Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым қанды безгегінен сақтаныңыз!

Конго-Қырым қанды безгегінен сақтаныңыз!

Ауа-райының күрт жылынуымен жан-жа­нуар­лардың тіршілігі жандана бас­тайды. Ерте көктемде адамдарға қауіп төндіретін кене­нің де аса қа­уіпті жұқпалы ауру тарататыны бел­гілі. Мәсе­лен, Конго-Қырым қанды без­гегі аты айтып тұрғандай ең алғаш Қырымда тіркеліп, адамды ауру кене шақ­қан кезде жұғатын вирустық ауру екені дәлелденген.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі қоздыр­ғышы табиғатта кездесетін кене­нің, сондай-ақ ауру жұқтырған жануар­лардың қой, ешкі, сиыр, жылқының ағзасында болатыны анықталған.

Кене – қанмен қоректенетін­діктен, ол адамды тіпті 100 метр қашықтықта сезетін қабілетке ие. Зиянды жәндік секундына 7 см дейін жылжып, бір тәулікте 200 мг дейін қанмен қоректенеді. Көбіне мал қорада, малдың қиында, тыш­қан, құстың ұясында және тоғайда, өсімдіктердің түбінде көптеп кез­деседі. Бір аналығы 18 мыңға дейін жұмыртқа тастауға дейін барады. Ал жұқпалы вирусын бойында 2 жылдан астам уақыт сақтай алады.

Мамандардың айтуынша, ең алғаш рет бұл індет 1944 жылы Қырым­да тіркелген. Ал инфекция­ның қоздырғышы арада бір жыл өткенде 1945 жылы анықталған. Кейін Африканың Конго елді ме­кенінде осы індетке ұқсас ауру тіркеліп, ең алғашқы анықталған індетпен ұқсастығы дәлелденген соң аталған ауруды біріктіру ұсы­нылып, оның атауы Конго-Қырым қанды қызбасы делінген.

Өлім жағдайына дейін әкелетін індетті жұқтыру кез келген адамға қауіп әкеледі. Әсіресе, мал қора тазалау кезінде, шөп шабу, тоғайда мал баққанда өте сақ болған жөн. Алдын ала кенеден қорғанудың амалын жасап, ұзын жеңді киім киіп, дененің барлық жері қым­талғанына назар аудару керек.

Сонымен қатар малшылардың қырқым кезінде кенемен жанасу кезінде, оның қаны жалаң қолға, көзге, ауызға тигенде жұқтыру қауіпі жоғарылайды. Ауруды жұқ­тырған адамның бойында жылдам қан арқылы тарайтын вирус аса қауіпті. Ең алдымен басы ауырып, дене қызуы 40 градустан да асып, қалтырап, беті мен шырышты қабыршықтары қызарады. Әл-дәрмені құрып, бұлшық еті ауырады. Буындарында қақсау, жүрегі айну секілді белгілер пайда болып, құсады. Науқастың жағдайы 2-4 күннің ішінде нашарлап, мұрнынан, тістің қызыл иегінен, кене шаққан жерден қан кетеді. Іші өтіп, бауыры мазалайды. Адам өміріне қауіпті індеттің көбісі өліммен аяқталады.

Сондықтан адам өзін кене шаққанын байқаса, дереу медици­налық көмекке жүгіну керек. Әсі­ресе наурыз айларында шаққан кененің белсенділігі жоғары бол­ған­дықтан міндетті түрде медици­на­лық көмектің араласуымен дене қызуын бақылаған жөн. Себе­бі 14 күн­нің ішінде аурудың алғаш­қы бел­гілері пайда болса, науқас ау­ру­ханаға жатқызылып, адамды оқшау­лап, тиісті ем-дом жүргізі­ле­ді.

– Көктем-жаз айларында таби­ғат аясына шығарда міндетті түрде ашық түсті киім киген дұрыс. Себебі киімге жабысқан кене ашық түсте бірден көзге түседі. Сонымен қатар сырт киімге арнайы кенені үркітетін сұйықтықтар сеуіп алған дұрыс. Шалбардың балағын міндетті түрде шұлыққа салып алу керек. Капюшоны бар немесе жағасы көтерілетін киім кисеңіз де болады. Бұл өз кезегінде кенеден келетін қауіпті азайтады. Табиғаттан оралғанда міндетті түрде киімдеріңізді, де­не­ңізді түгел қарап, тексеріп шы­ғыңыз. Ал мал қорасы бар үйлер міндетті түрде көктем-күз айларында кенеге қарсы өңдеу жүргізуі қажет, – дейді Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бактериологиялық және паразитологиялық зертханасының зертханашысы Нұржан Мәлібеков.

Зертханашының айтуы бойынша препараттың барлық түрлерімен ірі қара малды өңдеуді айына 2-3 рет жүргізген жөн. Ол үшін алдын ала мал қораны қоқыстан мұ­қият тазалап, барлық тесіктерді бітеп тастау қажет. Бітер алдында мазут, автол, креолин жағып қойса да болады. Фермалардың маңындағы жайылымдарда құрғақ бұталарды, ескі шөптерді тамырымен қазу, көктемгі-жазғы мал жаятын жайылымдарда кеміргіштердің індерін уласа елді-мекендерде кенелер санының азаюына септігін тигізеді. Сондай-ақ кенелерге қар­сы іс-шаралардың қатарына кемір­гіштердің індерін дусттап, адам жүретін жолда бұталарды өңдеу әдісін қолдану жатады. Бұталарды аэрозольді генераторларды пайдалану арқылы дәрілеу жүзеге асырылады.

Айту керек, өткен жылы ауданда Конго-Қырым қанды қызба­сының 4 ошағы тіркеліп, 5 жағдай анықталған.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
04 сәуір 2023 ж. 457 0