Оқырманның пікірі маңызды
Әлеуметтік желінің әлеуеті артып, ақпарат алатын да, жаңалық тарататын да тетіктер көбейген кезеңде мерзімді басылымға деген халықтың сұранысы төмендегені жасырын емес. Бұл журналистердің қарым-қабілетінің немесе кәсіби тәжірибесінің аздығынан емес, заманның ағымы, жаһанданудың кезекті даму үдерісі. Десе де баспасөздің қадірін білетіндер әлі де бар және ол бола бермек. Биыл 85 жылдық тарихи белеске қадам басатын аудандық басылым 2024 жылдың алғашқы нөмірін жарыққа шығаруда.
Қалай десек те мерзімді басылым билікке де, халыққа да қажет. «Газетті қазір ешкім оқымайды» деген бірен-сараң пікірге бола, баспасөздің тамырына балта шабар болсақ, онда бұл аудан тарихы мен шежіресін қаттауда өзіндік орны, жаңалық тарату мен ақпараттық-насихаттық жұмысты жүргізуде ерекше ықпалы бар газетке және оның тұрақты оқырмандарына жасалған қиянат болары сөзсіз. Сондықтан басылым қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті атқару бағытындағы жұмысын жауапкершілікпен жалғастыра беретін болады.
Қалай десек те мерзімді басылым билікке де, халыққа да қажет. «Газетті қазір ешкім оқымайды» деген бірен-сараң пікірге бола, баспасөздің тамырына балта шабар болсақ, онда бұл аудан тарихы мен шежіресін қаттауда өзіндік орны, жаңалық тарату мен ақпараттық-насихаттық жұмысты жүргізуде ерекше ықпалы бар газетке және оның тұрақты оқырмандарына жасалған қиянат болары сөзсіз. Сондықтан басылым қызметкерлері өзіне жүктелген міндетті атқару бағытындағы жұмысын жауапкершілікпен жалғастыра беретін болады.
Президенттің пәрменімен ашықтық пен жариялылық қағидаты қазір барлық салаға батыл енгізілуде. Осыған орай аудандық газет те оқырмандармен ашық байланыс орнатуға, олардың ұсыныс-пікірін тыңдауға, жүзеге асыруға толық дайын. Газеттен кім не оқығысы келеді, журналистер оны жазып, сараптауға әркез қауқарлы. Ол үшін біздің байланыс нөмерлерімізге хабарласып немесе әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазуға болады. Осы ретте аудандық газеттің электронды форматта да жаңалық таратып жатқанын айта кету орынды.
Басылым тірегі – ойлы оқырман. Бұл қанатты қағида біздің жұмысымыздың басты негізіне айналды. Шығармашылық топ өкілдері оқырман қауыммен ашық байланыс орнатып, тығыз жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде жаңа айдарлар ашылып, мақалалар топтамасы әзірленіп, түрлі сала өкілдерінің жұмысы мен жетістігі кеңінен насихатталуда. Бұл біз үшін де, оқырман қауым үшін де өте тиімді. Себебі, басылымды тұрақты оқырмансыз елестету мүмкін емес, оқырман да біздің мазмұны байыған басылымымызды асыға күтетініне сенеміз.
Газетіміздің былтырғы жылғы қорытынды нөмірінде аудан әкімінің сұхбаты жарияланды. Сұхбатта аудан басшысы әрбір сала басшысы газет арқылы атқарып жатқан жұмысын насихаттауға күш салуы қажеттігін айтып өтті. Енді біз арнайы кесте әзірлеп, оны әкіммен бекітіп, әрбір салаға жеке дара бет арнайтын боламыз. Осы орайда оқырмандар аудандағы жергілікті атқарушы органдарды басқаратын қай басшыға қандай сұрақ қойғысы келсе, біз арқылы жолдаса болады. Біз ол сауалдың жауабын міндетті түрде газетімізде жариялауға уәде береміз.
Газет арқылы келелі мәселелер көтеріп, оның түйінін тарқатып, оқырман қауымның көңілінен шығу, оң бағасын алу – редакция тілшілеріне қойылатын бірден-бір талап. Осы талаптың үдесінен шығып, жаңалықтардың жаршысы бола алсақ, абыройымыздың артқаны, мерейіміздің өскені деп білеміз. Ендеше, «Оқырман мен басылым – бір ұғым» деп ойымызды аяқтап, ауданды қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамыту бағытында оқырман қауыммен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіземіз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ