Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық қабылдау: тұрғындар мәселесі қаралды

Қоғамдық қабылдау: тұрғындар мәселесі қаралды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы мен Департаменттің мемлекеттік қызметтер басқармасының бас мамандары Алия Искакова, Роллан Еспенбетов Сырдария ауданында қоғамдық қабылдау өткізді.

Қоғамдық қабылдау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығының Сырдария аудандық бөлімінде 15.00-16.00 аралығында ұйымдастырылды.

Қабылдау барысында аудан тұрғындарының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі шағымдары мен ұсыныстары тыңдалып, түсіндірме берілді.


Қабылдауға келген Шаған ауылының тұрғыны Ш.Шүкенова студент баласынан сұратылған анықтамалар жөнінде сұрақ қойып, жауап алса, Тереңөзек кентінің тұрғыны Д.Ерниязов «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының талаптары жөнінде өз сауалын жолдады.


Сонымен бірге жеке тұлға Б.Құлмақов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету орталығының Сырдария аудандық бөліміне келіп қызмет ала алмайтын тұрғындарға «Телеграмм бот» арқылы анықтамалар алуға болатыны жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын білдірді. Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы бұл ұсыныс өте орынды әрі тұрғындар үшін қажетті екенін айтып, аудан әкімдігіне қарасты бюджеттік мекеме қызметкерлері «Телеграмм бот» жүйесі жөнінде жергілікті газет пен әлеуметтік желілерде ақпараттық мақалалар жариялайтынын, бұл жұмыс орындалғанша бақылауда тұратынын атап өтті. Ал Шіркейлі ауылының тұрғыны И.Исанов мүгедектерге көрсетілетін қызметтер жөнінде сұрағын қойып, жауабын алды және қоғамдық қабылдау ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

– Мемлекеттік мекемелер жұмысы тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуімен бағаланады. Бұл ретте ресми орган тарапынан көрсетілетін қызметтердің жеке және заңды тұлғаларға уақытылы әрі сапалы көрсетілуі аса маңызды. Тұрғындар ауылдан аудан орталығына келмей-ақ тиісті анықтамаларды мамандардың көмегімен ауыл әкімдігінен немесе смартфон арқылы алуы қажет. Бір анықтамаға бола уақыт пен қаржы шығындап, аудан орталығына келуге болмайды. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Тек дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Сондай-ақ «Телеграмм бот» жүйесі жөнінде ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыру қажет, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы.

Атап өту керек, қоғамдық қабылдаудың өтетін уақыты, орны «Facebook» әлеуметтік желісіндегі аудан әкімдігінің ресми парақшасында алдын ала жарияланды. Алдағы уақытта да Департамент жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі жоспарлы және жоспардан тыс қабылдаулар өткізетін болады.
17 наурыз 2021 ж. 301 0