Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 72 жас маман қоныс тойын тойлады

72 жас маман қоныс тойын тойлады

Жас мамандардың үйлі болуына «Дип­­ломмен – ауылға» бағдар­ламасы арқылы зор мүм­кіндік жасалуда. Өт­кен жылы мемлекеттік бағ­дарлама ша­пағатын көрген жас мамандар жаңа отау­дың иесі атанды.

Негізінен, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағ­дар­­­ламасы елімізде осыдан 13 жыл бұрын қолданысқа ен­гі­зілген. Аталған жобаның мақсаты – ауылдық жерлерде жұмыс істеуге келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт жә­не агро­­­­­­өнеркәсіптік кешен саласының жас мамандарын ынта­­­ландыру болып табылады. Аудан жастарының бас­паналы болуына жол ашатын жоба бүгінде өз тиім­ділігін көрсетті. Көптеген жас маман бағдарлама бағытымен ауылдық жерлерге жұмысқа орналасып, бүгінде елді мекеннің тұрғылықты тұрғындарына айналды.

Аудандық экономика және бюд­жеттік жоспарлау бө­лімінің мәліметінше, өткен жылы аудан бойынша 105 маман­­­­ға көтерме жәрдемақы берілген. Маман­­­­­дар­дың жәрдем­ақысына бюд­жеттен 60293,0 мың теңге қаржы бөлінген. Сонымен бірге олардың тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиеге 306285,0 мың теңге қаржы қа­ралған. Соның негізінде былтыр мемлекет тарапынан бөлінген қаржы есе­бі­нен ау­­данда 72 маман қоныс тойын тойлаған. Айта кетейік, кө­тер­ме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу үшін бөлі­не­­­тін бюджеттік несие мөлшері де жылдан-жылға өсуде.

– Жас мамандардан құжаттарды қабылдау және оларға мемлекеттік қызмет көрсету мемлекеттік кор­­по­рация арқылы немесе электрондық форматта «Элек­трондық үкімет» веб-порталы арқылы кезек тәр­ті­­бімен жүзеге асырылады. Бүгінде жас мамандардың құ­жат­тарын қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Аудандық экономика және бюд­жеттік жоспарлау бө­лімі тарапынан бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй алу заңдылығы түсін­діріліп, жан-жақты бағыт-бағдар беріледі. Мем­лекеттік бағдарламаның заңдылығы бойынша не­­­­­­­­­с­ие алған азамат жақын туыстарының үйін ала алмайды. 2022 жылға көтерме жәрдемақының мөлшері 100 АЕК мөлшерімен есептеліп, бір маманға 306300 теңге қаржы берілетін болады. Яғни биыл 80 маманға 24504,0 мың теңге көтерме жәрдемақы төленеді. Қаржыландыру сәуір айынан бас­талмақ. Ал тұрғын үй сатып алу үшін берілетін несие бойынша 54 маманға 248103,0 мың теңге қаржы бөлінді. Тұрғын үй сатып алу үшін берілетін бюд­­жеттік несие кө­лемі әр маманға 4 млн 594 мың 500 теңге болып бекітілген, – дейді аудандық экономика және бюд­жеттік жоспарлау бө­лімінің әдіскері Сансызбай Сейлов.

Аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жансая Қорғанбай – мемлекет қолдауының арқасында жеке тұрғын үйге қол жеткізген сырдариялық жас маман­дардың бірі.

– Менің жарым – Наурызбай Раппазадаев көпбалалы отбасынан шыққан. Екеуміздің отасқанымызға 5 жыл болды. Қазіргі таңда екі ұлдың ата-анасымыз. Былтыр жас маман ретінде тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органға құжаттарымды тапсырдым. Соның негізінде өзіміз қалаған тұрғын үйге қол жеткіздік. Жолдасым энергетика саласында қызмет етсе, өзім өс­келең ұрпақты білім нәрімен сусындатып келемін. «Дип­ломмен–ауылға» мемлекеттік бағдарламасының жас мамандардың өмірден өз орындарын табуы үшін септігі көп. Біз бағ­дарлама бағытымен бас­паналы болғанымызға қуа­ныш­ты­мыз, – дей­ді жас ұстаз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ 

08 ақпан 2022 ж. 450 0