Мерейді тасытқан марапат

Республикалық байқауда №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей оқушылары бақ сынады. Анығын айтқанда, бастауыш сыныптың білім алушылары суды үнемдеп пайдалану жөнінде шығарма жазып, тіршілік көзінің сарқылып келе жатқандығын тақырыпқа арқау етті. Өз кезегінде 4 «а» сынып оқушылары Асылжан Аманқос пен Жәния Абадолла байқауда үздіктер қатарынан көрінген. Қос оқушыға №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директорының бастауыш сынып жөніндегі орынбасары Шолпан Әбенова ҚР Су ресустары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің «Алғыс хатын» тапсырды.
– Мектебіміздің үздік оқушылары республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрінгеніне бек қуаныштымыз. Сынып жетекшісі Лаура Бақытқызының балалардың шығармашылық әлеуетін арттырып, сан түрлі байқауларға қатыстыра білгені құптарлық жағдай. Үздік оқушыларымызды қашанда мақтан тұтамыз. Марапат иелері сыныптың үздік оқушылары және «Шахмат» үйірмесінің мүшесі. Олар білім ошағаның мерейін тасытып, орасан жетістікке қол жеткізе білді, – деді Шолпан Әбенова.
Бұл ретте, министрдің марапатына ие болған оқушыларды шын жүректен құттықтаймыз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ