Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-қырым қызбасы: Сала мамандары барынша сақ болуды ескертеді

Конго-қырым қызбасы: Сала мамандары барынша сақ болуды ескертеді

Конго-Қырым қызбасы көктем мен жаз мезгілдерінде өршиді. Ауру белгілері кене шаққаннан кейін бір апта ішінде білінеді. Бүгінде облыста 48 күдікті жағдай анықталып, оның 13-нің диагнозы расталды. Қазіргі таңда аталмыш ауруға қарсы залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова хабарлады.

–Қазіргі таңда облысымызда Конго-Қырым қызбасының алдын алу шаралары басталды. Бүгінде облыс бойынша 115 елді мекен қолайсыз деп танылды. Атап айтқанда, Аралда – 11, Қазалы мен Қармақшыда – 16, Жалағаш пен Сырдария – 11, Жаңақорғанда –18, Шиеліде – 20, Қызылорда қаласында – 12 елдімекен есепке алынды. Сондықтан кенеден қауіп көп деген сөз. Яғни, біздің климаттық жағдайымыз осы кенелердің өмір сүруіне өте қолайлы болып есептеледі. Әсіресе, далалық аймақта жұмыс істейтін адамдар үшін ауру жұқтырып алу қаупі арта түседі. Бұл ретте сақтық шараларының қатаң орындалуы аса маңызды, - деді Әлия Мүтәліпқызы.

Брифинг барысында жауапты сала мамандар Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жүргізіліп жатқан шараларға тоқталып, қолға алынған негізгі шаралар туралы баяндады.

–Биыл өңірде кенелерден қолайсыз аймақ ретінде 115 елді мекен анықталған болатын. Осы аймақтарда көлемі 2 886 841 м құрайтын қора және 762 992 бас мал саны бар. Осы қолайсыз елді мекендерді залалсыздандыру жұмыстары 9 сәуір мен 8 маусым аралығында жүргізіледі. Сондай-ақ, арнайы «ЦИПЭК-10%» препараты қолданылатын болады. Қазіргі таңда Жаңақорған және Шиелі аудандарында залалсыздандыру жұмыстары басталды, - деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Ердәулетұлы.

– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының жасырын кезеңі 2-14 күн. Науқас адамның қаны арқылы жұққанда 9 күнге дейін қысқаруы мүмкін. Негізгі клиникалық белгілері: науқастың дене температурасының кенеттен 39-40 градусқа дейін көтерілуі, қатты бас ауруы, көздің қызаруы және мойын, арқа, бел ауруы, жүрек айну немесе құсу, іштің ауыруы. Аурудың одан әрі дамуымен қан қысымы, бетте, мойында және дененің жоғарғы бөлігінде бөртпелердің пайда болады. Сондай-ақ, мұрыннан, қызыл иектен, асқазаннан, жатырдан қан кету, инъекция орындарында көгерулер пайда болады. Сондықтан далалық аймақтарда жүргенде барынша сақтанған абзал, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Абубакирова.

– Осы елді мекендерді кенеге қарсы ветеринариялық препараттармен егу жұмыстары басталды. Өткен жылы 194,4 мың бас ауылшарушылығы жануары кенеге қарсы егілді. Сонымен қатар, басқарма тарапынан залалсыздандыруға арналған барлық қажетті препараттар сатып алынып, тиісті елді мекендерге жолданатын болады, - деді облыстық ветеринариялық басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.


@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
10 сәуір 2024 ж. 207 0