Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмысы жанданған «Жастар бригадасы»

Жұмысы жанданған «Жастар бригадасы»

Бүгінде Сырдария ауданында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егумен айналысу үшін шаруашылық құрылымдары тарапынан ауыл тұрғындары үшін егіс алқаптарынан 359 гектар қосымша жер ашылған еді. Өз кезегінде аталған жерлер 1105 отбасыға бөлініп берілген.

Өткен жылы бөлінген межелі жердің 200 гектарына картоп, 51 гектарына көкөніс, 108 гектарына бақша дақылдары егіліп, жергілікті тұрғындар қыстық азығын қамдап алды. Бұл ретте, жердің бабын тапқан бірнеше ауыл жастары арнайы бригада құрды. Мақсаты айқын, межесі анық жастар ауыл шаруашылығы өнімін өндірудегі ескерілетін мәселелерге қанықты. Негізінен, «Жастар бригадалары» арқылы 60 гектарға бақша дақылдары орналастырылды.

Былтыр Сырдария ауданының аумағындағы балық шаруашылығына маңызы бар 31 су айдынының қазіргі жай-күйі, оларға инфрақұрылым жүргізу мүмкіншілігін анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілді. 2023 жылы елді мекендерді экологиялық аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында А.Тоқмағамбетов ауылындағы «Қашыртқы» каналының 3,2 шақырымына, Жетікөл елді мекеніндегі «Жыңғылдыкөл» каналының 6 шақырымына, Аманкелді ауылындағы «Хозцентр» каналының 2 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 6 каналға ЖСҚ әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 8,3 млн теңге және елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында насос қондырғыларын алу үшін облыстық бюджеттен 52,0 млн теңге қаржы бөлінді.

Тереңөзек кентіндегі «Айтбай арық», С.Сейфуллин ауылындағы «Құрымбек», Шаған ауылындағы «Жиделі арық», Аманкелді ауылындағы «Баржық», Ақжарма ауылындағы «Ақжарма», «Дәулет-арық» каналдарына 2024 жылға тазалау жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы 5 каналға («Әйтек» 11,9 шақырым, «Айжанкеткен» 11,0 шақырым, «Оразбай» 10,3 шақырым, «Жетікөл-Жарма» 14,0 шақырым, «Жасқайрат» 9,0 шақырым) тазалау жұмыстары жүргізу жоспарлануда.

Бүгінде егін және балық шаруашылығын одан әрі ілгері ету мақсатында жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Кәсіптің көзін егіннен тапқан ауыл жастары табысын одан әрі арттыра бермек. Бірлесіп атқарған қыруар шаруаның арқасында ауданның өндеу саласында өсім бар. Жастар тың кәсіпті игеріп, егінге бет бұрған жағдайда аудан халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі жоғарылай түседі. Бизнестің бастауын егін егу деп білетін аудан жастарына сәттілік тілейміз!

Б.АЯБЕКҰЛЫ
23 қаңтар 2024 ж. 213 0