Әлеуметтік саланың өзекті мәселелері талқыланды
Сырдария аудандық мәслихатындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өткізілді. Отырысқа аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов төрағалық етіп, депутаттардан бөлек қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Ең алдымен депутаттар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және «Мансап» орталығының жұмысымен танысты. Бөлім басшысы М.Қаратаев пен орталық директорының міндетін атқарушы А.Байымбетова атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңашылдықтарды таныстырды. Депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері сала қызметкерлерімен кездесіп, пікірлесті. Әрбір маманның жұмыс кабинетін көріп, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің сапасын жетілдіру бағытындағы ұсыныстарын тыңдады.
Мұнан кейін тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өткізілді. Аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов бюджет қаражатының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталып жатқанын айтып, сала жұмысының заң аясында сапалы ұйымдастырылуы үлкен жауапкершілікті талап ететініне назар аударды.
– Әлеуметтік саланың жұмысы қай кезде де өте ауқымды. Әсіресе ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету, жұмыссыздық деңгейін азайту, пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу үлкен еңбекті талап етеді. Аудандық мәслихат депутаттары сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстарында әлеуметтік саланың жұмысына әркез мән беріп келеді. Бүгінгі бірлескен отырыс сол жұмыстардың жалғасы. Біз саланың өзекті мәселелерін бірге талқылап, тиімді ұсыныстарды жүзеге асыруға жұмыс жасауымыз керек, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаевтың баяндамасы тыңдалды.
– Өңірлік жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша ауданымызда 3 110 жұмыс орнын ашу жоспарланды. Ал Ұлттық жобалар аясында 29 жоба бекітіліп, 242 жұмыс орнын ашу көзделді. Ел Президентінің әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес 499 жұмыс орнын ашу міндеті қойылды. Мұнан бөлек кедергісіз ортаны қалыптастыру бағытында бейімдеу жұмыстары 8 нысанға жоспарланды. Мүгедектігі бар адамдарды автокөлікпен тасымалдау бойынша әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған «Инватакси» қызметі бойынша 7200,0 мың теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу процесі жүргізілуде. Негізінен мүгедектер үшін 11 квота бекітілді. Сондай-ақ пробация және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған бойынша жұмыс орындарына 3 квота қарастырылған. 2024 жылға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ардагерлер арасында іс-шаралар ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алу процесі өткізіліп, жеңімпаз «Сырдария» қоғамдық қорымен 2008,9 мың теңгеге шарт жасалды. 2024 жылға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүгедектігі бар адамдар арасында іс-шаралар ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алу процесі өткізіліп, жеңімпаз «Сырдария» қоғамдық қорымен 2410,7 мың теңгеге шарт жасалды. 2024 жылға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар және пробация қызметінде есепте тұратындар арасында іс-шаралар ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алу процесі өткізіліп, жеңімпаз «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорымен 1607,2 мың теңгеге шарт жасалды, – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар «Мансап» орталығы директорының міндетін атқарушы А.Байымбетова есеп берді.
– Былтыр 1 шілдеден бастап «Еңбек мобильдігі» орталығы құрылды. Сырдария аудандық «Мансап» орталығы филиалы 2023 жылғы 11 шілдеде Әділет басқармасына тіркеліп, өз жұмысын бастады. Жұмыспен қамту орталығының жабылуына байланысты барлық белсенді шараларға қатысушылармен жасалған келісім шарттар тоқтатылып, Кодекске сәйкес «Еңбек мобильділігі» орталығы арқылы 1 шілдеден бастап бағдарламаға қатысушылармен 343 келісімшарт қайта рәсімделді. 2023 жылы 1056 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып, 1083 адам қамтылды. Былтыр жұмыссыз ретінде 2572 адам тіркеліп, жұмыс берушілердің сұраныстарының талаптары мен мамандықтарына сәйкес жұмысқа орналасуларына ықпал жасалды. Жыл аяғында 306 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде қалды. 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмыссыз ретінде тіркелгендерге статус беру, мүгедектігі бар адамдарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған пробация есебінде тұрған адамдарды аудан әкімінің қаулысымен бекітілген квотаға сәйкес жұмысқа орналастыру аудандық жұмыспен қамту бөлімінің құзіретінде болса, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап осы аталған жұмыстардың барлығын «Мансап» орталығы атқарып, квотаға сәйке тізімдегі мекемелерге 10 мүгедектігі бар адам және пробация есебінде тұрған 4 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жұмыс іздеушілерді, жұмыссыздарды тіркеу және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарын enbek.kz порталына уақытылы жариялауына ықпал жасап еңбек делдалдығын жүзеге асырады, – деді А.Байымбетова.
Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін ұсыныс-пікірлерге кезек берілді. Аудандық мәслихат депутаттары А.Есназар, Ә.Серікбаев, Д.Ералиев, М.Бакуов, Е.Жақып, А.Ибрагимұлы сайлаушылардан түскен өтініштер негізінде бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері пікірлерін айтты. Әр мәселе бойынша сала басшылары мен мекеме қызметкерлері жауап беріп, заң шеңберінде түсіндірді.
Бірлескен отырысты қорытындылаған аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов депутаттарға жеке және заңды тұлғалар өкілдеріне арнап қабылдау ұйымдастыру, депутаттық сауал жолдау, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысу ортақ міндет екенін айтты.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ