Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Смартфонға тыйым салынды

Смартфонға тыйым салынды

Енді мектеп оқушылары сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалана алмайды. Смартфон оқушының толыққанды оқу бағдарламасын меңгеруге кедергісін келтіретіндіктен оны пайдалануға заңмен тыйым салынды. Жаңа талап бойынша балалар ұялы телефонды тек үзіліс кезінде ғана қолданады.

Яғни ұстаздар қауымы мен ата-аналар қолдаған сабақ кезінде ұялы телефон ұстау мәселесіне осымен нүкте қойылды. Шын мәнінде оқушының көңілін алаңдататын смартфон сабақ кезінде мұғалімге де, оқушыға да кедергісін келтіреді. Сабақ уақытында оқушы білім алуы керек. Бұл бұлжымас қағида тұрмысымызға ақылды гаджеттер енгелі өзгерді. Осы күні жоғарғы сынып оқушыларынан бастап бірінші сыныпта оқитын баланың қолында қымбат телефон бар. Кейде бала телефонын жоғалтып, қайда қалдырып кеткенін де білмей қалады. Сондай кезде ұстаздар қауымы ыңғайсыз жағдайға тап болады. Сондықтан қымбат телефонды баланың қолына ұстата салатын ата-аналар да жауапкершілікті сезінуі тиіс. Әрине сабаққа кеткен баласымен ата-ана байланысып отыруы керек. Бірақ ол байланыс сабақ процесіне кедергі келтірмеуі қажет. «Баланың аты – бала» демекші, қолында телефоны бар бала сабақ кезінде мүлдем басқа әлемде отыратыны рас. Оның үстіне кейбір ата-аналар да балаларына кез келген уақытта хабарласып, баланың назарын басқа жаққа аударады. Сондықтан жаңа заң арқылы сабақ кезінде ұялы телефонды ұстауға қатаң тыйым салу өте құптарлық жағдай.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мектепке ұялы телефонмен келетін оқушылар үшін арнайы жәшік орнатылған еді. Бірақ оны дұрыс пайдаланып жатқан адамды көрмедік. Қазірдің өзінде оқу ордаларының кіре беріс дәлізінде арнайы жәшіктер бар. Алдағы уақытта орнатылған жәшіктерді мақсатына сай қолдану мектеп басшылығына жүктелетін міндеттің бірі болмақ.

– Балаларымызбен байланысып отыруға ұялы телефон қажет. Бірақ сабақ кезінде баламыздың смартфонды пайдаланғанын құп көрмейміз. Білім сапасына кері әсерін тигізетін ұялы телефонды ұстауға заңмен ты­йым салынғаны дұрыс болды. Әрбір сынып жетекшісі баланың тәртібін қадағалап, ұялы телефонын сабақ басталар алдында жинап алып, сабақ аяқталғанда қолына берсе жақсы болар еді. Бірақ бұған баланың өзі дағдылануы керек. Бәрін сынып жетекшісіне жүктеп қоюға да болмайды. Сабаққа келген бала өз жәшігіне телефонын қоюға үйренуі керек. Ол жәшік сынып бөлмесінде болса, тіпті жақсы. Оқушы өзінің ұялы телефонын сабақ аяқталған соң алса да жеткілікті. Әйтпесе сабақ үстінде әлеуметтік желі арқылы оқушы тіпті музыка тыңдап немесе фильм көріп отыратынын білеміз. Айтпағым, сабақ кезінде ұялы телефонды мақсатсыз пайдалану жөнінде мұғалімдерге де тыйым салынуы керек, – дейді ата-ана Г.Әмзеева.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев білім беру саласынан басқа, құры­лыс пен бала қауіпсіздігін қамтитын заңға да қол қойды. Жаңа заңда әсіресе, бала құқығы басты назарға алынған. Мәселен, алдағы уақытта көпқабатты үй құрылысын жүргізе­тін компания тұрғын үйдің жанына мектеп, балабақша салуға міндетті. Егер талап орын­дал­маса, тұрғын үй құрылысына рұқсат етілмейді.

Бала қауіпсіздігін қамтыған Заң талаптары бойын­ша бұрын салынған көне білім ошақтарының сапасы әрбір 5 жыл сайын тексерістен өтетін болады. Көпқабатты ғимараттардың терезелері арнайы құрылғымен, құлыптармен жабдықталуы тиіс. Бұл соңғы жылдары балалардың терезеден құлау фактілерінің жиі орын алуынан туындаған заңдағы өзгертулер. Сондықтан көпқабатты білім ошақтарының терезелерінің қауіпсіздігін қатаң тексерістен өткізетін кез келді деп айтуға негіз бар. Жоғарғы қабаттағы терезелерге арнайы механизм орнату арқылы бала өмірін қауіпсіз ететін боламыз.

Тағы бір жаңалық, елімізде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша онлайн білім алуға шектеу қойылды.


Айту керек, Заңға енгізілген бұл өзгертулер сәуір айынан бастап күшіне енетін болады. Жалпы жаңа құжатта қолданыстағы 10 заңға маңызды өзгертулер енгізілген.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден
02 наурыз 2024 ж. 237 0