Депутаттар бірқатар кездесу өткізді
«AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» және «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында ауданда бірқатар кездесулер өтті.
Игі іс-шараға «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов бастаған аудандық мәслихат депутаттары Алмас Есназар, Еркебұлан Жақып және Ақтөре Ибрагимұлы қатысты.
Депутаттар ең алдымен Тереңөзек кентінің Б.Момышұлы көшесінде тұратын көпбалалы ана Ж.Елубаеваның отбасында болды. Мұнда отбасы мүшелерімен пікірлесіп, Наурыз мейрамымен құттықтаған депутаттар күнделікті тұрмысқа қажетті ұн, күріш, май, қант секілді азық-түлік өнімдерінен әзірленген азық-түлік себетін табыстады. Өз кезегінде ардагер О.Тұңғышбаев депутаттарға батасын беріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Аудандық мәслихат депутаттары сондай-ақ кенттің А.Сырғабаев, Қызылдихан тұйығында тұратын М.Аймырзаева мен Ш.Қалмағанбетованың үйіне барды. Мүмкіндігі шектеулі азаматы бар әрі әлеуметтік аз қамтамасыз етілген қос отбасыға күнделікті тұрмысқа қажетті ұн, күріш, май, қант секілді азық-түлік өнімдерінен әзірленген азық-түлік себеті табысталды. Өз кезегінде қос ана ризашылығын білдіріп, наурыз мерекесімен құттықтады.
Партиялық жобалар аясында ұйымдастырылған іс-шара қарияларға құрмет көрсетумен жалғасты. Депутаттар көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері А.Мырзабекова мен еңбек ардагері Ә.Сүлейменовті шуақты мерекемен құттықтады.
– Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Наурыз мерекесі елімізде жаңа үлгіде тойлануда. Бұл игі бастамаған қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің жұртшылығы да өз қолдауын білдіруде. Біз де сол үлгілі үрдісті жалғастырып, ардагерлердің батасын алуды жөн көрдік. Түркі халықтарына ортақ мереке құтты болсын, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Мәслихат төрағасының тілегін аудандық мәслихат депутаттары Алмас Есназар, Еркебұлан Жақып және Ақтөре Ибрагимұлы жалғап, ардагерлерге құрмет көрсетті. Өз кезегінде көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері А.Мырзабекова мен еңбек ардагері Ә.Сүлейменов еңбек еткен жылдары жөнінде естеліктерімен бөлісіп, депутаттарға алғысын білдірді. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына тілектестігін білдірді.
«Тт» ақпарат