Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Ана шапағаты

Тұтастай дәуір көшіп кете барғанда көңіл құлазып қоя берді. Дүниеде жақынын жоғалтудан артық қасірет бар ма дерсіз?! Оның қамқорлығын көрген мен үшін абыз кеуде жан енді қайтып оралмасына сенбедім. Құндақтаулы сәби күнімнен бауырына басқан жүрегі мейірімді ананың әжім басқан бейнесі жадымда мәңгі өшпейтіндігін білемін. Расында, табиғатынан қаттылығы, адуынды мінезі ешкімді бет қаратпайтын. Еш уақытта ол біреуге маймөңкелегенді ұнатпайтын. Қулық-сұмдықты жанына жуытпайтын. Қара шаңырақты құлатпай, іргесін сөктірмей берік қыла түскен Ұлпанды былайғы жұртшылықтың бәрі біледі. Ғибратынан өнеге сезінген балалық кезеңім ақылман ананың қасында өтті. Жалған өмірге қимасым осыдан бірнеше жыл бұрын ұзақ уақыт бойы қинаған дерттің алдында дәрменсіз күйде кете барды.

Күнде талай адамға пана болған үлкен үйдің алдынан өткеніммен, мен іздеген адамым жолықпайды. Үнемі жолымды тосып бөрене үстінде отыратын ақ жаулықты ана қалайша сағымға айналды?! Қалада оқып жүргенімде апта сайын келмесем, әжемнің қасына келіп қонбасам, мауқым басылмайтын. Керуеттің үстінде сұлқ түсіп жатқан күйі өткен өмірін еске алып жатқандай көрінеді. Сексеннен асқанша анау-мынау сырқатыңа бет қаратпады. Еңсесі енжар тартып, төменге түспеді. Сүйегі асыл ана құшақ-құшақ отынды екі пешке маздатып от жағатын. Үйдің қаншама шаруасына шыдап бағып, тірліктен қол үзбейтін. Алтын құрсақты ана қайраты яки бойындағы қуаты тұрғанда келін біткенге артық іс қалдырмайтын еді.

Бізбен көрші тұратын Ұлпан әженің жанынан қартайған шағында жиі табылатынмын. Жас отбасы ретінде енді аяқтан тұра бастаған кезінде әке-шешеме талай мәрте жәрдемдесіп, ақылын айтып отыратын. Мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасқан анама бала қарау жағынан қарайласып, біздің буынымызды қатайтты. Әрдайым бесік жырымен ұйықтатып, кешке дейін қарындасым екеумізге қарайласқанда шаршадым деп қабақ шытпайтын. Сондай көңілі жұмсақ адамның панасында болғанымыз қандай жақсы.

Ұлпан әже өзінен жырақта жүретін перзенттерін сәт сайын ойлайтын. Үлкен ұлы – Бақтыбай дүниеден өткен кезде қанаты қайырылып, ананың салы суға кетті. Бақтыбай көке айналасын күлкіге көмкеріп, әзілімен айналасын қағытып отыратын. Бір күні көрші шешен ұлтының өкілі Рая әжей дүкеннен келе жатқан. Көкем далада бірге отырған менің құлағыма сыбырлай жөнелді. Оны естіп алған мен:

– Рая әжей, менің көкеме күйеуге шығасыз ба? Сізді әкемнің автобусымен алып қашамыз.

– Әй, бала, көкеңнің мені алуға шамасы жетер ме екен?!

– Үйіңіз мынау тұр ғой. Болмаса көкем арқасына арқалап үйіне әкеліп алады.

– Осының қағытпа қалжыңы таусылмайды, – деген көрші әжей үй жағына кіріп кете барады. Біздің әңгімемізге рахаттана күлген көкемнің иығы әлсін-әлсін селк-селк етеді.

Ойын баласы болғандықтан, әр үйдің еркелері дереу жинала қаламыз. Асыр салып ойнап жүргенімізде Ұлпан әжем шайға шақырады. Ауладағы балаларға күйдірілген қанттан үлестіріп береді де, мені үйге кіргізіп алады. Ұлпан әженің қолы берекелі болатын. Дастарқанынан қуырылған балығы мен бауырсағы үзілмейді. Әрине, қазаны оттан түспейтін үйден адам арылмайды. Қашанда қонағына қабақ шытпайтын Ұлпан әженің нан салмасын сүйсініп жейтін едік.

Зымыраған уақыт. Ырқыңа көнбес өмірдің дегені. Ұлпан әженің Әлимасы, Патимасы, Жаңылы қайтыс болғанда әзиз ана Тәңіріне шағым айтпады. Тек қана өткенге сала­уат айтып, іштей тынды. Ананың мұқалмас көңілі жасымады.

– Сен де менің бір немеремсің. Кішкен­тайыңнан көз алдымда өскенің, былдырлап сөйлегенің ерекше қызық еді. Сенің мақтанарлық ұл боларыңа сенемін. Келінімнің қолынан шай ішпесем де, бола­шағыңа әжең үмітпен қарайды, балам.

«Әже, сіз болмағанда біз қайтер едік? Әлі талай келініңізбен шүйіркелесесіз. Шөбере­нің қолынан су ішесіз» дегенім бар.

Осы күні мен өскен үй қаңырап бос тұр. Ұлпан әженің ұлы мен қызы Астана мен Алматыда тұрады. Өткен-кеткен көзкөргендер Ұлпан әженің тектілігін жарыса айтады. Қайран әже, сен қолданған сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтіні рас. Балаңды жебеп жүрші, әже!

Балтабай Ордабеков
09 сәуір 2024 ж. 149 0