Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекелік салтанат

Мерекелік салтанат

Аудандық мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиналған қауымды аудан әкімі Берік Сәрменбаев құттықтап, ел мен жердің қорғаны болған азаматтардың ел дамуындағы еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Тәуелсіз елді қорғап, оның тыныштығын күзету – ер азаматқа жүктелетін қасиетті міндет. Отан алдындағы әскери борышты адал атқару жігіттің жігітіне парыз және әскери қызмет жастарды қажырлы да қайратты, төзімді де тәубешіл болуға үйретеді. Ел тыныш болса, береке мен бірлік орнап, халық алаңсыз еңбек етіп, тыныш өмір сүретіні анық. Сондықтан бұл мерекенің алатын орны ерекше. Отан үшін қызмет етіп жатқан барша азаматқа амандық тілеймін. Халқымызға қорған болған әскеріміздің айбыны арта берсін, – деді аудан әкімі.

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысқан бірқатар азамат мерекелік іс-шарада облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталады. Олардың қатарында «Абай-Дәулет» ЖШС жүргізушісі Руслан Тасыбаев, «Мәді Қажы» ЖШС төрағасы Жанарбек Нұрымбетов, «Аманат» шаруа қожалығының директоры Меңдіғали Есжанов, «Жалын» еріктілер штабының жетекшісі Бексұлтан Серікбаев пен «Сырдария жастары» еріктілер штабының мүшесі Рамазан Ыдырысов бар. Ал аудан әкімінің Алғыс хаты Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділет Кенжеев, Сырдария аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицейі, полиция старшинасы Әсет Бегімбаев, №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Жайлхан Кеукенов, аудандық аурухана дәрігері Байтабын Рүстемов, Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының әскери есеп столы маманы Ермекбай Смайловқа берілді. Іс-шарада Сламбековтер отбасына ерекше марапат табысталды. Бұл отбасының балалары Инабат пен Дінмұхаммед ата-анасы мен ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиенің негізінде елге деген сүйіспеншілігін, құрметін, игі ниетін өздері жинап жүрген қаражатты гуманитарлық көмекті қабылдау пунктіне өткізу арқылы көрсеткен. Бұл – жастардың ортақ Отанымыздың бүгіні мен болашағына бей-жай қарамайтынын, Туған елін шексіз сүйетінін, ерекше құрметтейтінін білдіреді.

Мерекелік іс-шара әрі қарай концерттік бағдарламамен ұласты. Аудан өнерпаздары театрландырылған қойылым қойып, патриоттық әндер шырқады.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
07 мамыр 2024 ж. 216 0