Өнер мен мәдениеттің киелі шаңырағы
Туған жер топырағы әрбір перзентін есейтіп, буынын қатайтып, жеке дара тұлға ретінде қалыптастырады. Қазақ даналығында «ауылы бүтінді аман де, елі бүтінді есен де» деген ғибратты сөз бар. Анты бір ауылдастың мерейлі шағы дүйім елдің ортақ қуанышына айналу үстінде. Биыл еңселі 50 жылды еңсерген Айдарлы ауылының тарихы әріде жатыр. Шежірелі тарихы тереңнен қалыптасқан ауыл мәдениетінің жұмысы күн санап жандану үстінде. Ұлт руханиятының мәртебесін биіктету жолында елді мекендегі мәдениет ошағының атқарар қызметі зор.
Бүгінде аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева жетекшілік ететін Ғафурдин Жанұзақов атындағы клуб үйінің ұжымы 1976 жылдан бері жергілікті халыққа мәдени, рухани бағыт бойынша үздіксіз жұмыс жасауда. Осыдан 9 жыл бұрын аудандық бюджеттен мол қаржы бөлініп, 150 орындық типтік жобадағы жаңа ғимарат бой көтерді.
– Қазақылықтан айнымайтын ауылдың төңірегінде өнер мен мәдениеттің нышаны ертеректен қалыптасқан. Ауыл адамы тұрғанда қазақ өнері мәңгілік өлмейді. Қайта талантымен даралана білген өнер майталмандары ауыл мәдениетін жандандыра береді. «Өнер – ұлттың жұтамас байлығы». Қаншама сүрлеу жолдан өткен ауыл тарихында бірнеше кадрдың есімі айрықша мәртебемен айтылады. «Елу жылда ел жаңа» демекші, тұғырлы тұлғалар өмірден өткенімен, жаңа буын ізін лайықты түрде басып келеді. Негізінен, Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клубында 9,5 штаттық бірлік бойынша 11 қызметкер жұмыс жасайды. Өткен жылы клуб ұжымының ұйымдастыруымен 50 мәдени іс-шара өткізіліп, 6135 көрермен тартылды. Кең көлемде клуб үйінің жүзеге асыруымен Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толғанына орай «Күй күмбірі» атты облыстық жас күйшілер байқауы, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Мен жастарға сенемін» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өткізілді. Ауылдық клуб үйінде қазіргі таңда Айдарлы халық театры, «Сұлу-ай» әжелер ансамблі, ән, би, көркемсөз, қолөнер үйірмелеріне 87 өнерпаз қамтылған. Бірнеше жылдан бері мемлекеттік бағдармалама шеңберінде ашылған «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығында «Домбыра», «Домбырамен ән салу», «Эстрадалық вокал», «Бисермен өру», «Кескіндеме сурет салу», «Көркем оқу» секілді үйірмелерде ұстаздар қауымы ауыл балаларын өнерге баулуда. Айта кетейік, былтыр біздің өнерпаздарымыз аудандық, облыстық, республикалық 26 байқауға қатысып, бірнеше жоғарғы орынға ие болды. Мәдениет ошағында ақылы қызмет жоспарланған межеден артық орындалды. Есепті мерзімде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы бойынша және өзге де бағытта 21 іс-шара ұйымдастырылды, – деді Анар Сраждинқызы.
Осы күні мәдениет ошағында әдіскер Орынбай Оспан, режиссерлер Рахия Абдукаримова, Ләззат Бекарыстанова, суретші Бақытжан Әлтаев, мәдени ұйымдастырушы Нұрила Кенесары табанды еңбек етуде. 36 жыл бедерінде үздіксіз жергілікті халыққа өнерімен танылған ақ жаулықты әжелер өмірде өзіндік орындары бар екенін дәлелдей түсті. Әрбірі ауылдағы ағайынның ортасынан табылып, отырған жерлерін әнмен көмкерді. Негізінен, 3 мәрте құрамы жаңарған «Сұлу-ай» әжелер ансамблінің алғашқы құрамында болған Оңалай Қалыбекова, Күлаш Сарымбетова Алтынкүл Әбсаттарова, Үйтолы Шоңбаева, Әлима Бекқожаева, Жаңылдық Бәймішова, Орынкүл Жүсіпова, Рахила Нұралиева, Базаркүл Толысбаева, Орынша Сүлейменова, Дина Батырбекова, Жұмаш Рахманқұлова, Нағима Әбдіраманова, Күлди Торғаева, Маржан Әнәпияева, Мысқал Сайдалиева өнер айдынында еркін қалықтай білді. Олардың жүріп өткен жолы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып табылады. 2015 жылы қайта жасақталған әжелер ансамблінде Гүлжаһан Есенбаева, Алия Смайлова, Қалипа Смайлова, Елеукүл Дүйсебаева, Күлзипа Рысымбетова, Ұлтай Бектаева, Райхан Мырзатова, Үрмаш Мусаева, Гүлжан Байбосынова, Күнім Байбосынова, Салтанат Әбдіраманова, Әсем Досжанова, Күніс Сыздықова, Гүлжан Бекманова, Роза Әлбатырова, Қуаныш Балқадирова, Қымбат Ниятова, Гүлмира Алиева, Пернекүл Шәуіткенова, Жанар Ибрагимова, Толқын Бисенбаева, Гүлжан Искакова лайықты өнерлерімен ел-халықтың қошеметіне бөленді.
Қазақ өнерін биік деңгейде насихаттап, өнердің көшбасында жүрген Айдарлы халық театрының мәдени-рухани кеңістіктен алатын орны мен маңызы ерекше. Халық театры 1976 жылы режиссер Рахия Абдукаримованың ұйымдастыруымен құрылған. Театр ұжымы С.Адамбековтың «Ох, жүрегім», Ы.Шотбаевтың «Құйынбайдың құдалары», М.Шамқаловтың «Қайын ене мен келін», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», Ш.Құсайыновтың «Рабиға», Д.Исабаевтың «Әпке», О.Бодықовтың «Қарақұм» трагедиясы секілді құнды дүниелерді жарыққа шығарған. Сахна майталмандары ауыл сахнасымен қатар аудан, облыс көрермендеріне қойылымдарын ұсынды. Іргелі ұжым облыстық, республикалық байқауларда топ жарған. 20-дан астам өнерпазы бар театр ұжымының Қазақ ССР Мәдениет Министрлігі коллегиясының шешімімен 1988 жылы жетістіктері жоғары бағаланып, «халықтық» атағы берілді.
– Ауыл өмірімен біте қайнасқан ауыл мәдениеті жыл өткен сайын сан бағытта түрленіп келеді. Жылдар бойы мәдениет саласының майталманы, анам Сұлуай Зейнебекова қалыптастырған дара жолды жалғап келемін. Жақында «Ғибраттың жарқын үлгісі – ақ жаулықты әжелер» тақырыбында Айдарлы ауылының 50 жылдық мерейтойы аясында «Сұлу-ай» әжелер ансамблінің шығармашылық кешін өткіздік. Біздің білікті де, білімді мамандарымыз ұлт мәдениетін жаңғыртуда аянбай еңбек ете бермек, – деді Анар Қалдыбаева.
Балтабай ОРДАБЕКОВ