«Майжарма»: Абаттандыру жұмыстары қашан аяқталады?
Кент тұрғындарының ұсынысымен аудандағы «Майжарма» каналының абаттандырылып жатқаны көпшілікке мәлім. Жөндеу жұмыстары басталғалы канал айналасы біршама тазарып, жаңа кейіпке еніп келе жатқанын байқауға болады. Десек те, құрылыс жұмыстарының аяқталуы жаңа жылға дейін деп жоспарланғанымен, жұмыстар толық аяқталмады, жағалау қолданысқа берілмеді. Біз осы мәселені зерделеп көрдік.
Бұрын канал жағалауы күл мен қоқысқа, қаптаған шөпке толып жататын еді. Жөндеу жұмыстары қолға алынғалы айналасы біршама тазарып, жаңа кейіпке еніп келе жатқанын байқауға болады. Десек те, құрылыс жұмыстарының аяқталуы жаңа жылға дейін деп жоспарланғанымен, жұмыстар толық аяқталмады, жағалау қолданысқа берілмеді. Әлі күнге құрылысшылар таңмен таласып, кеш батқанша, қақаған аязда жұмыс жүргізуде.
Канал бойын абаттандырып, тұрғындар үшін демалыс орнына айналдыру мәселесі көтерілгеніне бірнеше жыл болып қалды. Одан бұрын да «мына канал бойын үлкен қаладағыдай демалыс орнына айналдырса ғой, шіркін» деген арман-тілек айтылып жүргенімен, ұсыныстың ресми түрде құзырлы органдарға жеткеніне үшінші жылға кетіп барады. Ал мәселе нақтыланып, мердігер мекеме белгіленіп, қаржы бөлінгеніне жылға жуықтап қалғанын қолымыздағы ресми деректер дәлелдейді.
Өткен жылдың наурыз айында аудан әкімдігінің парақшасында халыққа ұсынылған ақпаратта «Биыл кент тұрғындары және қонақтарына абаттандырылған «Майжарма» каналы пайдалануға беріледі. Осы мақсатта Тереңөзек кентінің әкімдігі тарапынан каналдың 412 метрін абаттандыру жұмыстарына 155714,6 мың қаржы бөлінді. Мердігер мекеме – «Град Строй Сервис». Тереңөзек кентінің бағы мен құты, аяқ су мәселесін шешуде «Майжарма» каналының орны ерекше. Каналдың маңайын абаттандыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, қолайлы жағдай жасалады» деп жазылған еді.
Өзіміз күнделікті жұмысқа барып келу үшін осы канал бойынан өтетінімізді айта кетейік. Былай айтқанда, «Майжарманы» абаттандыру жұмыстары күнделікті көз алдымызда. Таңмен таласа жұмысын бастаған құрылысшылар тыным көріп жатпағаны белгілі. Бірақ «халыққа берілген уәде неліктен уақытылы орындалмайды?», «қыстың қақаған аязында жүргізілген жұмыстар сапасыз құрылыстың негізі емес пе?» деген сұрақтар тұрғындар көкейінде. Атқарылып жатқан жұмыстарға орай кент тұрғындарының сын айтып, мәселе көтеруін де орынсыз деп айта алмаймыз.
– Жаңа жылға дейін бітеді деп уәде берілген еді. Құрылыс жұмыстарын жер жұмсақ, күн жылыда жүргізуші еді. Қыстың күні қатырып қойған дүниелер ертең күн жылығанда, жердің тоңы жібігенде опырылып қалады. Жұмысты сынап, біреуге мін тағу мақсатымыз емес. Тек қолға алынды екен, сапалы жұмысты талап етеміз. Кентімізді шын жанымыз ашып, көркейтпесек, сапасыз жұмыстың нәтижесі аздау болады, – дейді кент тұрғыны.
Бұл ретте құзырлы органдардың да өзіндік уәжі барын еске сала кетейік.
– Аталған жұмыстар бойынша «ГрадСтройСервис» ЖШС-мен құны 141 млн теңгені құрайтын келісімшарт жасалған. Жұмыстардың ішінде каналдың табаны мен екі жағындағы еңістерін бетондау, жағалауын абаттандыру қарастырылған. Осы орайда, каналды бетондау жұмыстары бірінші кезекте атқарылуы тиіс. Себебі, бетондау барысында жағалаумен ауыр жүк көліктері жүруі қарастырылған. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін ғана жағалауды абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болды. Дегенмен, аталған каналдан С.Сейфуллин ауылындағы «Құндызды Жер» серіктестігі егістікке су алатындықтан, жұмыстар суару мерзімінде тоқтатылып, қыркүйек-желтоқсан айларына дейін бітіру жоспарланған. Қазіргі уақытта жағалауды абаттандыру жұмыстары әлі де аяқталған жоқ. Осыған орай, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 12-бабына сәйкес «Мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны үшін Қызылорда ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына «ГрадСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануға және аудандық бюджетке тұрақсыздық айыппұлын өндіру туралы талап арыз берілді. Ал тұрғындар көкейіндегі сапа мәселесі де біздің тұрақты бақылауымызда. Аталған құрылыс компаниясына өз кезегінде біздің тараптан кемшін тұстарды ескерту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ кемшіліктер қалпына келтірілмейінше, жұмыстар қабылданбайды, – деді Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров.
Жағасы аяқ алып жүре алмастай май топырақ болып жататын канал жағалауы бүгінде біршама қалыпқа келтірілген. Тас жол төселіп, жағалауға көрік беретін шарбақ пен шамдар да орнатылды. Жұмыстың сапалы орындалуы, кенттің көркеюі бойынша лайықты жұмыстың атқарылуы ел мүддесін арқалап, атқа мінген азаматтарға сын болары анық. Десек те, тұрғындарға да әліптің артын бағудың жөн екенін айтқымыз келеді. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші, бір-бірімізді сынап, «жау – жағадан, бөрі – етектен» дегеннің керін келтіруге болмас. Біреуді жақтап, біреуді даттау яки еңбекті де еш етіп, сынау мақсатымыз емес. Десек те, көпшілік сыны орынды. Туған жерді көркейтуге үлес қосу, жанашырлықпен еңбек ету – бәрімізге міндет. Алла жазса, сұлу жағалауды жағалап, рухани дем алып, кенттің сұлу келбетіне тамсанар күн алыс емес деп сенеміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ