29 сәуір - халықаралық би күні
Халықаралық би күні – «барлық биді» біріктіруге қызмет етіп келе жатқан атаулы күн. Бұл өнер түрі әр түрлі ұлт өкілдерінің басын қосып, ынтымақтастық пен бейбітшілікке баулып, этникалық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі.
Бидің де өзі үні, өз тілі болады. Би де талғамды қажет етеді. Тілмен түсіндіре алмайтын жайтты бимен жеткізуге болады. Онда аса терең философиялық ой жатады. Осындай ғажап өнердің насихаттаушылары, кәсіби бишілер атаулы мереке қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мерекенің маңызы және би құдіреті тұрғысында өзіндік ойларын ортаға салды.
- Бүгінгі мереке құтты болсын! Бұл күні француздық балетмейстер, би өнерінің реформаторы әрі теоретигі Жан Жорж Новер өмірге келген. Сол себепті бекзат өнерді бағына балайтын бишілер қауымы бұл күнді ерекше атап өтеді. Мен “Томирис” би ансамблінің балетмейстері боламын. Ансамбль жұмысы баяндасам. Алдағы уақытта ұжыммен бірге аудандарда шығармашылық кешімізді ұйымдастыру жоспарымызда бар. Бүгінде бізге демеуші жоқтың қасы. Дегенмен де шығармашылықтың жолында өнер сүйер ағайынға барынша осы мәдениетті танытқымыз келеді,- деді Гүлбану Елубайқызы.
Би өнері өкілдерінің айтуынша бұл өнерге жастардың қызығушылығы басым. Биге ынтасы бар студенттерге М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжі тарапынан лайықты қолдау бар. Қаншама жылдан бері бекзат өнердің жас өкілдерін өнер айдынына шығаруда Нұргүл халықтық би ансамблінің көші ілгері. Брифингке оқушы тәрбиелеуде орасан ықпалы бар ұстаздар мен шынайы өнерге шын кіріскен шәкірттер келіп, өзара сабақтастықтың көрінісін көрсетті.
- Біздің “Нұргүл” би ансамблі басында “Қарлығаш” атты атаумен құрылған болатын. 1975 жылдан бастап дәл осы атауға ие болды. Біздің би ансамблі студенттерден құралған. Қара шаңырақтан түлеп ұшқан түлектер қазірде би өнерінің көрнекті өкілдеріне айналып үлгерді. Алдағы уақытта осы дәстүрімізден жаңылмай, өнердің жас өкілдерін биге баулуды жалғастыра бермекпіз,- деді Салтанат Жамаладдинқызы.
- Менің биге деген қызығушылығым бірінші сыныптан басталды. Үміт Айтқұлова апайымның жетекшілігімен би әлеміне қадам бастым.
Төртінші сыныпқа дейін бимен айналыстым. Одан соң отбасы жағдайына байланысты өнерден қол үзіп қалдым. Дегенмен де қызығушылықтың нәтижесінде биге қайта оралдым. Өнерді мен үлкен ағашқа теңеймін. Оған да күтім керек,оны да баптау керек,оны да шыңдау керек. Осы жолда маған бағыт-бағдар берген ұстаздарыма айтар алғысым шексіз,- Махаббат Айтбайқызы.
@Қызылорда облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі