Соңғы қоңырау: қауіпсіздік – басты талап
Бүгін еліміз бойынша барлық мектепте соңғы қоңырау салтанаты өтуде. Жас түлектің он бір жыл бойы білім алған мектебінен түлеп ұшуы – қайталанбас тарихи сәт. Бітіруші мен мектеп үшін мерекеге айналатын салтанатты жиынды жыл бойы білім алып, сыныптан сыныпқа өтетін оқушылар да асыға күтеді. Жазғы демалыстың бастауы болатын күннің маңыздылығы – оқу жылын сәтті аяқтауда.
Осыдан он бір жыл бұрын мектеп табалдырығын имене аттаған кешегі бүлдіршін бүгін жүректері лүпілдеп, алтын ұя мектебінде соғылатын соңғы қоңырау үнін естиді. Бұл қоңырау үні шәкірт үшін мәңгі есінде қалатын тарихи оқиға. Себебі бүгінгі түлек мектеппен ғана қоштаспайды, ол балалықты артта қалдырып, алтын ұя мектебінен үлкен өмірге қанат қағады. Салтанатты мерекені мазмұнды да мағыналы етіп өткізу бүгінгі күннің талабы. Бұл талап – ұстаздар қауымына ғана емес, ата-аналарға да жүктелген міндет. Себебі күн сайын ақпарат айдынындағы жаңалықтардан оқыс оқиғалардың орын алуын жиі көріп жүрміз. Сондықтан бұл күні ата-аналардың да жауапкершілігімен сән-салтанат құруға қатаң тыйым салынған. Мұндай қадамға бару бекерден-бекер емес.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деді.
Әрине, бұл айтылған сөз өміршеңдігін жойған емес. Бұрын елде орын алған жағдайдың беті қайтқанымен, қазір жастардың арасында орын алып жатқан оқыс оқиғалар өршіп тұр. Балалар арасындағы әлімжеттіктің салдары қайғылы жағдайға әкелуде. Айналып келгенде мұның барлығы отбасындағы тәрбиенің осалдығынан әрі балалардың әлеуметтік желіге тұтастай тәуелді болып қалуынан.
– Шын мәнінде бала қауіпсіздігі ең маңызды мәселе. Соңғы кезде орын алып жатқан жағдайларға жаның ауырады. Ондай нәрсенің алдын алу үшін тәрбиені күшейту керек. Негізінен соңғы қоңырау салтанатты жиынының өтуі дұрыс әрі құптарлық. Мектептен түлеп шығатын шәкірттің жүрегінде мәңгі қалатын тарихи әрі қуанышты сәттен шектеуге болмайды. Дегенмен балаларды тым еркінсітуге де болмайды. Ең бастысы іс-шараның мазмұны, ал той тойлау дұрыс емес. Баланың мектеп бітіруі отбасындағы қуанышты жағдай. Оны атап өту де отбасында өткені дұрыс. Ал жүрегі алып ұшып тұрған ұл мен қызды өз бетінше тойлауға жіберу қателік. Қазір небір жағдай орын алып жатыр. Көлік айдап, суға шомылуға баратын балалар қайғылы жағдайға душар болуда. Сондықтан «ақырын жүріп анық басудың», шектеу қоюдың артында сақтық шаралары жатқанын айтып түсіндіру керек. Әйтпесе жас жеткіншек ата-анасына «аспандағы айды әпер» дейді. Барлық ата-ананың жағдайы бірдей емес. Қатарынан қалдырғысы келмейтін үлкендер қарызға немесе несиеге ұрынады. Осындайға тыйым салудың жолын Президенттің өзі ұсынды. Ең бастысы бала алған білімін дәлелдеп, оқуға түсіп, қалаған мамандығын алу, – дейді ардагер-ұстаз Гүлғайша Уважанова.
Иә, жауапты кезеңде 11 жыл бойы алған білімді дұрыс қолданып, дұрыс таңдау жасау маңызды. Екі нәрсе өмір бойы еңбегіңнің босқа кетпеуін қамтамасыз етеді екен. Олар: ісіңде қабілетті болу және жақсы көретін жұмысыңды істеу. Сондықтан шәкірттердің алдында бір ғана мақсат тұр. Ол сын сағаттан сүрінбей өтіп, армандаған мамандықтың иесі атану. Шәкірттердің білімді болып өсу жолында ұстаздар қауымы ерекше орын алады. Ұстаз алдында бүкіл адамзат бас иіп, тағзым етеді. Өйткені шәкірттеріне білім мен тәрбие беріп, адамгершілікке бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Осынау зор еңбекті бір сәтте жоққа шығаратын нәрсе бос даңғазалыққа бой алдыру.
– Биыл тұңғышымыз мектеп бітіреді. «Алтын белгіге» үміткер. Ең алдымен ардақты ұстаздарына айтар алғысымыз мол. Алтын ұя мектебінде өтетін іс-шараға отбасымызбен қатысамыз. Ортақ қуанышты отбасымызбен атап өтеміз. Баланың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты екенін түсінеміз. Сондықтан бей-берекет баланың жүруіне жол бермейміз. Алда үлкен сын күтіп тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып, өздері қалаған оқу орнына түсіп, ел игілігі үшін қызмет ететін маман болуын тілейміз, – дейді ата-ана Динара Өмірзақова.
Тоқсан ауыз сөздің түйіні – соңғы қоңырау деп, сан соғып қалмайық. Баланың қауіпсіздігі мен амандығынан артық ештеңе жоқ. Оқу жылында аймақта болған оқиғалардан сабақ алуымыз керек.
Бибісара ЖАНӘЛІ