Оқу жылының аяқталуына орай білім бөлімінің басшысы брифинг өткізді
Енді аз ғана уақытта 2023-2024 оқу жылы аяқталады. Осыған орай Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков брифинг өткізіп, аудандағы мектептердің сапалы интернетке қосылу көрсеткішіне, оқу жылындағы жетістіктерге, ҰБТ-нің маңызды кезеңі мен Соңғы қоңырау, аттестат тапсыру кешін өткізудегі бірқатар өзгерістерге тоқталды.
– Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылы 25 мамыр күні аяқталады. Биылғы оқу жылында 8193 оқушы оқуды аяқтайды. Оның ішінде, 9 сыныпты - 806, 11 сыныпты 438 оқушымектеп бітіреді, – деді бөлім басшысы Берік Съездұлы.
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша сапалы интернет көрсеткіші төрт есеге артқан. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орта білім беру ұйымдарын жылдам және тұрақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша қамту 23%-дан 88/%-ға дейін өскен.
– Мектептерде жоғары жылдамдықтағы интернетті қамтамасыз етудің бірнеше маңызды артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл оқушылар мен мұғалімдерге үлкен көлемдегі ақпарат пен білім беру ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді, оқу процесі мен ой-өрісті кеңейтуге ықпал етеді. Екіншіден, жоғары жылдамдықтағы интернет түрлі онлайн-платформалар арқылы басқа мектептермен және білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, коммуникацияны дамытуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді, – деп атап өтті білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.
Білім бөлімі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, желілік қамтуды кеңейту, деректерді беру жылдамдығын арттыру және шалғай ауылдарды (Амангелді, Іңкәрдария) жоғары және тұрақты интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Starlink спутниктік интернет желісімен қамту сияқты түрлі іс-шараларды жоспарлауда.
Бөлім басшысының айтуынша 2023-2024 оқу жылы аудан үшін айтарлықтай жетістіктерге толы болды. Халықаралық ғылыми жобалар байқауында №139 орта мектептің оқушысы жүлделі І орын иеленді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша президенттік, республикалық олимпиада және ғылыми жоба конкурсының қорытынды кезеңіне 6 оқушы қатысып, 4 оқушы жүлделі орын еншіледі. Атап айтқанда №35 мектеп-лицей, № 36 мектеп-лицей оқушылары.
Алғаш рет өткізілген ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіне 6 оқушы қатысып, №42 мектеп-лицей, №36 мектеп-лицей, №210 орта мектептің оқушылары жүлделі орындарға ие болды.
– Бұл жетістіктердің барлығы, жүйелі әрі табанды жұмыстың нәтижесі. 2023-2024 оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша «Қамбаш» Олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтары базасында жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сынып оқушылары 6 кезең бойынша 96 оқушы дайындық курстарынан өтті. Сонымен қатар ауданымызда «Жарқын болашақ» олимпиадалық резерв мектебі жыл бойы үздіксіз жұмыс жасап, 150 оқушыға жыл бойы үздіксіз дайындық жүргізілді, – деді брифингте Б.Жәнібеков.
Одан әрі бөлім басшысы педагогтардың мәртебесін арттыру бағытында тиісті жұмыстар жалғасып жатқанын тілге тиек етті. 2023 жылдан бастапа удандық кәсіподақпен бірлесіп 3 кезеңнен тұратын пән мұғалімдер арасында кәсіби байқаулар ұйымдастырылуда. Бас жүлде алған ұстазға Алматы қаласында орналасқан санаторияға жолдамалар беріледі. Биылғы жылы қазақ тілі, география, биология пәні мұғалімдер арасында өткізілді.
Сонымен бірге, мектептерді қолдау, ынталандыру бағытында негізгі көрсеткіштер бойынша рейтинг жұмыстары жүргізіледі. Жоғары нәтиже көрсеткен мектептерге 1 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Атап өту қажет, былтырғы жылы №42, 131 мектептер үздіктер қатарынан көрінді.
– Сонымен қатар ағымдағы жылдың 6-14 мамыр аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең маңызды үшінші кезеңіне 371 талапкерден өтініштер (app.testcenter.kz сайты арқылы) қабылданды. Маңыздылығы сонда, бітірушілер осы тестілеудің қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грант конкурсына қатысатын мүмкіндікке ие болады, – деді ауданның бас ұстазы Б.Жәнібеков.
ҰБТ-ның 16 мамырдан басталып 5 шілдеге дейін жалғасатын болады. Сырдария ауданының түлектері Қызылорда қаласында орналасқан тестілдеу пункітіне тапсырады.
– Енді көпті толғандырған мәселеге тоқталсам, 24 мамыр күні 1-10 сыныптарда «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары, 25 мамыр күні 11сынып бітірушілері үшін «Мектебім саған мың алғыс» атты салтанатты іс-шарасы мектеп қабырғасында өткізіледі. 14 маусым күні мектеп бітіруші түлектерге арналған «Жолын болсын, жас түлек» аттестат тапсыру салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылады. Іс-шараларды өткізу мектептің бірінші басшылығының бұйрығымен және ата-аналар комитетінің келісімімен жүзеге асырылады.
Түлектердің міндетті түрде мектеп формасында болуы қатаң бақыланады. 25 мамыр, 14 маусым күндері тәулік бойы патрулдық полициямен, ата-аналармен, педагогтармен бірлесіп күшейтілген кезекшіліктер ұйымдастырылады.
Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес мемлекеттік қорытынды бітіру емтихандары 9 сыныптар үшін 29 мамыр-10 маусым аралығында 4 пән бойынша, 11 сыныптар үшін 28 мамыр мен 11 маусым аралығында 5 пән бойынша өткізіледі. Мемлекеттік емтихандарға дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді брифингте Б.Жәнібеков.
Сондай-ақ, барлық білім беру ұйымдарының басшыларына білім бөлімі тарапынан, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен сәнді киім-кешекке жұмсалатын шығындардың орынсыздығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, мерекелік дастархандарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қалада, қала сыртында экскурсиялар өткізуге жол бермеу жөнінде қатаң түрде тапсырылғаны хабарланған.
Жалпы, оқу жылын сапалы аяқтау және балалардың қауіпсіздік іс-шараларын үйлестіру білім бөлімінің тұрақты бақылауына алынған еске салды брифингте бөлім басшысы.
Бибісара ЖАНӘЛІ