Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындарға тосын сый

Тұрғындарға тосын сый

Аудандық газет редакциясының тілшілері тұрғындармен ашық байланыс орнатып, жергілікті басылым оқырмандарының санын көбейту бағытында жұмыс істеуде. Мәселен, осы аптада редакцияның жас мамандары аудан орталығындағы негізгі көшелер мен халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарды аралап, тұрғындарға сауал қойып, дұрыс жауап бергендерге сыйлық ұсынды.

Іс-шара халықаралық кітап сыйлау күні аясында ұйымдастырылды. Редакция тілшілері «Сырдария ауданы қашан құрылды?» деген қарапайым сұрақтан бастап, жергілікті тұрғындарға бірқатар сауал жолдады. Айта кету керек, аудан тұрғындарының басым көпшілігі сауалға дұрыс жауап берді. Оларға сыйлыққа тарихи-танымдық кітаптар берілді. Әсіресе ардагерлер белсенділік танытып, жолданған сұрақ аясында ауданымыздың тарихы мен жетістіктері жөнінде тереңірек пікір білдірді.

– Қазір әлеуметтік желінің әлеуеті артқан кезең. Аудандық «Тіршілік тынысы» газеті де жаңа заман талабына сай жұмысын жүйелеп, әлеуметтік желілерден ресми парақшаларын ашқан. Күн сайын әлем жаңалықтарынан бас­тап, ауданның тыныс-тіршілігін тәулік бойы ақпараттандырып отырамыз. Оның ішінде фейсбук, инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшаларды дамытып жатырмыз. Осы ретте тұрғындармен ашық байланыс орнатып, жергілікті басылым оқырмандарының санын көбейту мақсатында бірқатар сауал дайындап, тұрғындарға жолдадық. Негізгі сауал­дардан бөлек «Сіз отау құрғанда жұбайыңыздан мәһрге не сұрадыңыз?», «Жергілікті газетті оқисыз ба?», «Газет­тің ресми парақшаларына тіркелгенсіз бе?» деген секілді сұрақтар қойдық. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, – дейді жас маман Гүлсая Әмзеева.

Айта кету керек, көшеде кетіп бара жатқан қарапайым тұрғындарға түрлі сауал қойып, пікірін білу үрдісі отандық журналистикада қалыптасып келеді. Кейбір БАҚ өкілдері тұрғындарға Мемлекеттік Рәміздер, олардың авторлары туралы да сұрақ қойып, жауап алғанын көріп те, біліп те жүрміз. Осы ретте аудандық газет тілшілері де алдағы уақытта тұрғындарға түрлі бағыттағы қызықты әрі мазмұнды сұрақтар қойып, оның бейнетүсірілімін әлеу­меттік желілерде жарияламақ ниет­те.

«Тт» ақпарат
17 ақпан 2024 ж. 145 0