Тәртіптің тетігі – тәрбие
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Тәртіптің тетігі – тәрбие» тақырыбында білім беру саласындағы өзекті мәселелерге арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, құқық қорғау органдары мен білім саласының қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары мен әйелдер кеңесінің төрайымдары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Мәжілісте аудан басшысы балаларға саналы тәрбие беру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мәселесі бүгінгі таңда өзекті екенін атап өтті.
– Қай қоғамда да ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» деген болатын. Осыған байланысты жақында «Өнер» орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау мәселесі жан-жақты талқыланды. Мәжілісте аймақ басшысы сапалы білім және саналы тәрбие беруге қатысты нақты тапсырмалар берді.
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бар. Біз соңғы уақытта бала тәрбиесіне негізгі жауапты – ата-ана екенін ұмытып кеттік. Дегенмен, баланы ортаға бейімдеу, тәлім-тәрбие беруде мектептің рөлі үлкен. Сондықтан «Мектеп – Бала – Ата-ана» үштігі үйлесімді жұмыс жасауы керек, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Кеңейтілген мәжілісте аудан прокуроры Асқар Кемалов, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әділхан Қанзадаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Бегайдарова балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық, олардың алдын алу бағытындағы профилактикалық іс-шаралар туралы хабарлама жасады.
Бала тәрбиесінде
ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ
ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ
Ең алдымен статистикалық мәліметтерге қарасақ, өткен жылғы есептік көрсеткіштермен салыстырғанда кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс бір деңгейде қалыптасқан. 2023 жылы – 1, 2024 жылы – 1 қылмыс тіркелген. Дегенмен, кәмелетке толмағандармен немесе олардың қатысуымен жасалған әкімшілік құқық бұзушылық биылғы жылдың 5 айымен өткен жылдың жылдық көрсеткішіне теңесті. Мысалы, 2023 жылдың 2023 жылы кәмелетке толмағандармен құқық бұзушылықтың 5 фактісі тіркелсе, биыл 5 айда 5 фактісі тіркеліп үлгерді. Полиция органдарына түнгі мезгілде ата-ананың қарауынсыз жүргені үшін 58 (өткен жылы – 173) жасөспірім жеткізілсе, ата-ана міндеттерін орындамаған 6 жағдай есепке алынды. Сырдария аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының есебінде 4 бала есепке алынған.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы 8300-ге жуық оқушыға тек 3 инспектор жұмыс жасауда. Жұмыстың шамадан тыс жүктемесі, кадр және білікті маман тапшылығы профилактикалық іс-шаралардың тиімсіздігіне және балалармен жасалатын құқық бұзушылыққа әкеп соғуда. Сонымен қатар полиция есебіндегі қолайсыз отбасы санатында 13 бала тіркелген.
Облыс көлемінде балалар арасындағы топтық төбелестер тыйылмауда. Оның соңы қайғылы оқиғаларға ұрындырғанына бәріміз куәміз. Аталған жағдайлардың бәрі кәмелетке толмағандар арасында болатын сөз келіспеушіліктерден орын алуда. Біздің тарапымыздан оқушылар арасында буллинг, қорқытып алу деректерін алдын алу мақсатында орта білім беру ұйымдарында анонимдік сауалнама жүргізілген болатын. Сауалнама нәтижелері бойынша оқушылар аудан аумағындағы «білім беру ұйымдарында төбелес, темекі шегу, ақша сұрау» деректері болатынын көрсеткеніне қарамастан, аудандық прокуратура тарапынан ұсынылған мәліметтер бойынша комиссия отырысына уәкілетті органдармен бір де бір бала есепке алынғаны немесе нақты атқарылған шаралар туралы ақпарат осы уақытқа дейін ұсынылмаған. Уәкілетті органдармен кәмелетке толмағандарға қатысты толтырылған әкімшілік істерді зерделеумен баланың ата-анасын әкімшілік жауаптылыққа тартпау фактілері де бар.
Ресми емес мәліметтерге сәйкес, букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындарға бәс тігушілердің саны күнделікті артуда, оның ішінде жастар да бар. Сондықтан бұған жол бермей, лудоманияға қарсы күресті күшейтуді жедел қолға алуымыз керек. Лудомания дерті «есірткі қылмыстарымен» тең қоғамның басты дертінің бірі. Аудан аумағында «күлес», «үштік» деп аталатын ойындарды өз үй жайларында ұйымдастырып, оны кәсіп түріне айналдырған Тереңөзек кенті, Қалжан ахун және С.Сейфуллин ауылдарының тұрғындарына профилактикалық жұмыстары жүргізілмей, өзекті мәселелер қоғам алдында жасырылуда. Бұл ойындарға алдағы уақытта біз бен сіздің балаларымыздың барып ойнамауына ешкім кепіл бермейді.
Өткен жылы тексерумен мектептерде жалған дипломдармен жұмыс жасаудың 3 деректері анықталып, қатаң шаралар қабылданды. Биыл мектепге дейінгі ұйымдарда, яғни балабақшаларда жалған дипломмен жұмыс жасаудың 11 дерегі анықталды. Дегенмен, басшылық тарапынан аталған мәселені жасыру мақсатында, қызметкерлерімен дәл сол мамандыққа екінші рет жоғарғы оқуға тапсыртуға жол берген.
Мемлекет басшысы кеңейтілген отырыста жасөспірімдер бос жүрмеуі керек. Олардың шығармашылық пен спортқа көбірек көңіл бөлуіне ықпал ету қажет екенін атап өтті. Осыған орай, демалыс кезінде олардың бос уақытын тиімді пайдалану жағдайын жасауымыз қажет.
Келесі ойландыратын мәселелердің бірі – балалардың су айдындарында қауіпсіздік жағдайы. Аудан аумағында суда қайтыс болу деректері орын алмаса да, облыста өткен жылы 10 бала көз жұмған.
Бұл ретте уәкілетті органдармен жазғы демалыс қарсанына барлық оқу орындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, орын алған жағдайларға байланысты баға беру қажет. Себебі аудан аумағында арнайы жасақталған «суға түсу алаңдары» жасақталмаған.
Қылмыс жасауға қадағалау мен бақылаудың
жоқтығы әсер етеді
Кәмелетке толмағандарға қарсы және олармен жасалатын қылмыс, алкоголь, есірткінің зияны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі туралы дөңгелек үстелдер, сұхбаттар, кездесулер өткізілді. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасында жасалған қылмыс былтырғы жылмен салыстырғанда біркелкі (1-де 1). Орын алған қылмыс орта мектеп оқушысымен жасалған бұзақылық қылмысы. Төбелестің салдарынан Сырдария ауданындағы №42 мектеп-лицейдің 1 оқушысы қаза болды. Қылмыс жасаған жасөспірім оқушы бұған дейін мектепішілік құқық бұзушылыққа бейім оқушы есебіне алынбаған.
Қылмыстың орын алуына жол берген қызметкерлерге қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, департамент бастығының бұйрығымен 2 қызметкер лауазымынан босатылса, 3 қызметкерге тәртіптік шара көрілді. Профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында ауданда жалпы білім беру мекемелерінде 2023-2024 оқу жылына Департамент бастығының бұйрығымен мектептер мен колледждерге аймақтық ювеналды полиция бөліністері нақтыланып, криминалды полиция, учаскелік полиция инспекторлары бекітілді.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз, балалар!», «Мен және менің полицейім» атты профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, 46 құқық бұзушылық анықталса, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 2 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. 46 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде түнгі уақытта (сағат 22:00-ден кейін) заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын үй жайдан тыс (сағат 23:00-ден кейін) жүрген 40 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 442-бабы ескерту). Өз міндеттерін орындамаған 5 ата-анаға шара көру үшін құжаттар сотқа жолданды.
Талдау көрсеткендей, жасөспірімдермен қылмыс жасауға жиі әсер ететін факторлар: ата-ана тарапынан тиісті қадағалау мен бақылаудың жоқтығы, тәрбие жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуі, отбасының әлеуметтік жағдайының төмен болуы, жасөспірімнің бос уақытының көп болуы. Бұған әлеуметтік желілердегі қоғамдық ортаға сыйламаушылық танытатын материалдарды көріп, соларға еліктеушілік танытуы да ықпал етуде. Жасөспірімдермен жасалған қылмыстың барлығы сабақтан тыс уақытта болғандықтан, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ұсынамыз.
Оқу жылының аяқталуына орай баланы қадағалау аса қажет. Маусым айының ішінде өткізілетін «Аттестат тапсыру» кеші кезінде түлектердің беймезгіл уақытта жүрмеуі, кортежге шықпауы, отырыс жасамауы, белгіленбеген жерлерге суға түспеуі бойынша ата-аналар жиналысында хаттама арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу ұсынылады.
Сондай-ақ балалар бос уақыттында интернет пен «Тик-ток» желілерінде зорлық-зомбылық, құмар ойындар, дөрекілік және ортаға ешқандай құрмет көрсетпейтін әртүрлі пранктер қарайтындығы белгілі. Аталған сілтемелерді біздің тарапымыздан қадағалау мүмкін емес. Осы себепті, ата-аналар балалардың әлеуметтік желілерде қандай парақшаларда отырғанын қадағалауы қажет.
Полицияның басты міндеті – тек жазалау ғана емес, оның алдын алу, болдырмау. Сол себепті, анықталған немесе белгілі болған құқықбұзушылықтарды, яғни, ұрып соғу, бопсалау, әлімжеттік, топтық төбелес дереу ішкі істер органдарына хабарлау керек екендігін жеткіземіз.
Баланың адам болып қалыптасуы –
жауапкершілігі мол жұмыс
Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Баланың шын мәнісіндегі адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбекті қажет ететін, ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс.
Сырдария ауданы бойынша 17 мектепте 8193 оқушы білім алса, 30 мектепке дейінгі ұйымда 2050 бала тәрбиеленуде.
Есепті мерзімде мектеп оқушыларымен жасалған құқық бұзушылық бойынша профилактикалық есепке 3 жасөспірім (№36 мектеп-лицей – 1, №210 орта мектеп – 1, ұрлық оқиғалары бойынша, 37 мектеп-лицей – 1, қаңғыбастыққа салыну) алынып отыр. Мектепішілік есепке 38 оқушы алынған. Есепке алынған жасөспірімдердің барлығы тұрақты бақылауға алынды.
Білім сапасын көтеруге бағытталған бар жұмысымыз – білімі мен тәрбиесі қатар үйлескен оқушының қалыптасуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру. Бұл бағытта біршама жұмыстар жүзеге асырылуда. Барлық білім беру ұйымдарында жүргізілетін «Пікірсайыс қозғалысы», «Мектеп парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп және театр» жобасы бойынша жұмыс жақсы нәтижеге қол жеткізіп, облыс көлемінде іс-тәжірибеміз таратылуда. Бала тәрбиесімен қатар олардың қауіпсіз ортада өмір сүруі – ерекше жауаптылықты қажет етеді. Осы орайда, барлық білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі жолға қойылып, бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды.
Аудандық прокуратураның бастамасымен білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алынған сауалнама нәтижесінде оқушылар арасында электронды темекіге әуестік, бопсалау мен әлімжеттік және топтық төбелестің белгілері анықталды. Сауалнама нәтижесі бойынша әр мектепте тиісті шаралар міндетті түрде қабылданатын болады.
Кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарына «Денсаулық және өмірлік дағдыларын қалыптастыру» бағдарламасы енгізілген. Суицидалды мінез-құлықты балаларды анықтау үшін мұғалімдерге, ата-аналарға дәріс, оқулар ұйымдастырылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша білім беру ұйымдарының 20 әлеуметтік педагогы арнайы оқудан өтті. Осыған орай, бұл жұмыстардың сапалы жалғасуына білім берумен қатар, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтердің бірлесе көрсетілуі маңызды екені сөзсіз.
Ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын қамтамасыз ету үшін «Валеология» курсының күшейтілген компоненті, мектептерде «Жаһандық құзыреттілік» пәні енгізілді.
Биылғы жаңа оқу жылының жаңалығы облыстық білім басқармасының жанынан тәрбие жұмысын жаңдандыру мақсатында психологиялық-әлеуметтік жұмысты үйлестіретін, әдістемелік көмек көрсететін «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылып жұмысын бастады.
Оқу жылын сапалы аяқтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында мектеп директорларымен, ата-аналармен мәжіліс ұйымдастырылды. Оқу жылын аяқтауды ұйымдастыруға байланысты ата-аналардан, педагогтардан ақша жинамау, үйлер, кафе, ресторанда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізбеу қатаң ескертілді. Бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол бермеу, 25 мамыр мен 14 маусым күндері тәулік бойы патрульдіқ полициямен күшейтілген кезекшілік ұйымдастыру, өзен, көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне қатаң тыйым тыйым салу және бақылауды күшейтіп, кезекшілік ұйымдастыру жөнінде кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз да басты тұлға да – ата-ана. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиет – отбасында балаға сөзбен, теориямен дамымайды. Ол үлкендер үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, ана да балаларының жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн.
Түйін:
Кеңейтілген мәжілісте аудан басшысы білім сапасын арттыру, әрбір бала үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқаруға шақырды. Сондай-ақ аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл әкімі, учаскелік полиция инспекторлары, мектеп директорлары жергілікті жерде тұруы міндетті екенін атап көрсетті. Осы тұста аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушыға учаскелік полиция инспекторларының толық құрамда болуын және елді мекендерде тұруын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Балам дейтін жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шықсын?» деген. Арада қаншама уақыт өтсе де, осы сөз өз құндылығын жойған емес. Қоғам назарын аударған мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Өйткені баласының құқықбұзушылығы үшін ең алдымен ата-ана жауапкершілікке тартылса, теріс қадамға барған бала да заң алдында жазасын алады.
Бибісара ЖАНӘЛІ
(суреттер аудан әкімдігінің
ресми парақшасынан алынды)