Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым қанды қызбасы өлімге әкеледі

Конго-Қырым қанды қызбасы өлімге әкеледі

Жыл сайын көктем айында елімізде Конго-Қырым гемморагиялық қызбасы деп аталатын індет өршитіні белгілі. Сыр өңірінде де аса қауіпті аурудың ошақтары кездеседі. Кенеден келетін кеселдің қауіптілігі – оның соңы қайғылы жағдайға душар ететіндігінде. Былтырғы жылы 6 адам көз жұмған. Сондықтан аймақта бұл кеселмен күресті күшейтуді қолға алу күн тәртібінен түскен емес.

Кене – індет тасымалдаушы

Табиғаттың көктем мезгілі келісімен ауа-райы күрт жылынып, түрлі жәндіктер де оянып, топырақ астынан сыртқа шығып тіршілігі жанданады. Осы маусымда адам өміріне қауіп әкелетін кененің де сан алуан түрі айналаны қаптап кететінін көріп жүрміз. Әсіресе тоғайдағы өсімдікті, жайылған малдың үсті-басын қаптап кететін кененің арасында вирусты инфекция тарататыны адам өміріне қауіп әкеледі. Аса қауіпті жұқпалы ауру – Конго-Қырым қанды қызбасы деп аталады. Аурудың аты айтып тұрғандай, бұл қызба ең алғаш рет Қырымда тіркелген. Онда ауру кене адамды шағып, вирустың өршуіне әкелгендігі дәлелденген. Бұл дерттің негізгі қоздырғышы адамды кене шаққанда, қанмен жұғады. Сонымен қатар ауруды жұқтырған жануарлардың, төрт-түлік малдың ағзасында болады. Сондықтан адамдар ең алдымен кенеден сақтануы керек.

– Кене – қанмен қоректенетін жәндік. Оның иіс сезу қабілетінің дамығаны сонша 100 метр қашықтықтағы адамды сезіп, адамның денесіне жабысып алады. Зиянды жәндік 1 секундта 7 сантиметрге дейін жылжиды. Бір тәулікте 200 мг дейін қанмен қоректенеді. Мал ұстайтындар кененің мал қорада, малдың қиында, құстың ұясында, тоғайдағы өсімдіктердің түбінде шоғырланғанын аңғарады. Кененің бір ғана аналығы 18 мыңға дейін жұмыртқа тастайды. Өте жылдам көбейетін жәндік жұқпалы вирусты бойында 2 жылдан аса уақыт сақтау қабілетіне ие, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самалбек Өмірбаев.

Жоғарыда айтылғандай індеттің шығу тарихы Қырымда басталған. Ауру 1944 жылы тіркелгенімен, инфекцияның қоздырғышын мамандар арада 1 жыл өткенде ғана анықтаған. Дәл осы індетке ұқсас ауру кейін Африканың Конго елді мекенінде де тіркеліп, ұқсастығы дәлелденген соң оны біріктіру ұсынылып, оның атауы Конго-Қырым қанды қызбасы деп аталған. Негізінен ауруды жұқтырған адамның бойында қан арқылы жылдам тарайтын вирустан дене қызуы 40 градустан асып кетеді. Басы ауырып, әлсірейді. Бұлшық еті қақсап ауырады. Буындарында да ауырсыну байқалады. Ауру жұқтырған адамның жүрегі айнып, құсады. Екі-үш күннің ішінде жағдайы нашарлап, кене шаққан жерден, мұрнынан, тістің қызыл иегінен қан кетеді. Іші өтіп, бауыры ауырады. Қауіпті індеттің соңы өлімге әкеледі. Сондықтан малшылар кенемен жанасу кезінде оның қанын жалаң қолға, көзге, ауызға тигізбеуі керек. Өйткені кененің қаны ауруды жұқтыру қаупін жоғарылатады. Ал кенеден қорғанудың бірден-бір амалы – ұзын жеңді киім киіп, дененің барлық жерін қымтап, өте сақ болу.

Медициналық көмектің маңызы зор

Кез келген адам өзін кене шаққанын байқаса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Бұл жайында мамандар былай деп кеңес береді:

– Ерте көктемде кененің белсенділігі жоғары болады. Сондықтан кене шаққанын байқасаңыз, медициналық көмек алуға асығыңыз. Дереу дене қызуын бақылап, 14 күннің ішінде қауіпті аурудың алғашқы белгілері пайда болса, науқас ауруханаға жатқызылып, оқшауланып тиісті ем-шара жүргізіледі. Көктемнің алғашқы айлары мен жаз мезгілінде табиғат аясына шыққанда міндетті түрде ашық түсті киім киіп, қымтанып алған дұрыс. Себебі киімге жабысқан кенені ашық түсте бірден көруге болады. Арнайы кенені үркітетін сұйықтықтарды сеуіп алу да қауіптің алдын алады. Табиғаттан оралған соң міндетті түрде киімдеріңізді, денеңізді түгел қарап, тексеріп шығыңыз. Мал ұстайтындарға айтарымыз, көктем-күз айларында қораға кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізіп алу қажет, – дейді басқарманың эпидемиологиялық бақылау және қадағалау, қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің жетекші маманы Ұлжан Нұрбаева.

Маманның айтуынша, препараттың барлық түрімен ірі қара малды өңдеуді айына 2-3 рет жүргізген жөн. Ол үшін алдын ала мал қораны қоқыстан мұқият тазалап, барлық тесіктерді бітеп тастау қажет. Тесіктерді бітер алдында мазут, автол, креолин жағып қойса да болады. Фермалардың маңындағы жайылымдарда құрғақ бұталарды, ескі шөптерді тамырымен қазу, көктемгі-жазғы мал жаятын жайылымдарда кеміргіштердің індерін уласа елді-мекендерде кенелер санының азаюына септігін тигізеді. Сондай-ақ кенелерге қарсы іс-шаралардың қатарына кеміргіштердің індерін дусттап, адам жүретін жолда бұталарды өңдеу әдісін қолдану жатады. Бұталарды аэрозольді генераторларды пайдалану арқылы дәрілеу жүзеге асырылады. Былтырғы жылы ауданда Конго-Қырым қанды қызбасының 4 ошағы тіркеліп, 5 жағдай анықталған. Арнайы мамандар анықталған ошақтарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, аурудың өршуінің алдын алған.

Қолайсыз аймақтардың қатарында 115 елді мекен бар

Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова айтып берген болатын. Негізінен Қызылорда облысы аталған аурудың табиғи ошағында орналасқандықтан, оған қарсы күрес іс-шаралары тиісті деңгейде жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста Конго-Қырым қызбасына қауіпті 115 елді мекен анық­талған. Осыған сәйкес, қолайсыз деп танылған аймақтарда кенеге қарсы өңдеу іс-шаралары екі кезең арқылы жүзеге асырылуда.

– Облыс бойынша жыл басынан бері 7 адам кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінді. Қазіргі таңда олардың жағдайы бірқалыпты, өмірлеріне төніп тұрған қауіп жоқ. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында осы жылдың ақпан айында облыс әкімінің арнайы Қаулысы қабылданған болатын. Осыған сәйкес, кенеге қарсы жұмыстардың сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар облыста аталған аурудың өршіп кету қаупі бар 115 қолайсыз елді мекен анықталды. Атап айтқанда, Аралда – 11, Қазалы мен Қармақшыда – 16, Жалағаш пен Сырдарияда – 11, Жаңақорғанда – 18, Шиеліде – 20, Қызылорда қаласында – 12 елді мекен есепке алынды. Осы аймақтарда көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары сәуір айының алғашқы онкүндігінде бас­талады деп жоспарлануда. Алғашқы болып оңтүстік аймақтар – Шиелі мен Жаңақорған аудандарында жүргізіледі, – деді Динара Олжабайқызы.

Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану жолдарына тоқталып, аса қауіпті аурудың алдын алу жайын назарға салды.

– Тұрғындар кене шаққан жағдайда жедел түрде медициналық көмекке жүгінгені жөн. Өйткені күнді ұзартып алудың соңы қайғылы жағдайға айналуы ғажап емес. Қазіргі таңда біздің басқарма тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынуда. Мәселен, науқастарға арналған қан қоры және емдеуге қажетті барлық препараттар әзірленуде, – деді Олжас Ермекұлы.

Ал «Ұлттық сараптама» орталығы облыстық филиалының басшысы Фарида Қалиеваның айтуынша биыл аймақта 4928 гектар жерге кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі және бұл күзгі маусымға дейін жалғасады. Бүгінде КҚГҚ-ның табиғи ошақтарында энтомологиялық зерттеу барысында 3 мыңнан астам кене жиналып, оның 372-не сынама алынған. Нәтижесінде 4 сынамадан оң нәтиже шығып, жұқпалығы – 1,1 пайыз екендігі анықталған.

Жалпы Қызылорда облысы аумағында кененің 14-15 түрі мекендейді. Оның ішінде түрлік құрамы бойынша жиі кездесетіні H.Аsiaticum – 26 пайыз, H. Аnatolicum – 3,5 пайыз, D.Daghestanicus 46 пайызға жеткен.

Қауіптің алдын алу маңызды

Халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген даналық сөз бар. Сондықтан аса қауіпті аурудың алдын алу маңызды. Осы ретте аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасы ауруымен күресу­дің кешенді жоспарын жасаған. Жос­пар бойынша емдеу-профилактикалық мекемелерде аса қауіпті ауруларға пайдаланатын қорғаныс киімдерінің қорын, дайындығын қадағалайды. Жұмысшы топпен бірлесіп КҚГҚ ауруына қолайсыз елді-мекендердегі жануарларға, мал қораларға кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының сапалығын қадағалау жұмыстарын жүргізеді.

«Ұлттық сараптама орталығы» Қызыл­ор­да облысы бойынша филиалының Сыр­дария аудандық зертханасы КҚГҚ ауруына елді мекендерден, үй жануарларынан және табиғаттан аурудың қоздырғышын анықтау мақсатында кене жинап, зертханаға тексеруге жіберуді жолға қойған. Сонымен қатар уақ малдарды ванна арқылы кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу кент және ауыл әкімдері, аудандық ветеринариялық станция мамандарына жүктелген. Осындай кешенді іс-шаралар жоспары нәтижесінде өткен жылы ауданда 9 елді мекен – Тереңөзек, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Шаған, Шіркейлі, Қоғалыкөл, Айдарлы, Іңкәрдария, Аманкелді ауылдық округтері қолайсыз деп танылса, биылғы жылы Н.Ілиясов және Ақжарма ауылы қосылып, 11 қолайсыз елді мекен болып бекітілді. Осы қолайсыз елді мекен бойынша қауіпті ауруға қарсы өңдеуге тиіс мал қоралардың саны алынып, қора саны – 3147, оның көлемі 327370 шаршы метр болып белгіленді. Аталған елді мекендерде ірі қара – 29854, уақ мал саны – 20460.

Айту керек, 2023 жылы КҚГҚ ауруының қоздырғыштарын анықтау мақ­­са­тында 2644 (358 сынама) кене жина­лып, зертханалық жолымен тек­серіл­ген. Нәтижесінде 7 сынамадан оң нәтиже анықталған. Бұлардың барлығы ауыл­шаруашылық жануарлардан жиналған кене.

Биылғы жылы «Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шара­ларды ұйымдастыру және жүргізу жөнінде жұмысшы тобының құрамын және жоспарын бекіту туралы» Сырдария ауданы әкімдігінің 14 наурыз 2024 жылы №65 қаулысы шықты. Қаулы негізінде КҚГҚ ауруының алдын алу мақсатында жұмысшы тобының құрамы бекітілген. Басқарма мамандарының берген мәліметі бойынша осы күні аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде КҚГҚ ауруымен ауырған науқастарға арналған 5 орын қарастырылған. Рибавирин қоры 360 доза, бір реттік қорғаныш костюмі – 500 дана, көп реттік қолданыстағы кос­тюм саны – 120 дана.

Иә, адамзатқа төтеннен келетін қауіп пен қатер айтып келмейді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы да сондай қауіптің қатарында. Сондықтан ел-жұрттың, мал-жанның амандығы – сақтану мен алдын алуға байланысты.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: zh-shugylasy.kz
06 сәуір 2024 ж. 238 0