Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде

Болат Нұрсейітов – Сыр өңірінің мақта­нына айналған қайраткерлер қатарында есімі де, еңбегі де ерекше құрметпен аталатын тұлғалардың бірі де бірегейі. Шаңдайкөлдің табанында туып-өсіп, қасиетті дарияны жағалай қоныстанған өлкеде азамат болып қалыптасқан ол елді аузына қаратқан игі жақсының басы болған Нұрсейіт биден, малын үйірлеп санаған бай, қуатты Жанәбілден тараған ұлағатты ұрпақ еді. Биыл қайраткер-тұлғаның туғанына – 100 жыл.

Айтулы датаға орай Ақжарма ауылдық округінде аудандық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдас­тырылды. Мүшәйраға Тереңөзек кенті мен ауылдардан он ақын қатысып, өлеңдерін ұсынды. Талапкерлердің шығармашылығын ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов, ауыл ардагері Ибрагим Шайымов, ақын Ақтөре Ибрагимұлы бағалады. Мүшәйраны ауыл ардагері Өмірбек Сағындықов пен ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов ашып, талапкерлерге сәт­тілік тіледі.

– Жалынды жастық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген Болат Нұрсейітов ел мүддесін бәрінен биік қойған майдангер екенін де айтып өтуіміз қажет. Соғыстың өрті мен отын көзбен көріп, жаны да, жүрегі де жараланған азаматтың елге аман-есен оралып, жүйелі де жемісті еңбек етіп, абырой биігіне көтерілгені бір кітапқа жүк боларлық тарих. Адал еңбекті ту ету арқылы маңдай терін сарқып, тарихи маңызы бар жұмыстарды атқара жүріп өзі де тарихи тұлғаға айналған Болат Нұрсейітовті сырбойылықтар ұмытқан жоқ. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» демекші уақыт өткен сайын қайраткер тұлғаның есімі де, еңбегі де еленіп, ел-халықтың құрмет-қошеметі артуда, – деді Өмірбек Сағындықов.

Мүшәйрада ақындар Б.Нұр­сейітов­ке арнау өлең мен еркін тақы­рыпта жазған жырларын оқыды. Екі кезең бойынша қазылар алқасы өлеңдердің ұйқасына, көркем­дігіне, мәні мен мағынасына назар аударды. Нәтижесінде бас жүл­дені шіркейлілік Мақсұт Әбса­дықов иеленді. Жүлделі І орынды Қоғалыкөл ауылынан қатыс­қан Ақерке Балманова еншілесе, екінші орын С.Сейфуллин ауылының тумасы Бақтөре Айтбаевқа берілді. Қос бірдей үшінші орынға аманкелділік Данияр Уәлиев пен ақжармалық Тұмарлан Өмірбек лайықты деп танылды. Жеңімпаздарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар берілді.

«Тт» ақпарат
20 сәуір 2024 ж. 200 0