Ұлттық мереке ұлықталған күн
Биыл асқарлық ағайын ұлттық домбыра күнін ерекше атап өтті. Жас пен жасамыс жиналған кеште ауылдық клуб үйінің ұжымы мен аудандық өнер мектебінің А.Тоқмағамбетов филиалының өнерпаздары көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл ретте, «Күмбірле, күй – домбыра» тақырыбында өткізілген концертке А.Тоқмағамбетов ауылының әкімі Ғ.Алданазаров, жергілікті тұрғындар қатысты.
Ұлттық мерекемен құттықтаған ауыл әкімі Ғабдолла Алданазаров аудандық өнер мектебінің А.Тоқмағамбетов филиалының ұстазы, «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығына қарасты «Домбыра» үйірмесінің жетекшісі Гүлназ Сералиеваға Алғыс хат тапсырды.
– Осыдан 5 жыл бұрын шілденің бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні ретінде бекітілген еді. Ауылымыздың мәдениет саласының мамандары жыл сайын айрықша атап өтеді. Ұлтымыздың ең қасиетті аспабы саналатын домбыраның тарихы тереңде жатыр. Ықылым заманнан домбыраның үніне құлақ түрген ата-бабамыздың қазыналы ғұмыры, жүріп өткен жолы ғибратқа толы. Әрбір өңірдің өзіндік сарыны қалыптасқан. Сыр мәдениетінің мызғымас бөлігі саналатын дәстүрдің ішінде домбыраның алатын орны зор. Біздің ауылымыздан жұлдыз болып жарыққа шыққан өнерпаздар жеткілікті. Осы ретте, ұстаздар мен балғын өнерпаздарға қолдау көрсете береміз, – деді ауыл әкімі.
Тағылымды кеш барысында «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының «Домбыра» мен «Эстрадалық вокал» үйірмесінің мүшелері өнер көрсетті. Бұл ретте, қасиетті домбыраны серік еткен өнерпаздар «Қосбасар», «Торы жорға аттың бөгелек қағуы», «Нәр ағашы», «Ақжелең», «Ерке сылқым» секілді бірнеше күйді тамылжыта орындады. Ал «Домбыра туралы баллада» сынды дәстүрлі және патриоттық әндер жиналған жұртшылық көңілінен шықты.
– Біз «Күмбірле, күй – домбыра» тақырыбындағы мерекелік концертке жоғары деңгейде дайындық жүргіздік. Топырағы киелі ауылдан түлеп ұшқан талантты өнерпаздар өнер көрсете білді. Айта кетейік, сахна төріне мәдениет саласының майталманы, қолөнер шебері Жәнібек Маханбеттің қолөнер туындысын іліп қойдық. Өз кезегінде жас ұрпақ санасына ұлттық өнерімізді дәріптеу – маңызды рөл ойнайды, – деді ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Әсел Ибраева.
Танымы бөлек кеште «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының құрытайшысы Анар Қалдыбаеваның демеушілігімен үздік оқушы, «Домбыра» үйірмесінің мүшесі Арайлым Бағдатқызына «Қамбаш» лагеріне және қосымша білім беру орталығына жолдама берілді.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ