Аудан әкімі Қоғамдық кеңеске есеп берді
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық Қоғамдық кеңес отырысына қатысып, 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған мақсат-міндеттер туралы есеп берді.
Аудан басшысы өткен жыл табысты болғанын атап, барлық салада даму қарқыны сақталғанына тоқталды.
– Ел Президентінің тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызда жоспарланған ауқымды жұмыстар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім қалыптасты. Жыл басында аудан бюджеті 9,7 млрд. теңгеге бекітілсе, жыл соңында 12 млрд. теңгеден асты. Аудан бюджетінің 65 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталды. Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін ауданның өнеркәсіп орындары өткен жылы 75,2 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, 2022 жылға қарағанда 32,8 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 21,5 млрд. теңгені құрап, 12,1 пайызға өсті. 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 27,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артты.
Қазіргі таңда ауданда 2765 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр. Жалпы, 2023 жылы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 4,9 млрд. теңгені құрайтын 454 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді, – деген Берік Әбдіғаппарұлы басқа салалардағы атқарылған жұмыстарды жеткізді.
Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 330,6 млн. теңгеге Қалжан ахун ауылына газдандыру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Нәтижесінде, ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету 35 пайызға жетті. Ал биыл С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылы табиғи газға қосылады деп жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында биыл аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталатын болса, аймақ басшысының қолдауымен салтанат сарайы, кітапхана, музей, архив және жастар, ардагерлер мен аналар бас қосатын «Руханият» орталығы бой көтереді.
Қоғамдық кеңес отырысында аудан басшысының есебі тыңдалғаннан кейін, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов пен аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі