Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке көрген оқ жонар

Әке көрген оқ жонар

Қоғамда әке мен бала арасын­дағы қарым-қаты­насты нығайту, өзара байланысты жетілдіру мақса­тында біршама өзекті мә­­се­ле көтеріліп жүр. Сонымен бірге бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі жөнінде көпші­ліктің пікірі сан тарапқа бө­лінеді. Аталған мәселенің маңыздылығын ескерген­ №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің ұжымы әкелерді дөңгелек үстел ­басына жинады.

Мағынасы терең, тағылымы мол «Әкенің төріне сенбе, еткен еңбегіне сен» тақырыбындағы іс-шараны мектеп жанынан құрылған «Таңшолпан» театры үйірме мүшелері «Әке мен бала» қойылымымен ашты. Қойылым барысында әкенің өнегелік тәрбиесін, ақылын мектеп оқушылары өз деңгейінде жеткізе білді. Өз кезегінде бейнекөрініс арқылы оқушылардың әкесімен өткізген бір күні аясында баланы кәсіпке, еңбекке, өнерге баулу барысы көпшілікке көрсетілді. Бұл ретте, әкелер қауымы бала тәрбиесіне қатысты өз ойларын ортаға салды.

– Бала тәрбиесіне қашан да жауап­кершілікпен қараған абзал. Үнемі баланы бақылауда, қадағалауда ұстап, өмірлік бағыт-бағдар берген дұрыс. Күнделікті перзентінің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, іс-әрекетін зерделей ал­ған ата-ана саналы ұрпақ тәрбиелеп шыға алады. Әркез әкелер қауымы бар­лық жауапкершілікті әйелдерге жүктеп қана қоймай, өз міндетіне тілекелей жауапты болғаны абзал. Осы күні күрделі мәселеге айналған бала тәрбиесінде ескерілетін маңызды фактор жетерлік. Мәселен, өскелең ұрпақты білімге, өнерге, спортқа баулу мәселесі күн тәрті­бінен түспейді. Сонымен бірге тәрбиесі қиын баланы түзеу де оңай­ға соқпасы анық, – деді аудандық «Әке­лер мектебінің» төрағасы Мектепхан Елеусінов.

Иә, қазіргі уақытта ата-ананың жұ­мысбасты болуының салдарынан ба­ланың тәрбиесі ақсап жатады. Қоғам өмі­рінде баланың алатын орны, өз орта­сындағы өзіндік қалыптасуы барынша рөл ойнайды. Қазіргі уақытта әрбір баланың тәрбиесіне алаңдаушылық біл­­­­дірген жандар отбасындағы тәрбиені кү­шейтуге барын салу керектігін алға тартады.

– Айбынды батыр Талғат бала­мыздың атымен аталатын мектепте перзенттеріміз білім алады. Сабақ үл­герімі жақсы. Ұстаздарға дән ризамыз. Бағанадан бері көтерілген кез келген мәселе ата-ана үшін өзекті. Бүгінде заманауи технологияның қолданысқа ен­ген шағында балалар жат әдетке әуестеніп келеді. Сонымен бірге елдің айнасы саналатын теледидардан сан түрлі бағдарлама шығуда. Жат әдетке баруға итермелейтін бағдарламаны теле­арнадан шектеген жақсы. Күнделікті теледидарға телмірген балалар қазақ менталитетіне сай келмейтін дүниені көруге әуес. Содан кейін ата-анадан жасқанбайтын, тіл алмайтын бала көптеп шығады. Осындай олқылықты еңсеру үшін отбасындағы тұрмыс сапасы жақсарған дұрыс, – деді Жайық Көшербаев.

Әрине, баланы жан-жақты дамыту­ға, ой-өрісін кеңейтуге байланысты ке­шенді жұмыстар жүргізілуі керек. Қа­зіргі уақытта сан түрлі теріс пиғылдағы іс-әрекетке баратын жасөспірім қатары көбейген. Сондықтан әкелер қауымы баланы еңбекке бейімдеуді қолға алу керектігін тілге тиек етті.

– Осы күні жұртшылық балалар арасында бұзақылық, сотқарлық жиі орын алуда деп шағым­данады. Кезінде біздің әке­леріміз бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Қазіргі уақытта жастардың ара­сында еңбек етуге құлықсыздар жеткілікті. Орақты қолға алып, шөп ормаған, балтаны қайрай білмейтін, егін егуге икемі жоқ, мал жайғауға қызық­­пайтын баланың болашағынан не күтеміз? Білім ошағы­ның ұжымына ай­тар ұсынысым еңбек, технология сабағын оқытуды күшейт­кен дұрыс, – деді Бақытжан Жүсіпбаев.

Бірнеше бағытта бала тәрбиесіне қа­тысты өзіндік көзқарастарын таныт­қан ер азаматтар осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса деген тілек білдірді. Ал мектеп психологы Баян Махашева әкелерге арналған логикалық сұрақ пен ойын ұйымдастырды. Ынты­мақтастыққа, тұтастыққа үндейтін се­ми­нар-тренингте әкелер белсенділік та­нытты. Сонымен бірге мектеп парла­мен­тінің мүшелері ән айтып, поэзиялық өлең оқыды.

– Біз бүгін әр сыныптан шақырылған бірнеше әкемен жүздесіп отырмыз. Сіздер айтқан кез келген ұсыныс-тілек алдағы уақытта шешімін табатын болады. Келесі кездесуде әке мен баланы барынша жақындастыруға арналған тапсырмалар ұйымдастырылатын бо­ла­ды. Өз кезегінде баланы егін шаруа­шылығына икемдеу мақсатында мектеп жанынан жылыжай ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта жас ұрпақты саналы етіп тәрбиелеуге айрықша мән беріледі. Педагогикалық құрамның ал­дындағы міндеті – халық баласына сапалы білім мен саналы тәрбие беру, – деді №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің директоры Айнұр Әлиева.

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, Терең­өзек кенті ардагерлер кеңесінің төра­ғасы Зайдағали Жүсіпбайұлы бастаған қонақтар күн тәртібіндегі мәселеге қа­тысты тәжірибелерімен бөлісті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 ақпан 2023 ж. 912 0