Қыз ғұмыры
Бесіктің төменгі жағында отырып, баласын тербеткен келіншектің кенеттен көзі ілініп кеткен еді. Қаншама күн уайымнан арыла алмай жүрген жас ананың тағдырымен ойнаған кім екені белгісіз. Тек өзіне мәлім бейтаныс жанның жүрегі тастан жаралған ба дерсің? Жылай-жылай жанарынан жас сарқылған өрімдей қыздың өршілдігі – өміріне балта шапқан адамға қайта бұрылмағаны болатын.
Иә, Ағжанның өмірі адамның басына салмас сан түрлі тосын оқиғаға толы. Оның талдырмаш сұлулығынан мін таба алмас едік. Арамдық атаулыдан жаны таза бұрымды ару құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнаған қала тіршілігіне бой үйрете бастаған кезі еді. Анадан алған ақыл, әкеден көрген тәрбие кісі баласына жамандық ойлаудан ада қылған. Иманы жүрегінде ұялаған ибалы ару күндер өтіп ең алғашқы махаббатына жолығады. Күн сайын үздіксіз көңіл бөлген сүйгеніне иланған Ағжан оған бар өмірін арнауға дайын. Түн ұзақ сырласып, аспандағы жұлдызды санап тауыса алмайтын қос ғашықтың сол бір кезі махаббаттың бал шырынын татқан ғаламат сәті десек, қателеспейміз.
– Ардақтым, Сіз бұрын қыз баласына ғашық болып көрдіңіз бе?
– Менің өмірімде жолыққан қыздардың ішіндегі ең бағалысы бір өзінсің.
– Мен, әлі жаспын. Оқуымды бітірген де жоқпын. Сонда да сүйесіз бе?
– Жүрегімнен орын алған аруды шын қалап ұнату – өмірлік арманым болғанын қыз түйсігі заматында сезген шығар.
– Қыз сынағынан өтуге дайынсыз ба?
– Әрине.
Бір-біріне ынтыққан қос ғашық жұптары жазылмай ұзақ жүрді. Қала көшесіндегі ызғыған көлік шуынан шаршаған уақытта бойжеткен мен сері жігіт өзеннің жағасында серуен құратын. Махаббат дастаны дәл кинодағыдай баянды басталғанымен, ақырында шым-шытырық, түсініксіз дүниеге айналғанын ешкім біле қоймас.
Күндіз оқудан бас алмайтын Ағжан – қалаға іргелес жатқан ауылдың қызы. Апта аяғында сабағы аяқталысымен ауылына қайтуға асығады. Ауылдағы қарашаңырақта жүрсе де, сүйгенін бір мезет те естен шығарған емес. Телефонға телміріп Ғанидың қоңырауын күткен Ағжан санасын жаулаған тынышсыздықты үйдегі жақын-жуыққа білдірмейтін. Біраз уақыттан бері жасы отыздан асқан жігіті байланыссыз қалған. Күн өткен сайын күйзеліске бой алдырған сұлу бойжеткен сезімінің алдында дәрменсіз екенін байқатып қойды. Сағынышқа айналған әрбір кездесу келмеске кеткен. Үнемі анасымен сырласатын қыз баласының тұйықталуында зіл батпан мұң жатыр. Себебі қаншама ай бойы өмірінің мәніне айналған Ғани өзге отбасының отағасы екені уақыт өте белгілі болды. Сенгенінен қол үзген сәтте бейкүнә қыздың жүрегінің түбінде тағы бір жүрек соғып тұрғанын Ғани да, өзгелер де білмеді.
Тоқсан жылға татыған тоғыз ай, тоғыз күн. Іші білене бастаған Ағжан қаншама рет баласынан ажырауға байлам жасады. Бірақ ары жібермеді. Әке қатыгез болғанмен, ана мейірімді екенін өмірдің өзі айқындап берген. Ауылдағылардың құлағына жетпес үшін Ағжан барынша жасырып бақты. Дегенмен асқар тауынан зілдей ауыр сөздер естігенімен, Ағжан анасынан жылулық іздеді. Мұндайда көрегенділік танытқан ата-ананың қамқорлығы бойжеткеннің еңсесін тіктеуіне септігін тигізді. Шешесі көзінің қарашығын жанына ертіп, есін жиғызды.
Әлгінде баласының ұйықтағанын пайдаланып, жастыққа жантайған Ағжан ұйқысынан таңата оянды. Терең ойға шомылған ол – ұлының әкесін емес, 20 жасқа келмей жатып шоқ басқан өзін жазғырумен болды. Болған дүние өз уақытысында өткен. Шыр-пыр болып асқар тауының алдында ақталған қыздың арманы асқақ екенін білеміз. Қайтпек керек, қиялға толы махабат хикаясы орта жолдан үзілді. Алғашқы махаббаты бірінші отбасымен бірге хат-хабарсыз жоғалып кетті. Ағжаннан баласы бар екенін мойындамады.
Қыршыннан қалған аманат
Құндақтаулы сәбиін құшақтап оқу мен ауылдың ортасын жол қылған ауыртпалыққа толы күндер уақыт өте артта қалған. Анасының ізін қуып, өнерге бір табан жақын болған Ағжанның қабырғасын қайыстырған өкініші – аяулысынан ерте айырылуы еді. Енді ғана өзі жетекшілік ететін саланың бүге-шүгесін меңгере бастаған тұста бойжеткенге демеу болған қос қанатының біреуі кенеттен қайырылып түсті. Сұқтана қараған талай адамның көзінен қызғаныш көретін балалы әйел басын жерге бұқпады. Қайта қайғы қамытын шешкен бойда өткеннің есігін қатты жапты.
Кезекті қызметтік сапар барысында әріптесі Мұхит екеуі ауылға бірге қайтып келе жатты. Өнер байқауында әуелете ән шырқаған олар жол үстінде шығармашылық, өмір хақында ұзақ әңгімелескен. Мұхит жары Маржанмен ойластырған болашаққа деген армандарын қыз да болса досына риясыз жайып салған.
– Сендер керемет жұпсыңдар. Мен ше....
– Ағжантай, сені де бақытты ететін адал жар кездеседі әлі.
– Мұхит, білесің бе? Қыз баласы аңғал, аңқау келеді. Шын ұнатқан кейіп танытатын, есімін атағым келмейтін тексіздердің қыздың арын былғауға қалай дәті жетеді екен.
– Адам аласы ішінде, Ағжан. Әйтпесе, өрімдей қыздың тағдырымен кім ойнағысы келеді?
– Мен оны ұмытқанмын. Жаныма медеу болатын балам бар. Сосын достарым, сендер бар екеніне шүкір!
Ұзақ әңгіменің арасын жол үстінде орын алған алапат апат үзді. Олар мінген көлік жол апатына түсіп, дүниенің астан-кестені шықты. Қозғалыссыз жатқан Мұхиттың заматында демі үзіліп, жары мен баласын жақындарына аманаттап, қатегіздікке толы өмірден кете барды. Көліктің қирандысының арасынан Ағжанды алып шыққанда белден төмен қарай жансызданып жатқан әріптесінің жағдайынан бейхабар. Жедел-жәрдем көлігіне мінгізген сәттен есінен танған қыздың жүрегі ғана соғып жатқаны өте аянышты.
Аурухана дәлізінде зыр жүгірген медбикелер қан жоса болған қыздың денесін тазалап «Жан сақтау» бөлімшесіне дереу кіргізді. Өмірі үшін ажалмен арпалысқан Ағжанның ертеңгі күнінен үміт жоқтығы көңілге секем тудырады. Шыр-пыр болған әке мен бауырлары аурухана есігін күзетіп тұр. Сол түні бүкіл дүниені қайғы түнегі басып кеткендей күй кешкен жақын-жуық Тәңірден дұға-тілек тіледі. Әке үшін перзентінің амандығы бірінші орында. Самайдағы ақ шашты санамаласақ, бейнеті арылмаған оның жүрегі әлдеқашан сыр берер еді.
Ауруханадағы жағдай қалыпқа түсе бастағанымен, Мұхиттің о дүниелік болуы ең бірінші кезекте Маржанға ауыр соқты. Болған оқиғаны жан-жақты зерделеген Мұхиттың мүрдесін жол сақшылары ағайын-туысына тапсырды. Небәрі 26 жасында жесір қалған Маржан жалғыздық қамытын киген еді. Жігіттің серісі атанған оның жолдасының артынан екі ұл қалғаны жанға медеу. Меңіреу өмірдің өзекті өртейтіні өте өкінішті. Қаншама рет сабыр қылғанмен, сахна төрінде сырлы әуенді әуелете шырқаған сырбаз жігіттің дауысы мәңгі есте қалатын секілді.
Жол апатынан кейін бірнеше күн өткен. Мұхиттың бірінші жетілігі беріліп, барлығы тағдырдың ісіне көндіккен. Палата ішінде бір нүктеге қадалған Ағжанның екі аяғы жансызданып, денесінің біраз бөлігі зардап шеккен. Әлі талай аяққа тұрып кетесің деген сөзден мезі бола бастаған ол – соңғы уақытта қасында ешкімнің болғанын қаламады. Дәрігерлер әлдеқашан үміт үзіп қойған. Тек жақындарына естірту үшін олар оңтайлы уақытты күтіп жүр.
Бір күні палатаға ауылдағы бір топ ақ жаулықты ана кіріп келді. Ағжантайдың амандығын білгісі келген әжелер бар өмірін жазғырумен болған қызға дем берді. Бар білген ақылдарын айтты.
– Қарағым, қайғыңа ортақпыз. Қозғалыссыз жатқан сені көріп, жасарымызды жасаған біздің өзіміз өмірден баз кешіп кетердей болып отырмыз. Наурыз мерекесіне дейін жанымызға ораласың деп сенеміз. Әттең... Арқасүйерінен көз жазып қалған Маржанды атсай... Осылай әрқайсысы тіл қаққан аналар селк-селк етіп жылаған күйі дәлізге қарай палатадан шығып кетті.
Ауруханада төсегінде жатып мезі болған Ағжан жақындарына үйіне шығаруды өтініш етті. Баласын сағынған ана арбаға таңылғанымен, өзіне ыстық көрінетін отауына оралуға асықты. Барлығы уақыт еншісінде деген дәрігерлер қолдан келгенді жасағандарын жеткізді. Дегенмен қайта аяққа тұруға деген сенім аз. Осылайша, көлікке мінуге жүрегі шайлығып қалған Ағжан жол үстінде Мұхитты жоқтап, ағыл-тегіл жылады. Оның аманаттап кеткен сүйген жары мен екі ұлына қалай бас-көз болмақшымын деген ой жанын жегідей жеді. Өз баласын құшағына қыса алмаған жас ананың ел қатарлы жүріп кетуі неғайбыл еді. Бәлкім, бойында жігері тасыған, өнерге берілген, мәдениет десе жанын беруге даяр тұратын Ағжанның арманы алдамаған болар.
Әруақ қысқан түн
Көрші ауылда сынықшы апа барын естіген Ағжанның туыстары құр сүлдері қалған жанды қолы алтын кісіге апаруды мақсат тұтты.
– Дәрігердің қолынан келмеген ғажайыпты сынықшы жасайтынына сенімдісіздер ме? Мені неге сонша қинайсыздар?
– Ағжантай, бәрі де сен ойлағандай емес. Мүмкін әруақты кісінің шапағаты тиіп қалар...
– Әй, қадам...
Ұзақ жолды еңсерген Ағжанды сынықшы үйінде күтіп отыр екен.
– Айналайын, қызым! Келдің бе? Мен сені ұзақ күттім. Бір күні келетініңді сездім. Кәне, тұршы орныңнан.
– Әже, мен тұра алмаймын ғой. Бірнеше ай болды осылай жатқаныма.
– Тұра аласың. Кәне өзім демейін.
Еңсесі өздігінен көтеріле берген Ағжан сынықшы кемпірдің көзіне жәутең-жәутең етіп қарап қояды. Түргеле бергенде кемпір:
– Артыңа қарама қызым. Есіктен шығып кет өз аяғыңмен. Апаң сені дұға етеді.
Осылайша көлікке өз аяғымен барған Ағжан сол күні адам сенгісіз жайтты бастан өткерді. Таң бозарып ата бастаған сәтте денесінде зақымдалған сынық парт-пұрт етіп, өз орнына келе бастады. Тылсым күш денені ерекше баурап алған. Аяқтың басынан бастап, кеудесіне дейінгі аралық қайта қалыпқа түседі. Тәңірдің құдіреттілігі соншалық Ағжанды анадан қайта туғандай балғын ете түсті. Суық тер маңдайынан аққан мезеттен қуаныштың көз жасы да тоқтамастан төгілді.
Қайткенде өмірге қайта оралам деген қыздың арманы орындалды. Шын мәнінде, мешел қоғамның ортасында жүрген оны адамдар мәңгілік төсекке таңып қойған. Жақынға масыл болудан артық қорлық жоқтығын сезетін Ағжан жол апатынан болған сынықтың бәрінен арылды. Аяғын тең басуға қауқары жетті. Расында, әруақ қысқан күні Ағжанның екінші өмірі басталды.
Қайта оянған сезім
Дүниеде күпірлік етпеу керектігін Ағжан баянсыз махаббатынан кейін айқын көз жеткізген. Ғашықпын дегендерге алғашқыда пысқырып қарамады. Құрбысы Маржан мен оның ұлдарынан қашанда қамқорлығын аямайды. Бір күні «Сырдария» өзенінің бойын жағалап, ауылға қайтып келе жатқан тұста тек жақсылықты арман етті. Қайтсем де облыс орталығынан үй алып, өз теңімді табамын деген қыздың бақытты болуға қақысы бар еді.
Уақытпен санаспай еңбек ете білген Ағжанның жұмысы алға баса бастады. Баласы оқуға түсіп, анасының қолқанатына айналған. Кезінде басына қиындық түскенде араласуды қойған біршама жалған достан күдерін үзген. Әйтсе де көп ұзамай қол жеткізген жаңа баспанада бақытты өмірдің нышаны байқала бастады. Қазіргі уақытта сүйген жарымен бос уақытын пайдалы өткізетін Ағжан әкесінің ұзақ ғұмыр кешкенін қалайды. Тек анасы мен Мұхиттың өмірде жоқтығы жанын жиі мазалайды. Осындайда тыныштық табу үшін отағасының жылы құшағын паналайды.
– Дәкем, кешқұрым әсем Алматының көшелерінде мен сізбен қол ұстасып жүремін деп ойламаппын.
– Бізді кеш жолықтырған Тәңірдің өзі ғой. Бәлкім, енді сені сүйгенінен ешқашан ажырамасын деген шығар.
– Сізді кім жіберейін деп жатыр... Құлыптаулы жүрегімнің кілті тек өзіңізде.
– Қаншама жыл жабырқаулы болған көңіліңе қаяу түсірмес үшін өміріңе келгенім рас. Басымызға сан қилы нәубет келсе де, тек біздер ажырамайық, алтыным!
Күнделікті өмір жалғасын таба береді. Тағдыр соқпағынан сүрінбей өткен Ағжан секілді қаншама жан өмірден орнын таба алмай жүргені өкінішті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ