Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ ханы Қайып Мұхаммед пен Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің хаттары көрмеге қойылды

Қазақ ханы Қайып Мұхаммед пен Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің хаттары көрмеге қойылды


Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен және Түркияның Қазақстандағы Елшілігі, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қолдауымен «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым –қатынастарының құжаттары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылған.
Ол құжаттардың қатарында Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған Османлы сұлтаны ІІІ Аxметтің хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммед жолдаған он бөлек сый-сияпат тіркелген дәптердің көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);
Қазақ ханы Қайып Мұхамметтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы (1714 жылғы 16 қаңтар);
Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі (хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендері, әр дайым дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы 14 желтоқсан);
М. Лессардың Орталық Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» деп аталатын рапортының таныстырылымы (1883 жыл);
Түркістан аймағының Берлинде басылған картасы (1862 жыл) тәрізді маңызды құжаттар бар.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, осындай мәдени шаралар жүргізіліп жатқанына қуаныштымыз. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 25 жыл толуын мақтанышпен атап өткен едік. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел ретінде тарихы, діні, ділі, мәдениеті ортақ екі мемлекеттің қарым-қатынасының күн сайын нығаюы көкірегімізде мақтаныш сезімін ұялатады. Әрине, Түркия мен Орталық Азияның байланыстары жаңа тарихтың еншісіндегі дүние емес. Осман мемлекеті сонау он алтыншы ғасырдан бері бұл өлкеге маңыз беріп, Орталық Азияның Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарына елшілерін жіберу арқылы бауырлас елдермен саяси-экономикалық қатынастарын дамытуға үлес қосқан. Міне, осындай ортақ терең тарихымыздың аса құнды деректерін бөлісу мақсатында біз сіздермен осы арада жиналып отырмыз», - деді Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Ұянык көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
«Османлы мұрағаттарында мұндай деректер өте көп. Әлемнің 40-тан астам еліне қатысты дерек сақталған. Қазіргі кезде Османлы архивінде 95 млн құжат пен түрлі деректер жазылған 400 мың дәптер бар. Күн сайын бұл мұрағатқа әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам зерттеуші келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Осы тұрғыда, қазақстандық бауырларымыз да келіп, өз тарихтарына қатысты деректерін іздеуге болады. Біздің есігіміз әрқашан айқара ашық» - дейді Түркия республикасының Премьер-министріне қарасты мұрағаттар басқармасының бас директоры, доктор, профессор Уғұр Үнал.
Сондай-ақ, Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қарым-қатынастарын көрсететін басқа хаттар, маңызды деректер мен карталар да көрмеге қойылып отыр.Экспонаттардың арасында Түркия Мемлекеттік архивінің тартуы ретінде қазақтардың Түркияға көшіне қатысты қосымша құжаттар да бар. «Османлы мемлекеті мен Орталық Азия хандықтары қарым-қатынастары құжаттарының» көрмесі 20 мамырға дейін жалғасады.












15 мамыр 2018 ж. 1 108 0