Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті
Баланың бас ұстазы – ата-ана. Бұл халқымыздың қанатты қағидасы. Бірақ қазіргі ата-анаға да, тіпті ұстазға да ұстаз қажет. Бүгінде кім кімді тәрбиелеп, кім кімге білім беріп жатқанын білмей қалдық, бағамдай алмайтын халге жеттік. Ұрпақ тәрбиесі қараусыз қалғандай. Жаңашылдыққа ұмтылған жаһандану кезеңінің жастары ұстаздан да, ата-анадан да тайсалмайтын болды. Қоғам да жауапкершілікті кімге артарын білмейтін күйге түсті. Осы және басқа да өзекті мәселелер аудандық мәдениет үйінде өткізілген кеңейтілген мәжілістің басты арқауы болды.
«Көрсеткішке жұмыс істеуді қою керек»
Кеңейтілген мәжіліске аудан әкімі Берік Сәрменбаев төрағалық етті. Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, аудан прокуроры Асқар Кемалов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов арнайы қатысты. Сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне байланысты мәжіліске аудандық сот төрағасы, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кент және ауыл әкімдері, барлық білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен орынбасарлары, психологтар, ата-аналар комитетінің төрағалары мен мүшелері шақыртылды. Жиын ашық форматта жүргізіліп, аудан әкімі мәжілістің мәні мен маңызына тоқталды.
– Бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында да кеңінен талқыланған болатын. Соған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасымен былтыр ауданымызда кеңейтілген мәжіліс ұйымдастырылды. Бүгінгі мәжіліс – сол жиында берілген тапсырмаларды саралау, яғни қолға алынған жұмыстардың жалғасы, жаңа жыл басталар тұстағы ақылдасу жиыны. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ата-бабаларымыз айтқандай, бүгінгі жастар – еліміздің болашағы. Болашағымыз ғұмырлы, салиқалы болуын қаласақ, жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөліп, қадағалауына бәріміз атсалысуымыз қажет, – деді аудан әкімі.
Мұнан соң күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары А.Оспанов баяндама жасады. Баяндамашының сөзін аудан прокуроры А.Кемалов бөліп, сұрақты төтесінен қойды.
– Бәрін ұйымдастырып жатсаңыздар жыл басындағы Аманкелдідегі жағдай қалай орын алды? Біз оқиға орнына барғанда ауылдық учаскелік полиция инспекторы бізге жағдайды дұрыс баяндай да алмады. Демек, жұмысын білмейді деген сөз. Сіздердің жұмыстарыңыз мүлдем көңіл көншітпейді. Көрсеткішке жұмыс істеуді қою керек. Нәтиже болмаса, баяндамаға қосу үшін ғана іс-шаралар өткізе берудің пайдасы жоқ, – деді аудан прокуроры Асқар Жаметұлы.
«Қажет болса, кадрлық шешімдер қабылданады»
Мәжілістегі екінші баяндаманы аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков жасады. Бөлім басшысы жас ұрпақ тәрбиесі – бүкіл қоғамның міндеті екенін айтып, өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөліп, оларды игі істерге бағыттаудың маңыздылығына тоқталды.
– Барлық оқу орындарында оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, балалардың бойына адами құндылықтарды сіңіру, мектеп пен отбасының өзара байланысын нығайтуға аса мән беріледі. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін атап өтті. Сәт сайын өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған бүгінгідей дәуірде рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің өзегінен ажырап қалмауға тиіспіз. 2023 жылы түнгі мезгілде жүрген 185 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, заңды өкілдеріне тиісті шара көрілді. Өкініштісі, 2024 жылдың 7 қаңтарында каникул уақытында Аманкелді ауылындағы №42 мектеп-лицейдің 9 және 8 сынып оқушысының арасында орын алған кикілжіңнің соңы кәмелетке толмаған жасөспірімнің қаза табуымен аяқталды, – деді білім бөлімінің басшысы өз баяндамасында.
Баяндамашыға аудан прокуроры бірқатар сұрақ қойды. Оның біріншісі Аманкелдіде оқушылар арасында орын алған оқыс оқиғаға байланысты болды.
«Оқиға күні рейд ұйымдастырылған. Бірақ ұстаздар балаларды байқамаған. Монша мен шаштараздан қайтып келе жатқан балалар кездейсоқ кездесіп қалған. Соңы өкінішпен аяқталған» деді білім бөлімінің басшысы.
Бұл жөнінде аудан прокуроры тергеу процесінде мүлдем басқа ақпараттар бар екенін ашып айтты. Бөлім тарапынан нақты зерделеу жұмысы жүргізілмегенін сынға алып, бөлім басшысының жағдайдан толық хабардар емес екенін жеткізді. Прокурордың сөзін облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжанов қуаттай түсті. «Ертөстіктің ертегісіндей» баяндаманы халық алдында жария етіп оқу, аудан әкіміне, аудандық мәслихат төрағасына, аудан прокурорына адам сенгісіз мәлімет ұсыну ұят екеніне тоқталды. Осы ретте аудан прокуроры Аманкелдідегі мектепті тексеру барысында білім ордасынан арақтың босаған бөтелкелері табылғанын айтып, жаға ұстатарлық мәліметті жария етті.
«Мектептен арақтың бөтелкесі табылады. Оқушы балалар бір-біріне әлімжеттік жасайды. Бұл өзі білім беретін, ұрпақ санасына сәуле құятын мектеп пе? Әлде басқа мекеме ме? Бұл жөнінде не айтуға болады? Аудандық прокуратура тарапынан облыстық білім басқармасына, аудандық білім бөліміне осы жағдай бойынша нақты ұсыныс жолданады. Асқарбек Темірбекұлы, қатаң шара қабылдауыңызды сұраймын» – деді Асқар Жаметұлы.
Аталған сұрақтар бойынша №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің директоры З.Жаманқұлов пен психолог Ұ.Тайшықова жауап берді. Мектеп-лицей директоры білім ордасынан арақтың бөтелкесі табылды деген ақпаратпен келіспейтінін айтты.
«Мектеп қоршауы тұрғын үймен жапсарлас орналасқан. Бөтелкені жеке тұрғын үйдің иесі немесе басқа да тұрғындар тастап кетуі мүмкін екенін ескерулеріңізді сұраймын» деді ол. Ал психолог Ұ.Тайшықова оқушылар арасында тиісті түсіндірме жұмыстар мен тренингтер, түрлі бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып жатқанын баяндады. Бұл мәселе жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжанов соңы бала өлімімен аяқталған жағдайдан кейін міндетті түрде арнайы қызметтік тексеріс жүргізілетінін, қорытындысы бойынша нақты шаралар, қажет болса, маңызды кадрлық шешімдер қабылданатынын мәлімдеді.
«Саналы ұрпақ емес, робот дайындап жатқандаймыз»
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов пікір білдірді. Ауданның білім бөлімін басқарған және аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған азамат білім беру ұйымдарындағы жұмыстың сапалық мазмұнына көңілі толмайтынын айтты.
– Ұрпақ тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесі Берік Әбдіғаппарұлының төрағалығымен бұған дейін де бірнеше рет талқыланды. Меніңше, қазір мектептер саналы ұрпақ емес, робот дайындап жатқандай. Білім беру ұйымдары оқушылардың ҰБТ-дан жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін немесе олимпиада, ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атану үшін барын салады. Тәрбие екінші орынға қалып қойды. Ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыру керек. Мектеп директоры, сынып жетекшісі, психолог айта алмайтын мәселелерді ата-аналар өзара талдап, талқылап, бала тәрбиесіне көңіл бөлмесе, бәрі бекер. Бізге отыр десең отыратын, тұр десең тұратын, бар десең баратын робот емес, үлкенді сыйлай алатын, кішіге қамқор бола алатын, қоғамға пайдасын тигізе алатын ұрпақ қажет. Бәрін профессор, ғалым, академик ету мүмкін емес. Ең бастысы оқушылардың мінез-құлқы мен іс-әрекетін түзетіп, сол арқылы тәрбиесін қалыптастыруымыз қажет, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Осы ретте аудан прокуроры А.Кемалов аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібековке білім беру ұйымдарына қызметкерді жұмысқа қабылдау барысы жөнінде сұрақ қойды. Нақтысын айтар болсақ, «Мектепке жұмысқа қабылданар маманнан соттылығы бар немесе жоқ екені жөнінде анықтама талап етіле ме?» деді прокурор.
Бұл сұраққа білім бөлімінің басшысы жұмысқа қабылдау министрліктің №57 бұйрығы шеңберінде жүргізілетінін, соттылығы жөнінде анықтама міндетті түрде талап етілетінін айтты. Осы ретте аудан прокуроры тағы бір жаға ұстатарлық мәліметті жария етіп, облыстық білім басқармасына ұсыныс жолданатынын мәлімдеді.
– Мен қазір нақты қай мектеп екенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ мәлімет былай: бір азамат 2010 жылы сотталған. Қарапайым тілмен айтқанда, жеңгетайлықпен айналысқан. Соттың үкімі де бар. Енді сол азамат қазір біздің аудандағы бір мектепте еңбек етіп жүр деген дерек бар. Оқушы балаларды оған қалай сеніп тапсыруға болады? Жақын күндері прокуратура тарапынан облыстық білім басқармасына, аудандық білім бөліміне хатпен жолдаймыз. Меніңше қай директор жұмысқа қабылдады, кадр ісі жөніндегі маман қалай бей-жай қарады, кім тіркеді, кім ұсынды бәрі жауап беруі қажет, – деді Асқар Жаметұлы.
– Ұрпақ тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесі Берік Әбдіғаппарұлының төрағалығымен бұған дейін де бірнеше рет талқыланды. Меніңше, қазір мектептер саналы ұрпақ емес, робот дайындап жатқандай. Білім беру ұйымдары оқушылардың ҰБТ-дан жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін немесе олимпиада, ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атану үшін барын салады. Тәрбие екінші орынға қалып қойды. Ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыру керек. Мектеп директоры, сынып жетекшісі, психолог айта алмайтын мәселелерді ата-аналар өзара талдап, талқылап, бала тәрбиесіне көңіл бөлмесе, бәрі бекер. Бізге отыр десең отыратын, тұр десең тұратын, бар десең баратын робот емес, үлкенді сыйлай алатын, кішіге қамқор бола алатын, қоғамға пайдасын тигізе алатын ұрпақ қажет. Бәрін профессор, ғалым, академик ету мүмкін емес. Ең бастысы оқушылардың мінез-құлқы мен іс-әрекетін түзетіп, сол арқылы тәрбиесін қалыптастыруымыз қажет, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Осы ретте аудан прокуроры А.Кемалов аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібековке білім беру ұйымдарына қызметкерді жұмысқа қабылдау барысы жөнінде сұрақ қойды. Нақтысын айтар болсақ, «Мектепке жұмысқа қабылданар маманнан соттылығы бар немесе жоқ екені жөнінде анықтама талап етіле ме?» деді прокурор.
Бұл сұраққа білім бөлімінің басшысы жұмысқа қабылдау министрліктің №57 бұйрығы шеңберінде жүргізілетінін, соттылығы жөнінде анықтама міндетті түрде талап етілетінін айтты. Осы ретте аудан прокуроры тағы бір жаға ұстатарлық мәліметті жария етіп, облыстық білім басқармасына ұсыныс жолданатынын мәлімдеді.
– Мен қазір нақты қай мектеп екенін айтпай-ақ қояйын. Бірақ мәлімет былай: бір азамат 2010 жылы сотталған. Қарапайым тілмен айтқанда, жеңгетайлықпен айналысқан. Соттың үкімі де бар. Енді сол азамат қазір біздің аудандағы бір мектепте еңбек етіп жүр деген дерек бар. Оқушы балаларды оған қалай сеніп тапсыруға болады? Жақын күндері прокуратура тарапынан облыстық білім басқармасына, аудандық білім бөліміне хатпен жолдаймыз. Меніңше қай директор жұмысқа қабылдады, кадр ісі жөніндегі маман қалай бей-жай қарады, кім тіркеді, кім ұсынды бәрі жауап беруі қажет, – деді Асқар Жаметұлы.
«Ұстаз мектепте ғана емес, өмірде ұстаз болуы керек»
Мәжілісте облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжанов санаға сілкініс жасайтын сүбелі ойларын салмақтап жеткізіп, пайымды пікірін ортаға салды.
– Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз да, басты тұлға да – ата-ана. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық секілді игі қасиеттер балаға отбасында беріледі. Сондықтан әке де, ана да балаларының жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Шайқалып, теңселіп келген әкені көрген баланың да өмірі шайқалып, теңселіп өтеді. Жас өренді білімді, тәрбиелі етіп қалыптастыру барысында жауапкершілік жүгі мектепке артылатыны түсінікті. Дегенмен, бала тәрбиесі – баршамызға ортақ іс. Мектеп, ата-ана, қоғам болып жарқын болашағымызды бірге қалауымыз қажет, – деген Асқарбек Темірбекұлы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде, оның ішінде бірлікті ту еткен Сырдария ауданында соңы өкінішпен аяқталған оқиғаның тіркелгеніне азамат ретінде қынжылысын білдірді.
– Ұстаз мектепте ғана емес, өмірде ұстаз болуы керек. Бұл менің білім басқармасының басшысы ретіндегі негізгі ұстанымым. Қазір сабағымды берсем болды немесе оқушыны олимпиадаға әзірлеп, жеңіспен оралсам болды деп қалған жұмысқа бей-жай қарайтын педагогтар шоғыры қалыптасты. Мектептегі қайбір іс-шараға да мұғалім атсалысуы қажет. Баламен, ата-анамен күнделікті сөйлесіп, күнделікті байланыс орнататын жауапты кезеңдеміз. Бұған дейін Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарғанымда түнемелік көше аралайтын едім. Сонда жасөспірімдерді көрсем, дереу полиция бөліміне, білім бөліміне хабарласып, шұғыл жиналыстар өткізетінбіз. Кейін ата-аналармен кездесуде де қатаң ескертулер жасайтынбыз. Қаттырақ айтқанда, кейбір ата-аналар кешке қорасындағы малының бар-жоғын тексереді де, үйіндегі баласының қайда екенін тексермейді. Ата-анасы бақыламаған бала білгенін істеп, бірнәрсеге ұрынады. Осы мәжілісті пайдаланып барлық ата-анаға балаларыңызға қараңыздар, оларды бақылауда ұстаңыздар, мектеппен тығыз байланыс орнатыңыздар дегім келеді, – деді басқарма басшысы.
А.Есжанов сондай-ақ мектептерде формальды іс-шаралардың көбейіп кеткенін сынға алды. Есебі жоқ дөңгелек үстелдер мен кездесулер, рейдтердің барлығы көрсеткішке бағытталып жатқанын айтып, нәтиже болмаса, пайдасы жоқ басқосуларды ұйымдастырмау керектігін айтты.
«Жүз рет іс-шара ұйымдастырып, бір құқықбұзушылықтың алдын ала алмасақ, онда оның не керегі бар? Әлде суретке түсіп, оны жариялау мақсат па? Керісінше, сапалы, мазмұнды бір іс-шара ұйымдастырыңыздар, сол арқылы көпке ой салыңыздар. Сан қуалаудың соңы сан соғып қалатын әрекеттерге алып келмеу керек. Халқымыз «Ауруын жасырған өледі» деп бекер айтпаған. Мәселе бар ма, оны ашып айту керек. Мектеп ішінде шешілмесе, онда басқа тетіктер іздеу керек, – деп түйіндеді ол.
Негізі басқарма басшысының салмақты сөзінің жаны бар. Бір әкенің берген тәрбиесін, білімін, тағылымын жүз мектеп те бере алмайды. Оның үстіне бүгінгі бала айтқанды емес, көргенді істейді, қайталайды. Сондықтан әрбір ата-ана баласының болашағына бей-жай қарамау керек. Ертең оның жемісін жейтін де, игілігін көретін де ата-ана екені белгілі. Сондықтан әр ата-ана мектеппен тығыз байланыс орнатып, баласының сабақ үлгеріміне, тәртібіне көңіл бөлгені дұрыс.
«Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды»
Мәжілісте ата-аналар да пікір білдірді. Құрылыс саласының ардагері, аудандық басылымның тұрақты оқырманы Мектепхан Елеусінов отбасылық құндылықтарды ғана емес, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау қажеттігін айтса, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің ата-аналар комитетінің мүшесі Әлия Іскендірова бала тәрбиесі – ата ана үшін күрделі, жауапты міндет екеніне тоқталды.
– Қай кезде де тәрбие мәселесінде мектеп, ата-ана, оқушы үштік одағына баса мән беріледі. Тал бесіктен берілетін тәрбиенің осал болмауы тиіс. Оған жауапты ең алдымен ата-ана. Отбасы құндылығы деген ұғым мен ұлттық құндылық екеуі бір-бірімен сабақтасып жатыр. Отбасы – шағын мемлекет. Отбасында қалыптасқан үлкенді сыйлау, мейірімділік, ізеттік, сүйіспеншілік, бауырмалдық, адалдық, тазалық қасиеттері ұласып ұлт құндылығына жетелейді. Ал ұлттық құндылық ұғымының ауқымы өте кең. Ата-балаларымыз:
«Е, Алла, бала бер,
Бала берсең, сана бер.
Сана берсең, дана бер,
Егер сана бермесең,
Есебін тап та, ала бер» деп бекер айтпаған. Осы сөзге әрбір ата-ана мән беруі керек. Өйткені бүгінгі оқушының ой-арманы, көзқарасы мен мақсаты мүлде басқаша. Біздің ата-бабамыз ықылым заманның өзінде тәрбиеге аса мән берген. Салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылығымызды нығайтуға қоғам болып атсалысайық, – деді Мектепхан Елеусінов.
Ардагер сондай-ақ бүлдіршіндер мен жеткіншектердің интернетке тәуелділігі артқанын айтты. Соның салдарынан спорт пен шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталатын алтын уақыттары зая кетіп жатқанына қынжылысын білдірді.
Өз кезегінде №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің ата-аналар комитетінің мүшесі Ә.Іскендірова ата-аналарға үндеу жолдады.
– Бала – біздің болашағымыз, ісіміздің жалғасы, ұлтымыздың ертеңі. Баланың қандай тұлға болып қалыптасары, алдағы тағдыры мен тұлғалық даму жолындағы ғұмыры тәрбие арқылы шешілмек. Ал бала тәрбиесін қазақтан артық білетін, адамгершілік заңдылықтарын сақтап қыз баланы қырық үйден тыйып, ер баланы адамгершілікке, жауапкершілікке, ер мінезділік пен шыдамдылыққа тәрбиелейтін ұлт жоқ шығар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөз бар. Қазіргі қоғамда әке мен ананың балаға тәрбие беріп қана қоюы аздық ететінін бүгінгі жас ұрпақтың іс-әрекеттерінен байқай аламыз. Демек перзентімізді ізгілікке тәрбиелей отырып, қызығушылықтарымен санаса білуіміз және сырласа алуымыз қоғамдағы жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік мәселердің алдын алмақ. Ал бұл мәселеде мұғаліммен тығыз байланыста жұмыс жасаудың көмегі мол. Себебі мектеп ешқашан қоғамнан, ата-анадан, баладан бөлінген емес. Оған оқу-тәрбие жұмыстарының заман көшімен дамып жатқаны, жүргізілетін тәрбие жұмыстарының саналуандылығы дәлел. Сондықтан да қоғам, ұстаз, ата-ана атты үштік құрылым бірлікте болуы қажет. Бұл жолда бірігу жеке тұлға қалыптастыруымызға, тәрбиелі, саналы ұлт қалыптастыруымызға сеп болмақ, – деді ол.
Мұнан соң аудан прокурорының орынбасары Ғ.Дүйсенбаев аудандағы кримоногендік жағдай туралы баяндама жасап, қабылданған шаралар жөнінде айтты. Бірқатар маңызды ұсыныстар енгізіп, қылмыстың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуы керектігін жеткізді. Осылайша жаңа жыл басында дейміз бе, әлде Аманкелдідегі оқиғадан кейін дейміз бе, әйтеуір бала тәрбиесі жайында өткен мәжілісте құнды ой-пікірлер мен нақты ұсыныстар айтылды. Күн тәртібіндегі барлық мәселе ортақ мүддеге орайласып, жас ұрпаққа жақсы қасиеттерді дарыту жолында аянбай еңбек ету қажеттігі жан-жақты сараланды.
Кеңейтілген мәжілісті аудан әкімі Б.Сәрменбаев қорытындылап, кент және ауыл әкімдеріне, тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.
– Жаңа бастамалар кезеңіне аяқ басқан уақытта ұрпақ тәрбиесіне қатысты алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Барлық шаралар жасөспірімдердің жан-жақты дамуына бағытталу керек. Өйткені бала тәрбиесіне қатысты мәселе бір ғана саланың жұмысы емес, ол тұтас қоғамның, әрбір азаматтың қасиетті парызы. Ұлт мүддесі жолында баршаңызды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, – деп аяқтады Берік Әбдіғаппарұлы.
Түйін. Ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – ол адамзаттың қас жауы, ол келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген болатын. Сапалы білім алмайтын, тәрбие қонбайтын адам жоқ. Тек жас шыбықты дер кезінде иіп, дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Ардан аттамау, әдептен озбау, ешкімге қиянат жасамау секілді қастерлі құндылықтарды оқушы санасына сіңіру – ата-ананың да, ұстаздың да, тіпті әрбір саналы адамның да міндеті. Бұл мәселе жыл басталар тұста немесе оқу жылының соңында мән беретін емес, күнделікті айналысатын өзекті мәселе. Ал оның нәтижесін уақыттың өзі көрсетеді...
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ