Сонда ғана күн-түн демей, күннің ыстық-суығына қарамай көшені тазалап жүрген аға-апаларымыздың еңбегін бағалауды үйренеміз дейді.
Иә, рас, күнделікті кент және ауылдық округ көшелерін тазалайтын жұмысшылардың еңбегін көріп жүрміз. Таңертеңнен бастап жүргінші жолдың, арықтың ішін жатқан қоқыс қалдықтарын қапшыққа салып, тазалап жүрген қарапайым жұмысшының еңбегін бағаламаймыз. Ал олардың арасында сіз бен біздің әпкеміз, анамыз бар. Олар тұрғындардың бей-берекет тастаған қоқыстарын алып, қоршаған ортаның тазалығына атсалысып жүр.
– Кенттен орталық көшелерін күніне екі мәрте тазалап өтеміз. Ұзыннан-ұзақ көшенің бойында, арықтарда босаған бөтелке, целлофан қалта мен балмұздақтың қағазы, темекінің тұқылы жатады. Кейде балалардың қалай болса солай қоқысты тастап бара жатқанын көріп, ескерту жасасаң, бұл сенің жұмысың дегендей дөрекілік танытады. Қарапайым тәрбиенің осалдығын осындай көріністен көруге болады. Отбасында ата-ана баласына тазалық мәдениетін үйретсе, өздері үлгі болса ондай нәрсе жасамайды. Сондай-ақ көшенің қоқыстан көрінбей қалатын кездері демалыс күндері мен үлкен мерекелік іс-шара өткен күннен кейін болады. Ондай кезде жұмысқа ертерек шығып, ел-жұрт жұмысқа шыққанға дейін тазалап кетуді жөн көреміз. Қазір әрбір сенбі сайын мекеме қызметкерлері сенбілікке шығуда. Бұл біздерге үлкен көмек. Негізінен жыл бойы көше тазалығын атқаратын біздер уақытпен санаспай еңбектенеміз, – дейді көп жылдан бері көше тазалап жүрген кент тұрғыны Динара Маханбетова.
Жоғарыда айтқанымыздай тазалық мәселесін депуттар Үкімет отырысында талқылап, экологиялық апатқа әкелетін жәйіттер де айтылды. Ерте көктемде елде орын алған тасқын су зардаптары, яғни судан қорғану үшін мыңдаған қаптар мен пакеттерден тұрғызылған бөгет су кеткен соң үлкен қоқыс алаңына айналмасына кім кепіл? Сондай-ақ сай-саладан аққан су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Сондықтан осы жемтіктерді жедел арада залалсыздардырмаса түрлі дерт пен аурудың тарауына себеп болуы мүмкін.
Бір сөзбен айтқанда тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады.
«Біз неге сондаймыз?» деп алаңдаған депутат М.Толықбаев ең алдымен сананы өзгерту керек. Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, керек болса тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек деп нақты ұсынысын жолдады.
Яғни, ел Үкіметі қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыру керек деді. Ал Оқу-ағарту министрлігі орта мектеп оқушылары арасында «Экологиялық сана» атты ағартушылық сынып сағаттарын өткізуді жолға қойғаны жөн деп ұсыныс келтірді.
Табиғатты аялау, оның адамзатпен біртұтас дүние екенін жас ұрпаққа өсиет етсек, адам баласына берілген шын бақыт пен құт-берекеміз арта түсері анық.
Бибісара ЖАНӘЛІ